Аймақтар • Бүгін, 08:30

Хакімге арналған велошеру

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандыдағы Абай атындағы мектеп-гимназиясы қашанда ұлттық іс-шараларға ұйытқы болып жүр. Жақында мектептің бастамасымен ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына орай «Абай велошеруі» де сән-салтанатымен өтті.

Хакімге арналған велошеру

Сурет: youtube.com

Велошерудің ашылу салтанатында гимназия оқушылары Әл-Фараби Ілияш, Айбота Сия ақын өлеңдерін оқып, қаты­сушыларға жігер мен шабыт сыйлады. Қалалық білім бө­лімінің басшысы Есентай Әшім велошерудің ашылуымен құт­тықтап, веломарафонның маңы­зына тоқталды.

– Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойында орай ұйым­дас­ты­рылып отырған игі істің Абай есімін иеленген мектептен бас­тау алып жатқаны қуанышты. Ұлтымыз үшін, ел болашағы үшін Абайдың қылған қызметі, айтқан ой-толғамдары әрқашан маңызды. Хакім Абайдың «Толық адам» ілімін қалыптастыруда мектеп ұжымы мен ата-аналар қауымының атқарып жатқан еңбегі зор, – деді Есентай Әшім.

Белгілі велошабандоз, «Толық адам және төрт даму», «Абай арқылы ағылшынша үйрен» жобаларының авторы Ернат Рахметолла велоспорттың адамға тигізер пайдасымен бөлісті.

– Велобекеттері бар, инфра­құры­лымы дамыған Алматы, Астана қалаларын толықтай велоқала деп атауға болады. Біздің басты мақсатымыз – қазыналы Қарағанды қаласын да сол деңгейге жеткізіп, жаңа мүмкіндіктерге ие болу. Осы уақытқа дейін біраз велошеру ұйымдастырдық. Абай атамызға арналған велошеруді алдағы уақытта бұдан да ауқымды түрде, шығыс елінде, ақынның туған жерінде дүбірлетіп өткізуді көздеп отырмыз, – дейді Ернат Мелсұлы.

Мектеп ауласынан бас­тау алған велошеру Абай ескерт­кіші жанында жалғасын тапты. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері жөнінде сөз қозғаған ғалым, филология ғылым­да­рының докторы Жандос Смағұлов мұндай саламатты өмір салтын насихаттайтын іс-шара дәстүрге айналса деген тілегін білдірді.

Велошеруге қатысушылардың келесі межесі орталық саябақ болды. Олар бастапқы орыннан мәре сызығына дейін саябақ аумағындағы үш негізгі аялдаманы басып өтті. Алғашқы «Ақиқат сөзі» аялдамасында велошабандоздар Абайдың өлеңдерін оқыды. Келесі «Хакім жүрегі» бекетінде ақынның әндері шырқалса, соңғы «Қара сөз кеңес» аялдамасында Абай атамыздың қара сөздері талқы­ланып, қатысушылар өзара пікір алмасты.

Спорттық іс-шараның мә­ресіне жеткен барлық велошабандоз арнайы медальдармен, қалалық ішкі саясат бөлімінің Алғысхатымен марапатталды. Іс-шараның өтуіне ұйытқы болған Абай атындағы мектеп-гимназиясының директоры Жадыра Сабырқызы қатысушыларға ерекше алғысын білдірді. Алдағы уақытта вело­жүйріктер Абай еліне баруды көздеп отыр.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар