Жемқорлық • Бүгін, 09:12

Жемқорлыққа қарсы жоба

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті алдына мақсат етіп қойған жаңа жоба өмірге келді. «Әділ қоғам» деп аталатын бұл қоғамдық бастама «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында қолға алынып, оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы бірлесіп мұрындық болды.

Жемқорлыққа қарсы жоба

Кеше Астанада мәдени және білім бағдарламалары арқылы сыбайлас жемқорлық­қа қарсы дүниетанымды нығай­ту мен кеңейтуге бағытталған жобаның таныстырылымы өтті. Оған Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, елдің ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында алғашқы сөзді алған агенттік төрағасы А.Жұма­ғали қазақ халқының ұлттық дәс­түр­лері ежелден-ақ әділдік, адал­­дық пен парасат құнды­лық­тарын қалыптастырғанын атап өтіп, қолға алынып жатқан жаңа бастаманың болашағы жарқын боларына сенім білдірді.

«Қазақ дүниетанымын­дағы бұл идеалдар ұрпақтан-ұрпақ­қа беріліп, аңыздардан, мақал­дардан, өлеңдер мен әдет-ғұрыптан көрініс тапты. Рухани мұраға бай ұлттық мәде­ниет халық арасында адам­гершілік нормалары мен қағидаттарды құрметтеуді тәрбиелеуге негіз болды. Осылайша, ұлттық мұраны, отбасылық және қауымдық дәстүрлерді құрметтеу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтарды құра отырып, адал қоғамды қалыптастыру үшін берік іргетас қалаймыз», деді ол.

Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева өз сөзінде әділ қоғам құру жолында бірлесіп әрекет ету, рухани құндылықтарды сақтау мен дәріптеу басты парызымыз екенін айта келе, «Әділ қоғам» жобасы осы ортақ мүдде жо­лын­дағы нақты қадамдардың бірі екенін тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында елге және заңға қызмет етуге бел буған әрбір азамат адамгершілік пен әділдік құндылықтарын басшылыққа алатынын әрі мұндай қасиеттер ең алдымен тәрбие арқылы берілетінін атап өткен еді. Сондықтан біз әр азаматтың бойына адалдықты дарыту, жастарды парасат пен ізгілікке баулу жолында бірлесе жұмыс істеуге тиіспіз. Осылай ғана тұрақты, сенімді, адамгершілікке негізделген қоғамды қалыптастыра аламыз. Президент атап өткендей, 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайған. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеп, кісі өлтіруге қатысты қылмыс 30 пайызға кеміген. Тағы бір айта кетерлігі, қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға төмендегені белгілі болып отыр», деді министр.

А.Балаева Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық даму, азаматтық ұстанымды қалыптастыру, жастардың интеллектуалды және шығар­машылық әлеуетін артты­ру, ақ­параттық-идеологиялық на­сихат жұмыстары бойынша бірқатар нақты жобаны жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Министрдің айтуынша, мәдениет – жай ғана эстетикалық кеңістік емес, ұлттың жан дүниесі, адамгершілік өлшемі. Сондықтан мәдениет пен парасат, әділдік пен адалдық әрдайым қатар жүруге тиіс.

«Әділ қоғам» жобасы осы бай мұраны заманауи ағар­ту ісімен ұштастырып, сыбай­лас жемқорлыққа қарсы қоғам­дық сана мен мәдениетті қалып­тас­тыруды көздейді. Бұл баста­маға шығармашылық зиялы қауым, мәдениет саласы өкіл­дері мен үкіметтік емес ұйым­дарды қосып, ортақ мүддеге жұмылдырудың маңызы зор деп білеміз. Оны жүзеге асыру барысында мәдени мұрамызды, ашық диалогке арналған алаңдарды, театр мен көркемөнердің мүмкіндігін кеңінен пайдалануға ниетті­міз. Себебі шынайы өзгеріс адамның ішкі дүниесінен, сана өзгерісінен басталады», деді ол.

Осы жобаға ұйытқы бол­ған ұйымның бірі ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәде­ниеттерді жақындастыру орталығы басшысының орынбасары Салтанат Әшімова жаңа бастама халқымыздың асыл мұраларын жаңғырта отырып, оны қазіргі қоғамға бейімдеуді, рухани құндылықтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетпен ұштастыруды көздейтінін айта келе, нақты қандай іс-шаралар жүзеге асатынын айтып өтті.

«Абай, Шәкәрім, Бұқар жырау және басқа да ойшыл­дардың еңбектері негізінде пікірталастар, әдеби кештер, диа­логтік клубтар өткізу, адалдық пен әділет тақыры­бында бейнероликтер, под­кастар, деректі фильм­дер әзірлеу, жастар арасында түрлі байқау ұйым­дас­тырып, халық ауыз әде­биетін­дегі ізгілікке қатысты мәтіндерді, қанатты сөздерді жинақтау, «Ұлы дала әдебі­нің кодексі» атты кітап шыға­ру, театрландырылған қойы­лымдар мен мәдени фестиваль­дар өткізу, оқу орындарында арнайы курс­тар, тренингтер, семинарлар, халықаралық деңгейде форумдар, конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру және мәдени ынты­мақтастық орнату көз­деліп отыр. Жобаның жүзе­ге асуы – парасаттылық мәде­ниетін қалыптастырудың тиімді құралы», деді ол.

Іс-шара барысында сенатор Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары Марат Бәшімов пен Айдос Сарым, ақын Ақұш­тап Бақтыгереева, өзге де қатысу­шылар сөз алып, «Әділ қоғам» жобасының міндеттері мен келешегі жайында ойларын ортаға салды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Әділетті Қазақстанды құру – жай ұран емес, нақты іс-қимыл жоспары. Әрбір азамат өз елінде лайықты өмір сүруге құқылы». Сондықтан бұл – әрқай­сымыздың ортақ борышымыз, ортақ мақсатымыз. Әрбірі­міз өз саламызда әділеттілік қағи­датын ұстанып, қоғамның дамуы­на үлес қосуымыз керек», деді Сенат депутаты Н.Жүсіп.

Жиынға қатысушылар бұл жоба қоғам белсенділерін, белгілі қоғам қайраткерлерін біріктіріп, ашық қоғамдық диалог алаңына айналарына сенім білдірді.