Қаржы • Бүгін, 10:00

Тапшылық – дағдарыс емес

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылдың алғашқы 5 айында республикалық бюджет түсімі жос­пардан 1,2 трлн теңгеге кем болды. Алайда Үкімет шығындарды 1 трлн теңгеге қысқартып, тапшылықты 1,03 трлн теңгемен шектеді. Қаржы министрлігінің дерегінше, 1 маусымға дейін республикалық бюджетке 8,8 трлн теңге түсті. Бұл жоспарланған 10 трлн теңгеден 12%-ға аз. Әсіресе салықтық түсімдер айтарлықтай төмендеп, 5,54 трлн теңге болды (жоспар 5,61 трлн теңге). ҚҚС бойынша түсім 8,1%-ға орындалмай қалған. Керісінше, салықтан тыс түсімдер 38%-ға асыра орындалыпты.

Тапшылық – дағдарыс емес

«Бюджет тапшылығы – дағдарыс­тың емес, дамудың көрінісі. Ол әрдайым жағымсыз дүние ретінде қарастырылмауы керек. Кейде мемлекет үшін дәл қазіргі сәтте көбі­рек жұмсау болашақтағы тұрақ­тылық пен өсімнің алғышарты болады. Бұл әсіресе инфрақұрылым, білім, медицина секілді салаларға қатысты. Кейінгі 20 жылда ІЖӨ-нің 2-3%-ы шегіндегі тапшылықпен өмір сүріп келеміз. Бұл – халықаралық тәжірибеде қауіпсіз көрсеткіш. Дамыған елдерде бұл шек 5-8%-ға дейін жетіп жатады. Ал біз әлі күнге дейін мұндай қалыпты жағ­дай­дан үрей көреміз. Бізде, өкінішке қарай, Ұлттық қордан трансферт азаюы тапшылықты визуалды түрде үл­кей­тіп көрсетіп отыр», дейді экономист Олжас Құдайбергенов.

Саралап қарасақ, тапшылықтың негізгі себебі – Ұлттық қордан түсетін трансферттердің азаюы. Жоспарланған 3,875 трлн теңгенің орнына 2,62 трлн теңге ғана бөлінді. Соның ішінде, 2 трлн теңге – кепілдендірілген трансферт, 620 млрд теңге – мақсатты трансферт. Бұл үдеріс тапшылықтың тереңдеуіне әсер етті.

«Тапшылықты азайтқымыз келсе, онда көлеңкелі экономикамен күресті бірінші орынға қоюымыз керек. Қазір ІЖӨ-нің кемінде 30%-ы, еңбекақы төлемдерінің 50%-ы көлеңкеде жүр. Бұл қазынадан үлкен резерв жасырынып жатқанын білдіреді. Осы көлемді ашық экономикаға алып шығу арқылы ғана тапшылықты түбегейлі қысқарта аламыз. Қазіргі бюджеттің құрылымы – ескі жүйе. Ол 2000 жылдардағы жағ­­дайға бейімделіп жасалған. Соны өз­гертсек еліміз 3-4 жылда профи­­­цит­тік бюджетке шығады», дейді сарапшы.