Байқау • Бүгін, 08:50

Өнерлілер «Жұлдызды жолда» бақ сынайды

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясы павильондарының бірінде «Жұлдызды жол» музыкалық жаңа жобасының түсірілімі басталды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша қолға алынған бұл инновациялық тартымды жоба ел ішінде танылмай жүрген жас таланттарды тауып, олардың сахнада өнер көрсетіп, шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік беретін бірегейлігімен маңызды.

Өнерлілер «Жұлдызды жолда» бақ сынайды

Ірі өнер орталықтарынан алыста, шалғай өңірдің аудан-ауылдарында елеу­сіз өмір сүріп жүрген жастар қабілеті бола тұра, өздігі­нен ауқымды алаңдарға жолдама тауып, кәсіби қолдауды сезіне бермейді. «Жұлдызды жол» жоба­сы қалтарыста жүрген сол жастарды тауып, көпке таныстырып қана қоймай, сахна талап ететін білім мен қарымды сіңіре отырып, музыкалық әлеуетін дамытуды көздейді. Жаңа ұрпақ­тың ең жарқын өкілдерін бір алаңға біріктіруді мақсат еткен телевизиялық талант-шоу бағ­дарламасы ең дарынды жасты іріктеп шығармақ.

«Жұлдызды жолдың» бұған дейінгі осы тектес музыкалық жобалардан басты ерекшелігі – оның үш санаттан тұратыны. Телевизиялық сайыс вокал, классикалық аспаптар және халық аспаптары бойынша сараланады. Бүкіл еліміз бойынша digital-кастинг өткізіліп, үш апта ішінде ұйымдастырушылар елдің түкпір-түкпірінен 354 өтінім қабылдады. Қатысушылар ішінде мектеп оқушылары, студенттер, дарынды жас музыканттар бар. Жобаға вокал санаты бойынша 204 өтінім келіп түскен. Классикалық аспаптар бойынша – 81, ал халық аспаптары бағытында 69 өтінім тіркелді. Іріктеу кезеңінің өзі бірнеше саты бойынша жүргізіліп, мамыр айында қатысушылар онлайн тыңдауға қатысып, олардың өнерін саланың кәсіби мамандары тыңдап, бағалады. Сыннан сүрінбей, сәтті өткен қатысушылар келесі кезеңге жіберілді. Осы қатысушылардың арасынан іріктеліп шыққан 48 адам қазір Алматыға келіп, шығармашылық лагерьде дайын­­дықты бастап кетті», дейді жоба­ның креативті продюсері Гулахча Акриева.

Үздіктерді анықтайтын музы­калық байқаудың бірінші кезеңіне қатысатын 48 орындаушының өнерін қазылар алқасы мұқият саралап, маңызды шешімін айтады. Ауыр да болса, әр категориядан бір қатысушыдан шығарылып, жеңіс жолындағы жолын жал­ғас­ты­ру үшін үш қатысушы келесі кезеңге өтеді.

«Мықтылардың дуэлі» аталатын жобаның екінші кезеңін­де 36 өнерпаз ғана қалады. Бірі қуанып, бірі жабырқап, түрлі көңіл күйді бастан кеше жүріп, осы кезеңге жеткен қатысушыға жүктелер жауапкершілік пен талап та қиындай түседі. Енді әр санаттағы әр эпизод сайын сахнаға 6 қатысушы шығып, жұп­тасып өнер көрсетеді. Екі өнер­паз ортақ шығарманы орындау арқылы дербес дарынын көр­сетіп қана қоймай, сахнадағы се­рік­тесімен үйлесімді өнер көр­сете алатынын дәлелдеуі керек. Сахнада өзін сенімді ұстау, ше­бер­лік, қазылар алқасы мен көрер­мен жүрегін жаулай алу секіл­ді то­лып жатқан талапты орын­дай алғандары ең басты кезең – «Көрер­мен көзайымына» айна­лу бақытына бастайтын айна­лымға өтеді. Бұл кезеңде жоба­да ең мықты, есте қалатын 18 өнер­­паз ғана қалады. Соңғы сайыс­­тағы шешуші сәт көрермен дауы­­сы арқылы бағаланады. Ал ақтық мәреге жеткен алты қа­ты­­су­шы­­ның бағы әлеуметтік же­ліде дауыс беретін көрермен тал­ға­мына тәуелді болмақ. Ақтық сын – Гала концерт телеарнаның тіке­­­­лей эфирінде өтіп, шарықтау ше­­гіне жеткен өнер шайқасында кө­­рер­­меннің сүйіспеншілігіне бө­ле­­ніп, жеңіске жеткен қаты­су­шы­­ның аты-жөні жариялана­ды. Осы­­лайша, көрермендер қа­ты­­су­­шы­ның өнердегі алғашқы қа­да­­мынан бастап үлкен сахнаға дейінгі жолына тікелей куә болады.

Жаңа маусымның теле­ви­зия­лық тұсаукесері биыл қазан айында, күзгі телемаусымға жос­парланған. Жас әртістермен Қанат Омаров, Абылай Тілеп­бер­ген және Нұргүл Нұғыманова секілді танымал мамандар жұ­мыс істейді. Олар үздіктерді таң­дауға көмектесіп, тәлімгерлік етеді. Ал жобаның жүргізушісі – белгілі эстрада әншісі Әли Оқа­пов. «Жұлдызды жол – 2025» – жай ғана телевизиялық бай­қау емес, бұл – ұрпақтарды сабақ­тастыратын, өңірлерді бірік­ті­ретін мәдени қозғалыс. Сахнада жаңа есімдердің танылып, заманауи әуен мен қазақ музыкасының жаңа буынын қалыптастыруға серпін беретін кәсіби мүмкіндік.

 

АЛМАТЫ