
Халық қалаулылары бұл үрдісті алаңдатарлық деп санайды. Олардың пікірінше, мектеп әкімшілігі тек оқу-тәрбие үдерісіне жауап береді. Ал сабақтан тыс уақытта орын алған жағдайлар үшін білім беру мекемелерінің басшыларын жазалау – қисынға да, заңға да сыймайтын шешім.
«Ертең мен де жұмыстан шығып қалам ба? Негізсіз жауапкершілікке тартылам ба?» деген қорқыныш мұғалімдер мен басшылардың арасында күнделікті жағдайға айналды», дейді Ерболат Саурықов.
Ауылдық жерлердегі ахуал одан да күрделі. Бүгінде шалғай ауыл мектептерінде директор мен оқу меңгерушісі қызметтеріне білікті кадр табу – үлкен түйткілге айналған. Осыған байланысты депутаттар бұл мәселенің түп-тамырына үңіліп, заңнамалық өзгерістер арқылы жүйелі шешім шығаруды ұсынады.
«Біздің көтеріп отырған мәселеміз – тек кадр мәселесі емес, бұл – ауыл мектебінің тағдыры туралы мәселе. Егер ауыл мектебінде білікті басшы болмаса, онда ауыл балаларының болашағына да қауіп төнеді деген сөз».
Аталған мәселеге қатысты заңнамалық базаға көз жүгіртсек, «Білім туралы» Заң мектеп әкімшілігінің тек оқу-тәрбие процесіне жауапты екенін анықтайды. Ал ата-аналардың жауапкершілігі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте қарастырылған. Алайда «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Заңда кәмелетке толмағандардың мінез-құлқы мен тәртібіне қатысты нақты әрі толыққанды нормалардың жоқтығы заңнамадағы олқылық ретінде бағаланып жатыр.
«Біз бұл жағдайды құқықтық олқылық деп есептей отырып, оны заңнамалық тұрғыдан толықтыру қажет деп санаймыз», дейді депутат.
Осыған орай, депутаттар Үкіметке бес нақты ұсыныс жолдап отыр:
Біріншіден, мектеп директорларын сабақтан тыс уақытта болған құқықбұзушылықтар үшін жауапқа тартуға болмайтыны жөнінде ресми түсіндірме беру.
Екіншіден, «Білім туралы» және «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңдарға түзетулер енгізу.
Үшіншіден, кәмелетке толмағандардың құқықбұзушылықтарының алдын алу тетіктерін нақтылап көрсететін және ата-аналардың жауапкершілігін баса белгілейтін арнайы нормаларды заңмен бекіту.
Төртіншіден, ауыл мектептеріндегі кадр тапшылығын болдырмау үшін педагогтердің құқықтық қорғалуын арттыруға бағытталған жүйелі шаралар қабылдау.
Бесіншіден, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, сабақтан тыс және демалыс уақытындағы оқушылардың тәртібі үшін ата-аналардың жауапкершілігін нақтылайтын қосымша нормаларды әзірлеу.
«Барлық дамыған елдерде мектеп басшылары тек оқу процесі мен ресми мектеп іс-шаралары аясында ғана жауап береді. Басқа жағдайларда, ата-аналар толық жауапты. Бұл – әділетті және тиімді тәсіл», деп атап өтті фракция өкілі.