Сенат • Бүгін, 09:10

Сенат Салық кодексіне түзетулер енгізуді ұсынды

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, онда депутаттар маңызды заңдар топтамасын қарады.

Сенат Салық кодексіне түзетулер енгізуді ұсынды

Сенаторлар алдымен жаңа Салық кодексін және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап, талқылады. Бұл заңдар Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында белгілеп берген міндеттерді іске асыру мақсатымен әзір­ленген және қолайлы бизнес-орта мен инвестициялық ахуал қалып­тастыруға бағытталған. Олар салық төлеушілерге ел аумағындағы экономикалық қызметті жүргізу жағдайларының тұрақтылығы мен айқындылығына негізделген өз қызметін анықтауға мүмкіндік береді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының дамуына үнемі баса мән беріп келеді. Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының тиімділігіне тікелей байланысты екені анық. Осыған орай Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмасын іске асыру үшін фискалды реттеу ісін қайта жаңғыртуды көздейтін жаңа Салық кодексі әзірленді. Кодекстің мақсаты – салық жүйесінің әділ, тиімді және жаңа экономикалық даму талаптарына сай болуын қамтамасыз ету. Осы ретте құжатта экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесі қарастырылып отыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне, әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар жекелеген салаларда жеңілдетілген мөлшерлеме белгіленді. Сондай-ақ дифферен­циалды корпоративтік және жеке табыс салықтары енгізілді. Бұдан былай аса қымбат мүлік иелеріне де «сән-салтанатқа салық» салынатынын атап өткен жөн», деді спикер.

Сонымен қатар М.Әшімбаев жаңа Салық кодексінің тағы бір басым­дығы салық төлеушілермен қарым-қатынастардың сервистік моделіне көшу екенін айтты. Инвесторларды ынталандырудың қосымша шаралары және табиғи ресурстарға салық салу тиімділігін арттыру бойынша жаңа нормалар көзделген. Құжатта арнайы салық режімдері мен салықтық жеңіл­діктер де оңтайландырылған.

Сенаторлар заңдарда қарастырылған нормаларды концептуалды тұрғыдан қолдап, кодекске бірқатар түзету енгізуді ұсынды.

«Палата жаңа Салық кодексін қарау барысында оның жекелеген ережелерін мемлекеттің, шағын және орта бизнестің, сондай-ақ қоғамның мүддесін ескере отырып, қайта қарауды ұсынды. Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерді, шағын және орта кәсіпкерлік, қор нарығы субъектілерін және экономиканың басқа да салаларын қолдау көзделген. Алдағы уақытта бұл қаралған жаңа Салық кодексі Президенттің бастамасымен жүргізіліп жатқан реформаларды табысты іске асыруға, ұлттық экономиканы серпінді және тұрақты дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Талқылау нәтижесінде Сенат жекелеген баптардың жаңа редакциясын ескере отырып, Салық кодексін және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды Мәжіліске қайтарды.

Депутаттар екі оқылымда қарап, мақұлдаған келесі заң тұрғын үй қаты­настары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредит­тік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң ашықтықты арттыру­ға және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге арналған. Сондай-ақ кондоминиум объектісін басқарудың екі нысанын енгізу, тұрғын үй инспекциясының құзыреттерін кеңейту және жылыту маусымына инженерлік желілер мен жабдықтарды, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін лифтілер мен көтер­гіштерді, өртке қарсы жүйелерді бақылауды қамта­масыз ету мәселелеріне баса мән берілді.

Палата отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндет­ті төлемдер туралы» Қазақстан Респуб­ликасының Кодексіне (Салық кодексі) және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралды. Сенатор­лар құжатты жекелеген баптарға қатысты ұсыныстардың жаңа редакция­сымен Мәжіліске қайтарды. Енгізілген түзетулердің негізгі мақсаты салық сая­сатын және салық салудың жекелеген тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ жеке тұлғалардың табыстары мен мүліктерін жалпыға бірдей декларациялау жүйесін оңтайландыру екенін айта кеткен абзал.

Сенат депутаттары күн тәртібіне шығарылған «Қазақстан Респуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодексіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Заңдағы маңызды түзетудің бірі – көппәтерлі үй мүлкінің меншік иелері бірлестігінің төрағасы мен кондоминиум объектісін басқару субъектісі үшін кондоминиум объектісін басқару жөніндегі ай сайынғы және жылдық есептерді ұсыну мерзімдерін бұзғаны үшін жеке жауаптылық енгізу болды. Бұдан басқа, айыппұлдар үйді басқаруды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаға қолданылады деген ескертпе көзделген.