Спорт • Бүгін, 08:00

Ақселеу турнирі мәреге жетті

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарса­ңында қазақтың қарымды қаламгері Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған дәстүрлі XIV бильярд турнирі өтті. Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйым­дас­тырған дода­ға қырықтан аса журналист пен зиялы қауым өкілі қа­тысты.

Ақселеу турнирі мәреге жетті

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жылдар өткен са­йын дең­гейі мен ауқымы артып келе жатқан, биыл 14-мәрте өткі­зі­ліп отырған турнирде елге есімі елеулі ел ағалары – көр­нек­ті жазушылар Төлен Әбдік пен Қойшығара Салғараұлы, Оқу-ағарту министрі Ғани Бей­сем­баев пен сенатор Нұртөре Жүсіп тұ­ғырлы тұлға туралы есте­лік­терімен бөлісті.

Іс-шараның ашылу салтанатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев министр­лік Еуразия ұлттық универ­ситетімен бірлесе Ақаң­ның артында қалдырған мұра­ларын зерттеп-зерделеуге бай­­ланысты жұмысты бас­­тағанын, Ақаң­ның әндері мен шығармалары, журна­лис­тикадағы еңбекте­ріне ғылыми зерттеу жұмыста­рын жүргізіп, республикалық байқау өткі­зу­ді жоспарлап отыр­ған­­дарын сүйіншіледі.

Ал Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп: «Ғалымның хаты өлмейді, жақ­­сының аты өлмейді» деген қазақта мақал бар. Бүгінгі дода соны айғақтайды. Бұл турнирді жур­налистер бас қосып қана қой­май, елдің ертеңіне қатысты ой-пікір алмасып, салаға қатыс­ты мәсе­лелерді талқылап, ойнай жүріп ойласатын жиын деп айтуға болады», деді өз сөзінде.

ЕҰУ жанындағы Жур­на­лис­тика мәселелерін зерттеу инс­­титутының директоры Қай­рат Сақ кезекті тас­таяқ­­шылар сайы­сы­­ның шарт­­­­тарымен таныс­тыр­ды.

«Биыл­ғы ерекшелік жас­тар мен ақса­қалдарымыз бө­­ліп-жармай бір үстелдің ба­сында әңгімелерін айта жү­ріп ойнасын деп, жарысты бірге өткізіп отырмыз. Тек ақса­қал­да­­ры­мызда реніш болмауы үшін ол кісілерге жеңілдік жа­са­дық. 40 жасқа дейінгілер 40–60 жас­тағыларға бір шар, ал 60 жас­тан асқан­дарға 2 шар жеңілдік береді деп шештік», деді жиын басында.

Осылай журналистиканың жолбасшылары мен қалам­гер­лер, медиаменеджерлер мен жас жур­налистер жарыс көрі­гін қыздырды.

Турнирді ұйымдас­тыру­­­шы­лар белгілі қалам­герлер атын­дағы жүлде­лер де таға­йындады. Оралхан Бөкей атын­дағы жүл­де – Сәді­бек Түгелге; Кәрібай Ахмет­бе­ков атындағы жүлде – Кәрім­бек Құрманалиевке; Ақселеу Сей­дімбек атындағы жүлде – Нұр­төре Жүсіпке; Серік Әбді­райымұлы атындағы жүлде – Дархан Мыңбайға; Қуанышбай Құр­манғалиев атындағы жүлде Қойшыбай Есен­таевқа беріл­ді. Одан бөлек «Ең сыйлы бильярд­шы» жүлдесін – Қой­шығара Сал­ғара­ұлы, «Ең мәдениетті бильярд­шы» жүлдесін – Төлен Әбдік, «Ең шебер бильярдшы» жүлдесін – Алтынбек Нұх­ұлы, «Ең мерген бильярд­шы» жүлдесін – Әлім­жан Са­быр­жанұлы, «Ең шап­шаң бильярд­шы» жүлдесін – Шар­хан Қа­зығұл, «Техникасы мықты тас­таяқшы» жүлдесін – Марат Ма­насбаев, «Ешкімнің көңі­лін жықпаған бильярдшы» жүл­десін Қайрат Мұсақұлов алды.

Турнир қорытындысында белгілі айтыскер ақын, АЛЖИР мұ­ра­жайының директоры Дәу­лет­керей Кәпұлы І орынды, жур­налист, Батыс Қазақстан об­лысы әкімдігінің аппарат басшысы Нұрділда Ораз ІІ орын­­ды, ал ақын Ұларбек Нұр­ға­­лым­ұлы ІІІ орынды иеленді.

Жалпы, тастаяқшылар додасына қатысушылар тағылымға толы турнирді жоғары дең­гейде ұйымдастырған Еуразия ұлт­тық университеті ұжымына алғыстарын айтып тарқасты.