
Білімнің басы – белгісіздік. Қазақ «білгенім – тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» дейді. Даналық «тоқсан тоғызда», яки оған ұмтылыс даналықтың болмысы деуге болады. Мұндағы «тоғыз» – барлық. «Тоқсан тоғыз» – жоқтық. Себебі оны білмейміз. Біздің тарапамызда ол жоқтық дағуасында.
Пайғамбар хадисінде Алла Тағала «Мен құпия қазына едім. Мені танып білсін деп әлемді жараттым» дейді. Әлем – хаттағы жазу. Жаратушы – хаттың өзі яки бос кеңістігі. Бос деуге тағы болмайды, онда жазудан артық қазына бар. Бірақ ол құпия. Әзірет Сұлтан хикметтерінің бірінде «жоқтыққа батыңдар, барлыққа жетіңдер» деп жырлайды. Бұл – адамның өз нәпсісінен, жалған «менінен» арылып, жаратылыстың шын болмысына бойлау деген сөз. Жоқтыққа бату – жоғалу емес, керісінше, өзегіңе оралу. Себебі сол өзекте – тыныштық бар, тұнықтық бар, ақиқат бар.
Адам үшін ең үлкен таным – көрген емес, көрмегенімен бетпе-бет келу. Айтылған емес, айтылмағанға құлақ түру. Сол айтылмаған гәп – көптің көзінен таса, бірақ жүректің төрінде тұратын сыр. Әлем де сондай – көзге көрінгенінен гөрі, көлеңкесінде жатқан жұмбақпен тартымды. Жаратушыны тану да бардың арасынан емес, жоқтың тереңінен басталады.
Өнер, ғылым, дін, философия – бәрі де сол жоқтықтан бастау алады. Ақ қағаздағы әріптерден бұрынғы ақ кеңістік – ойдың мекені. Сыбызғы әуеніндегі дыбыстан бұрын алынатын тыныс – сезімнің ілкі себебі. Сондықтан да, бізге кейде жазудан бұрын бос орын керек. Сөзден бұрын үнсіздік қажет.
Адамың рухани орбитасындағы жоқтық – шексіз кеңістік. Сол кеңістікке сапар шеккен жиһанкез ойшылдар тіршіліктің арғы мәнін, көрінбеген сырын іздеді. Олар үшін жоқтық – бос орын емес, толық мазмұндағы хикмет. Хикмет болатыны сол, жоқтық – тыныштықтағы әуен, қараңғылықтағы сәуле. Бірақ оны айдай әлемге ашықтау мүмкін емес. Сондықтан мақаламыздың тізгін тартар тұсында, жазып отырған үшбу сөзіміздің де айтылған қырынан гөрі, айтылмаған сыры көп екенін түсінген боларсыз, қадірлі оқырман.