Аймақтар • Бүгін, 10:10

Аспалы көпірге жөндеу жүргізіліп жатыр

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Се­мейдегі 25 жыл бұрын пай­далануға берілген аспалы көпірдің бү­гін­де тозығы жетіп, өңі ескірген. Жа­қында нысанға күрделі жөн­­деу жүргізіле бастады.

Аспалы көпірге жөндеу жүргізіліп жатыр

Күніне 80 мыңға жуық көлік қатынайды

Көпір – қаланың оңтүстігі мен солтүстігін ғана емес, Азия мен Еуропаны, ұлан-ғайыр дала мен Сібірді байланыстыратыны маңызды. Алты жолақты құрылым көлік қатынасын реттеп, қаланың өзге бөліктеріне жетуді жеңілдетті. Күніне 60-80 мыңдай көлік өтеді. Мұны стра­тегиялық нысан ғана емес, қарт қалаға ажар беріп тұр­ған бірегей архитектуралық ансамбль және тарихи Семей шаһа­рына келушілер мен өңір хал­қы­ның көрікті орны десек еш қате­лес­пейміз.

Нысан құрылысымен жапон­ның «Аячай» фирмасы айналыс­қан. Фирма көпірдің қаңқасын Жапо­нияда жасап, алдымен су жолымен, кейін теміржолмен Семейге жеткізген екен. Сонымен қатар көпір бетіне табиғи асфальт төсе­ген, мұны Кариб бассейніндегі Три­нидад аралындағы әйгілі Pitch Lake-тен жеткізгені туралы дерек.

 

Заманауи технология қолданылады

Көпірдің су бетіндегі ұзынды­ғы – 750, жалпы ұзындығы – 1 086, биіктігі – 90, ені – 35 метр. Тіреу­лерінің арасы 300 метрден асатын еліміздегі жалғыз аспалы көпір сана­лады. Мұндай жоба ТМД елде­рінде жоқтың қасы. Семей­дің аспалы көпіріне ұқсас озық гидро­­техникалық құрылыстарды Түр­кия, Қытай, Оңтүстік Корея, ­Дания, Норвегия, АҚШ сияқты әлем­­нің дамыған елдерінен көруге болады.

Жұмыстың жалпы құны – 300 892 857 теңге. Асфальтты ­ауыс­­­­­тыру үшін 80-ге жуық құры­лыс­­шы екі ауысымда жұмыс іс­теп жатыр. 20-дан астам техни­ка тар­тылған. Құрылыс жұмыс­та­рының сапасы әкімдік тарапынан қадағаланып отыр. Өңір басшысы Берік Уәлидің айтуынша, са­лын­­ғанына ширек ғасыр өтсе де, көпір бүгінге дейін күрделі жөндеу көрмеген.

«2000 жылдан бері асфальт төсемі толық ауыстырылмай, 25 жыл бойы жамап-жасқап, ой-шұң­қырларын бітеп келген. Алғаш рет осындай ауқымды жұмысты қол­ға алып жатырмыз. Уақытша шек­теулерге халық түсіністікпен қа­райды деп ойлаймын. Жұмыс барысында заманауи технология­лар қолданылады. Жөндеу жұ­мысын «Жол активтерінің ұлт­тық сапа орталығы» мамандары қадағалайды», деді облыс әкімі.

 

Шаруаның 30 пайызы тәмам болды

«Көпірге қалыңдығы 5 сантиметр болатын бір қабат асфальт төселеді. Себебі өткел металл құры­лымдардан тұрады. Ал асфальт қалың болса, тиі­сінше кө­пірдің салмағы да ауырлай тү­седі. Бұл оның құрылымына зақым кел­тіруі мүмкін», дейді мер­ді­гер ком­панияның өкілі Руслан Дүскенов. «Жол активтерінің ұлт­тық сапа орталығы» ОФ директоры Хамзат Сұлтанов қолданып жат­­қан материал­дар­дың сапасы жіті бақы­лауда дейді. Қала­лық жо­лау­шылар көлігі және авто­­мобиль жолдары бөлімінің бас­­шысы Мерей Байырханның ­баян­­­­­дауынша, қазірге дейін жұ­мыс­­­­­­­­тың шамамен 30 пайызы орындалды.

«13 575 шаршы метр жол жабыны алынып, 9 375 шаршы метр металл беті арнайы щеткалар­мен тазартылды. Қазір металл бетті технониколь №08 полимерлік прай­мерімен топырақты бекіту және гидро­оқ­шаулағыш қабат төсеу жұ­мыс­тары жүріп жатыр. Көпірге төсе­­летін жаңа жол жабындысы бұ­рынғыдай бетон емес. Оның орны­на полимерлік қоспалары бар, СТ ­РК 1225-2019 және СТ РК 1684-2017 ­талаптарына сай келетін А тү­ріндегі I маркалы асфальтбетон тө­селеді. Бұл – қозғалысқа төзімді, берік әрі заманауи материал», дейді Мерей Бақытбекұлы.

Қалада құны 47 млрд теңге бо­латын тағы бір жаңа көпірдің құрылыс жұмысы жалғасып жатыр. Жақын арада жаңа көпір қол­данысқа берілсе, кептеліс азайып, көлік қатынасын реттеуге мүм­кіндік тумақ.

 

Абай облысы