Сатира • Бүгін, 08:45

Зар заман, жаңа заман

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Зар заман өтіп, мынау жаңа заман орнап, рахат! Рахаттың әліпбиін мектептен бастасам, бүгінгідей «Ала­қай каникул» деп кітап-қалам қолдорбамды атып ұрып, бақан­дай үш ай жүген-құрықсыз бос­тандықта болу қайда!

Зар заман, жаңа заман

Ауылдың ырың-жырың, бірі бітсе екіншісі «балақаным бері келе ғой» деп тұратын тұрықсыз тірлігі: шөп шабылса шөмеле салу, тыр­маға отыру, қой қырықса нөмір салу, арпа орылса масақ теру... ойпыр-ай, үзік-созық, бірін бітіріп, екіншісінен тұты­лып, тегі ұжымшар, кеңшарда сенің мой­ныңа ілінер қамыт табылмаса, үш айың үйдегі үбірлі-шүбірлі іні-қарындасыңды бағып-қағумен-ақ өте шығары анық. Ал 9-сыныпты бітірдің бітті, қойшы қауымның қарауына өтіп, сақманда соңғы қойын қоздатып барып сілікпең шығып, сіңірің одырайып оралушы едің ғой.

Мектеп бітіріп мұртың еді­рейгенде оқуға түссең түстің, түспесең – ел-жұртыңмен еңі­реп қоштасып, екі жылдық әске­ри борышыңды өтеуге кете баратынсың. Қысқа ғұмырдың ба­қандай екі жылы еңіреп өтуші еді-ау. Әскерге бармағанның бес елі бағы бар деп бағаланатын. Қа­зір ше? Кері заман, әскерге бару – абырой, атақ. Құнын құл­қын­нан өткізсек те кетіп тынамыз.

Несін айтасың, зар заман кетіп, жаңа заманда ғұмыр кешіп жатқанымызға тәубә!

Айналайын алтын ұя ме­к­теп­ке қайта соқсам, қазір ғой ғажап! Бір кездері оқушы атаулы бір үлгідегі киім киіп кердиіп қалушы едік қой. Әсіресе пионер біткеннің қызыл галстугін тағынып «инкубатор» болып бозарып жүретіні әлі есімде.

Е, қазір, не кием, қалай киінемін десең ерік өзіңде. Қымбат киіп кергисің бе, алабажақ іліп әкіреңдейсің бе, жамау жапсырсаң да – оның кейінгі сән-салтанат санатында саналып, өзіңе ұнап, өзгені өзе­у­ретсе болды.

Қазір бізде мектеп табал­дырығында жүріп-ақ теме­кіңді теңселтіп, шарабыңды шалқытып, әрідегі анауыңмен де ауызданып алады. Ал зар заман­дағы, соңғы сыныпта жүріп, есей­геннің белгісі ретіндегі темекіні тығып тарт­қаны қазір күлкі келтіреді... Қыз баланың туып қалуы – үлкен қылмыс. Ерте есейеді-ау, табиғат заң­дылығы-ау, адам құқығы аяққа таптал­ды-ау деп ойлауға мұрсат бермеген заман да өтті.

«Дін – апиын» деген қағида да болды. Діншілмісің – Аллаңды күбірлеп айтып, өзіңмен өзің томаға тұйық томпаңдай бер. Шал-шауқаннан басқамыз құдай жоқ деп құл­дық ұрдық. Бір дін, бір исламнан басқаны білмеуші едік... Қазір, құдайға шүкір, же­тіп арты­лады. «Біздің дінге кір» деп бәсекеге бәс тігіп, әсіресе көп ұлттан құралған елімізге әр аза­маттың аңсағаны болып, қайда қарын тоқ, киім бүтін дінді пана санап жетісіп қалдық. Жағ­дайым болмаса, ұрдажық ұнамаса – басқасына кетуіңе толық құқың бар нағыз демократия деп осыны айт.

«Халық қалаулысы» деген о за­манда да болған. «Қалаулы» болу үшін – ойпыр-ой, бар ғұмырыңды сарп етіп, не мыңғыртып мал бағуың, не жең түріп жер қазып дегендей, ақ тер, көк тер болып көтерем болғаның да елеп-ескеріп депутат ететін.

Ал қазір заман өзгерді. Же­тілдік, теңелдік, кей-кейден ілгері де кеттік. «Ақыл-қалтаң» болса болды. Қалтаның ақылмен қа­лыңдайтыны әмбеге аян. Білімің де, біліктілігің де ақылдың құлы. Сайланар кезде тек ақылыңмен ауыздыға сөз бермей, шешен сымақты шеттетіп отырсақ, оған қоса ағыл-тегіл уәде мен қаражатты қардай боратып өтсең – өтесің де жетесің.

О заман мен бұ заманның айыр­машылығы бұнымен біт­пейді.

Саралап салмақтасақ ұзын-ырғасы қалың кітапқа жүк болары сөзсіз. Кітап демекші, о заманда кітап шығарудың қиындығын мен айтпай-ақ қояйын... Е, қазір, пенде құқығы қорғалған. Не жа­замын, не жаздыртып кітап етемін десең – даңғыл жол. Бабаң­ның бар-жоғы ма, атаңның алты ұрпағы ма, өзіңнің өзек жарды өкпе-назың ба – жаз, не жаздырт та құнын төлесең табаны жерге тимей теңкиіп кітап болып қолтығыңда тұрады.

Мен де осы заманның арқа­сында осы бір «Зар заман мен жаңа заман» атты хикаятты кі­тап көлеміне жеткенше жазып шы­ғуға белді бекем буындым.

 

Берік САДЫР