Өнер • Бүгін, 12:20

Алматыда түркі опера өнерінің фестивалі өтті

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында түркі опера өнерінің XXVI халықаралық фестивалі аясында Гала-концерт ұйымдастырылды. Ауқымды мәдени іс-шараның бастамашысы – Түркі тілдес елдердің мәдениет жөніндегі халықаралық ұйымы, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда түркі опера өнерінің фестивалі өтті

Концерт бағдарламасына Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген белгілі опера солистері, сондай-ақ Абай атындағы театрдың симфониялық оркестрі мен хоры қатысты. Қатысушылар ұлттық және әлемдік опера классикасының таңдаулы туындыларынан ариялар орындап, сахналық көріністер ұсынды.

Музыкалық кеште еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедияров, Қуаныш Исмаилов және Қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театрының бас дирижері Захар Бутенко дирижерлік етті. Концерт Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан үзіндімен ашылды.

Фестиваль аясында, сондай-ақ, театр ғимаратында түркі елдерінің опера және балет театрлары директорлары кеңесінің IV отырысы өтті. Жиын барысында қатысушылар Абай атындағы театр мұражайын аралап, оның қалыптасу тарихымен және кәсіби дәстүрлерімен танысты. Кеңес жұмысын ТҮРКСОЙ Бас хатшылығы жанындағы Қазақстан Республикасының өкілі Нышанкүл Қаратаева ашып, ұйым Бас хатшысы Сұлтан Раевтің құттықтау хатын оқыды.

Кеңес мүшелері театр өнері саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, кәсіби әріптестікті дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Бұл бастама түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын насихаттауға және рухани байланысты нығайтуға бағытталған.