Қоғам • Бүгін, 09:28

«Қартайған» халық қатарына қосылмайық десек...

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Келешекте еліміздің демографиялық жағдайы күрделі мәселелермен бетпе-бет келуі мүмкін. Себебі Стратегиялық жос­парлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюро­сының деректеріне қарағанда елдегі халықтың туу деңгейі төмендеп, қарттық жастағы азаматтарының үлес салмағы артқан. Ма­мандар бұл қауіптің алдын алу үшін демографиялық дамудың бірыңғай жүйесін жасап, арнайы бағдарламалар қабылдау керектігін айтады.

«Қартайған» халық қатарына қосылмайық десек...

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

2025 жылдың 1 қаңтарындағы есепке сүйенсек, ел тұрғындарының саны 20 286 084 адамды құрап, кейінгі бір жыл ішінде 252 242 жанға өсіппіз. Бұл өсу көрсеткіші әлі де артарына үміт мол. Десе де, сала мамандары елдегі туу мен өлім деңгейінің айырмашылығын азайту, миграция­ны тиімді басқару және ауылдық аймақтарда өмір сүру сапасын арттыру секілді проблемаларды шешпей, елдегі демографиялық жағдайды оңалту мүмкін емес екенін алға тартады. Мәселен, кейінгі жылдары елдегі бала туудың жиынтық коэффициенті 3,02-ден 2,96-ға дейін төмендеген (2021–2023 жылғы есеп). Бұл үрдіс алда жалғаса берсе, болашақта халық санының өсуі тұралары сөзсіз. Сондай-ақ Ұлттық ста­тистика бюросы мәліметтеріне қара­ғанда, еліміздегі халықтың қартаюы да байқалады.

2023 жылы 60 жастан асқан азамат­тардың үлесі ел тұрғындарының 13,2 па­йызын құраған. Бұл көрсеткіш 2010 жылы 9,9 пайыз болса, 2020 жылы 11 пайызға жеткен еді. Яғни елдегі бала туудың саны кемігендіктен, қарттардың саны кейінгі екі жылдың ішінде 2,2 пайызға көбейген. Демографиялық зерттеулер 2050 жылға қарай бұл көрсеткіштің 16,7 пайызға дейін жетуі мүмкін екенін болжайды.

Сенат депутаты Амангелді Толамисов елімізде тікелей демогра­фиялық саясатқа қатысты гендерлік теңдікті дамыту, отбасы мен жас­тарды қолдау мәселелері Мәдениет және ақпарат министрлігіне, ана мен бала денсаулығын нығайту, халық өлімін азайту мәселелері Денсаулық сақтау министрлігіне, атаулы көмек, жәрдемақылар, т.б мәселелер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігіне, білім берумен қамтамасыз ету, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері Оқу-ағарту министрлігіне қарайтынын, жергілікті деңгейдегі әкімдіктер отбасын, жастарды және жалпы халықты қолдау бойынша шараларды жекелей іске асыратынын айта келіп: «Қазір елдегі демографиялық жағдай бәрімізді алаңдатып отыр. Бұрын халықтың ауылдан қалаға көшуі проблема болса, қазір шетелге кететін жастардың саны артып барады. 2021 жылдан бері елдегі бала туу көрсеткіші жыл санап азаю­да. Оңтүстік халқын солтүстікке қоныстандыруға қатысты мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі көңіл көншітпейді. Миллиардтаған қаржы жұмсап, халықты солтүстікке көшір­генімізбен, ол жақтан көшіп кете­тін халық саны азаймай тұр. Біз бұған дейін әріптестерімізбен бірігіп, бұл тақырыпты күн тәртібіне қойып, депутаттық сауал жолдағанбыз. Қазір мемлекетіміздегі көші-қон және демографияны басқару функциялары әртүрлі ведомстволарға қарайды. Бұл жағдай проб­лемаларды дер уағында шешуге кедер­гісін келтіріп отыр. Сонымен қа­тар демо­графия мен көші-қонға қа­тыс­ты мәселелер бір орталықтан басқа­рыл­­мағандықтан, оны жүйелі талдау, бел­сенді жоспарлау мүмкіндігі жоқ», дейді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының зерт­теулері 2050 жылға қарай Қазақстанда ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы – 75 жас, ал әйелдердікі 84 жасқа дейін жететінін көрсетті. Халықтың өмір сүру жасының ұлғаюы елдегі әлеуметтік жағ­дайдың жақсаруымен тікелей байланыс­ты. Десе де, мұның екінші қыры да бар. Сол өмір сүру жасының ұзаруына сай сәбилердің дүниеге келу көрсеткіші де артуға тиіс. БҰҰ зерттеулері алдағы 15 жылда Қазақстан халқының саны шамамен 4 млн-ға дейін көбейіп, 24,3 млн адамға жететінін болжап отыр. Өкініштісі сол, оңтүстіктегі демографиялық ахуал жақсы болғанымен, солтүстік пен шығы­сы­мызда тұрғындар саны күрт төмендеп жатыр. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының де­рек­теріне сүйенсек, 2024 жылғы 1 шілдедегі есеп бойынша Солтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон сальдосы кері кетіп, минус 3 396 адамды құраған. Табиғи өсім мың адамға шаққанда 1,94 теріс сальдо. Бұл үрдіс Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына да тән.

Қазақта «бос жатқан жер жау шақы­рады» деген тәмсіл сөз бар. Сондықтан да демографиялық ахуал мемлекеттің қауіп­сіздігіне тікелей әсері бар екенін еш­қашан да естен шығармағанымыз жөн. Яғни сенатор Амангелді Толамисовтің демо­графиялық проблемалармен айналы­сатын өз алдына бөлек мемлекет­тік құрылым керектігі туралы бастамасы бұқаралық ақпарат құралдарының бас­­ты тақырыбына айналуы керек. Үкімет 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін квази­мемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізгені белгілі. Сол мораторий уақыты аяқталғаннан кейін бұл мәселе күн тәртібіне қайта шығары сөзсіз.

Кейінгі кездері сарапшылар еліміздегі демография ғылымының дамуы да кенжелеп тұрғанын да айтып, дабыл қағып жатыр. «Мықты демограф ғалымдардың болмауы, ғылыми зерттеулердің дұрыс жүруіне көлеңкесін түсіреді. Бұл елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың шынайы картинасын көмескілендіріп жібереді», дейді сала мамандары.

– Демографиялық саясатты жүйелі аналитикаға сүйенбей жүр­гізу мүм­кін емес. Бүгінде мем­лекеттік органдар Ең­бек ресурстарын дамыту орталығының болжамдарына сүйеніп, туу, өлім-жітім, халықтың көшіп келуі мен кетуі секілді мәліметтермен елдегі ахуалға баға беріп отыр. Бірақ әр деректің астарындағы сын-қатерді, әлеуметтік және демогра­фиялық проблемаларды алдын ала болжауға мүмкіндігіміз жоқ. Яғни әлеуметтанушы, экономист, статист, урбанист, ре­про­дуктивті денсаулық сақтау маман­дарының басын қосып, кешенді зерттеу жүргізетін, демографиялық және көші-қон үрдістерін жан-жақты талдайтын әлеуметіміз болуы керек», деді сенатор Амангелді Ғабдылкәрімұлы.

2024 жылы елімізде қартаю индексі 31,1 құрады, яғни өткен жылмен салыс­тырғанда 1,6 пайызға көп (2023 жылы 29,5). Бұл – 0 мен 15 жас аралығындағы әрбір 100 балаға 65 жастан асқан 31,1 қа­рия­дан келеді деген сөз. Демек, бізге демо­графиялық проблемаларды шешуге мемлекеттік деңгейде бетбұрыс жасайтын шақ туды. Әйтпесе, қазақ ұлты да Батыс елдері секілді Ж.Боже-Гарнье-Э.Россеттің «демографиялық қартаю» үрдісін бастан кешуі әбден мүмкін.