
«Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы 2 мыңнан аса заңсыз шешім қабылданғанын анықтады. Бұл мәселеге қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет. Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн», деген еді Президент.
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында кейінгі жылдары өңірде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтеповтің айтуынша, осы жылдың алғашқы тоқсанында 11,7 мың гектар пайдаланылмаған және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылған. Енді бұл жерлер елді мекен тұрғындарының мал жаюы үшін ауылдық округтерге бөлініп берілмек. Ал жайылым санатына жатпайтын жерлер конкурс арқылы тапсырылады.
«2025 жылдың бірінші тоқсанында бес конкурс ұйымдастырылды. Соның қорытындысы бойынша айналымға 12 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері тартылды. Елді мекендердің аумақтарына қосылған босалқы жердің жалпы қоры 378 мың гектарды құрады. Осылайша, елді мекендердің жер көлемі 363 мың гектардан 741 мың гектарға дейін өсті. Алдағы уақытта тағы 20 мың гектарға ұлғайту жоспарланған», дейді жауапты басқарма басшысы.
Табысын төрт түліктен айырып отырған ауылдағы ағайын жайылым жер таппай жүйкесі тозғанын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 26 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында қадап айтты. Жайылымдық жердің 36 пайызы ғана мал шаруашылығы үшін пайдаланылып жатқанына назар аударған Мемлекет басшысы жауапты тұлғаларға мәселені шешу қажеттігін тапсырған.
Ресми дерекке жүгінсек, сол жылдың өзінде Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп жұмыс істеді. Бұл жұмысқа «Amanat» партиясының «Жер аманаты» комиссиясы да үлес қосты. Сол жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы заңсыз бөлінген 140 мың гектар жер кері қайтарылған еді. Одан кейін де ауқымды жұмыс атқарылды. Ал өңірде жайылым мәселесі толық шешімін тапты ма?
Бірнеше жыл бұрын өңірде жайылым жерді дұрыс пайдалануды ұйымдастыра алмау салдарынан ауылдық округтерде 683 мың гектар жайылым жетіспейтіні анықталған еді. Кейінгі үш жылдың бедерінде осы олқылықты жою мақсатында біршама жұмыс атқарылды. Әйткенмен, ауылдағы ағайынды толғандырған мәселе толық шешілді деуге келмейтін секілді.
Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтепов келтірген мәліметке сүйенсек, өңірдің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 3,6 млн гектарды құрайды екен. Оның ішінде елді мекендердегі жайылым жердің үлесі 740,7 мың гектарға тең.
Жайылым мәселесі еліміздің қай өңірінде болсын өзекті екені анық. Дерекке сенсек, жайылым жердің тапшылығы салдарынан төрт түлік біткен әлденеше жыл бойы ауыл маңында жайылып келген екен. Салдарынан жайылым тоза бастаған. Тіпті уақытында ғалымдар бірнеше шақырым радиустағы жердің жаз шықпай жатып тақырланып кететінін де дәлелдепті.
2021 жылғы деректе ел бойынша жалпы жер атаулының 27 млн гектары тозған. БҰҰ сарапшылары осындай олқылық салдарынан Қазақстан 1 млрд долларға дейін шығынға батуы ықтимал екенін болжаған еді. Ал Жамбыл өңірінде жұртты толғандырған шаруа қалай шешіліп жатыр?
– Жалпы алғанда, өңір бойынша 41 елді мекеннің 17-сінде жайылым жетіспеушілігі мәселесі шешімін тапты. Сондай-ақ қалған 9 ауыл бойынша өзекті проблеманың түйінін осы жылы тарқатпақпыз. Сонымен қатар 15 елді мекенде жайылым жетіспеушілігі мәселесін толығымен шешу мүмкіндігі жоқ. Бірқатар ауданда халықтың тығыз және қала маңы аймағына жақын орналасуы салдарынан және жалпы жердің басым бөлігі егістік жер санатына жататындықтан бұл проблеманы толық шешу әзірге қиын болып тұр. «Жайылымдар туралы» Заң талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыстың барлық ауданында жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жайылымдарды пайдалану жоспары мен жүйесі қайтадан 5 жыл мерзімге бекітіледі. Бүгінгі күнге дейін Талас, Жамбыл, Меркі, Сарысу аудандарында жайылым жоспары бекітілді. 2025–2027 жылдары жаһандық экологиялық қор есебінен Талас және Сарысу аудандарынан қанатқақты жоба негізінде 5 мың гектар жайылым жерлер жақсартылады, – деді облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтепов.
Жайылым мәселесі қай кезде де шаруаның шамына тиетіні анық. Содан да болса керек, өткен жылдың шілде айында өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте бұл проблема жан-жақты зерделенді. Жыл бұрынғы дерекке сенсек, игерілмеген 433,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 378 мың гектары елді мекендерге жайылым жер ретінде берілген. Әрине, бұл көрсеткішті еселеу үшін жыл сайын ауқымды жұмыс атқарылып жатқаны анық.
Қалай десек те, төрт түлікке телмірген ауыл халқы үшін жайылым проблемасы өзекті болып қалатыны анық. Жыл өткен сайын ауыл халқы баққан мал саны артпаса, кемімек емес. Ал өзекті мәселенің толыққанды қашан шешілетіні әзірге белгісіз.
Жамбыл облысы