Алматы • Бүгін, 09:15

Қазақ-корей дәстүрін тоғыстыратын орталық

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұшы-қиыры жоқ уақыт бедерінде саясат ызғары қарымаған, тауқыметін көрмеген ұлт кемде-кем болса, сол халықтың бірі – Қазақстан корейлері. Енді екі жылдан кейін сонау Қиыр Шығысты мекендеген корейлердің мәжбүрлі түрде Қазақстанға қоныс аударғанына 90 жыл толады.

Қазақ-корей дәстүрін тоғыстыратын орталық

2027 жылғы осынау мерейтойға орай, Қазақстан корейлері қауымдастығы іргетасы қаланып жатқан жаңа Алатау қаласынан K-PARK атты мәдени-іскерлік орталығын құруға мұрындық болып отыр. Осынау орталық, еңсесі бөлек ғимарат тауқыметті жылдардан табысқа толы бүгінге, қазіргі заманнан инновациялық болашаққа қадам басқан еліміздің көпэтносты халқының бақуат өмірінің рәмізіне айналады.

Ақиқатында, еліміздегі корейлер тарихы – ауыртпалықтың, табыс пен алғыстың шежіресі іспетті. Жер аударылған корейлер – қазақтың кең пейілі, қонақжайлылығы, шынайы жанашырлығы арқасында осы елден толық бақытын тапқанын айтудан танбай келе жатқан халық. Бұл бауырмалдықтың өтеуі ретінде корейлер тарихтың барлық кезеңінде Қазақстанның игілігі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Мысалы, кешегі кеңес дәуірінде 67 корейдің Социалистік Еңбек ері атанғаны, тәуелсіздік жылдарында ел дамуына үлес қосқан қаншама корейдің мемлекеттік марапат алғаны – соның айғағы. еліміздің түрлі қалалары мен ауылдарында 36 көше корей халқының көрнекті тұлғаларының атымен аталып, ­
22 мемориалдық тақта қойылды.

Жақсылықты ұмытпайтын халықтың қиын күндерде пана болған қазақтарға алғысы – жадында мәңгілікке жазылған ұжымдық естелік. Ендігі жерде еліміздегі корейлер алтын көпір міндетін атқарып, Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы табысты ынтымақтастықтың бар әлеуетін пайдаланып отыр. Қазіргі таңда Қазақстан корейлері елдің саяси және экономикалық өміріне белсене араласады, ортақ мүдделерден қалыс қалып көрген жері жоқ. Ал мұның нақты дәлелі жоғарыда атап өткен – K-PARK кешені.

Жасампаздық аумағы атанған жоба жұртты жұмылдырып, мәдени аралас-құра­ластық үшін жаңа мүмкіндіктер ­тудырып, экономиканы қолдап, халық арасында өзара түсіністікті бекемдеуді мұрат тұтады. Осылайша, K-PARK елімізде мәдениет, бизнес, білім мен инновациялар орталығына айналмақ. Бұл қазақ және корей дәстүрлерінің тоғысқан, бірін-бірі толықтырып, жаңа мүмкіндіктер ашатын орын болады. Әрі мұны шығармашылық пен ынтымақтастыққа арналған кеңістік, ортақ тарихымызды дәріптейтін, еліміздің дамуына бастайтын мәдени және бизнес жобалар пайда болатын шаңырақ десек те болады. Осы жобаны жүзеге асыру арқылы Қазақстан корейлері берекелі қазақ жерінен мекен ­тауып, өркендеп, көпэтносты халықтың лайықты өкілдері екенін тағы да көрсетпек.

K-PARK-тың тағы бір тоқтала кететін тұсы әрі басты нышаны – бұл жерге туристерді тартуға септігі тиетін этноауыл салынады. Оның аумағында корейлер алғаш көшіп келген жылдарда тұрған жер үйлер орнатылып, жанына қазақтардың депортацияланған корейлерді бауырына басқан кезеңді еске ­салатын киіз үйлер тігіледі.

Егер туризмнің ажырамас бір бөлшегі – ұлттар асханасы екенін айтсақ, этно­ауыл аумағында дәстүрлі қазақ және корей тағамдары дайындалады. Әлбетте, бұл бастаманың баршасы қосымша жұмыс орындарын құруға жол ашатыны сөзсіз. Жергілікті халық та ұлттық кәдесый мен басқа да тәбәріктерін саудалап, туристерге қызмет көрсетеді. Мысалы, құсбегілік, атпен серуендеу сынды жергілікті қызмет түрлері алыс-алыс елдерден келген саяхатшыларға ұнайтыны даусыз. Қонақтар дәстүрлі қазақ тағамдарын да­йындау сәттеріне қатысып, сол жерде әзірленген астан бірден ауыз тиіп, ­сатып ала алады.

Сол сияқты K-PARK аумағында дәстүрлі қол­­­өнер және шеберлік дәрістері өтетін ай­мақ орна­ластырылмақ. Бұл жерде турис­тер қыш­­­тан, мата мен қағаздан жасалатын дәс­түр­лі қазақ және корей бұйымдарын жасауға қа­тыса алады.

Жалпы, жобаның басты міндеті – аймақтың негізгі басымдықтарына сәйкес тұрақты әлеу­меттік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін халықаралық танымалдылыққа ие бірегей мәдени-іскерлік орталық құрды. Сол сияқты заманауи технологиялар арқылы мәдени мұраны сақтауды, халықаралық мәдени іс-шаралар арқылы туристерді тартып, қазақ жерін мекендейтін этностардың ерекшелігімен таныстыруды көздейді.

10 гектардай жерді алатын K-PARK орта­лығы Алатауда бой көтереді. Жалпы аумағы 89 мың гектарды құрайтын жаңа шаһар Прези­дент Жарлығына сәйкес, Алатау қаласы Алматы облысының Іле ауданындағы Жеті­ген ауылының негізінде салынып жатыр. Бұл мекен еліміздің ең ірі қаласы – Алматы маңында және республикалық маңызы бар А-3 автомобиль жолының бойында орналас­қандықтан көлік қатынасын оңайлатады.

Мәдени-іскерлік орталықтың ашылуы 2027 жылдың қазан айына, корейлердің Қазақстанда тұрып жатқанына 90 жыл толу қарсаңына межеленген. Халықаралық және республикалық деңгейдегі ауқымды жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен жүзеге асады. Қазақстан корейлер қауымдастығы осы жобаны жүзеге асыруды толықтай өз мойнына алып отыр. Жобаны қаржыландыру отандық, шетелдік серіктестердің демеушілігімен, гранттар мен қайырымдылықтарға қоса, бизнес-жобаларға қатысу арқылы жүргізіледі.

 

АЛМАТЫ