
Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
Сенатордың айтуынша, өскелең ұрпақтың санасын оятып, рухани жетілдіруде маңызы зор болса да мектептерде қазақ тіліндегі заманауи балалар әдебиетінің ауқымы өте шағын берілген. Мектеп кітапханалары қорының тек 11,8%-ы ғана қазақ тіліндегі кітапты құрайды, ал мемлекеттік тапсырыс бойынша балалар кітаптарының жыл сайынғы жалпы шығарылымы небәрі 30-40 атаудан тұрады.
«2022 жылғы PISA зерттеуі бойынша оқу сауаттылығы 386 балды құрады. Қазақстанда балалардың тек 3/1-іне жуығы ғана кітапты өз еркімен оқиды. Ал ауылдық жердегі балалардың басым көпшілігі көркем әдебиетті тек мектеп тапсырмасын орындау үшін оқитыны анықталды. Халықаралық ұйым бұл нәтижелерге сүйене отырып, қазақ балаларының көркем әдебиетке қызығушылығы төмен және оқу мәдениетінің жеткіліксіз деңгейде екенін көрсетті. Балалар жазушылары мен баспагерлердің айтуынша, кітаптардың орташа таралымы 1000-2000 дана аралығында ғана, бұл бүкіл республикадағы балаларды қамтуға жеткіліксіз. Балаларға арналған анимациялық әдебиет, инклюзивті бағыттағы және көптілді контент секілді заманауи бағыттар назардан тыс қалып отыр», деді Руслан Рүстемов.
Сенатор сонымен қатар балалар әдебиеті – тек қызықты оқиғалар тізбегі ғана емес, баланың дүниетанымын қалыптастырып, моральдық құндылықты ұғындыруға көмектесетін рухани тәрбие құралы екенін атап өтті. Оңтүстік Корея, Финляндия, Германия сияқты елдердегідей бұл бағытта кітапхана жүйесін дамыту, авторлар мен баспагерлерді ынталандыру, цифрлық платформалар құру, білім беру бағдарламалары мен мемлекеттік марапат белгілеу маңызды болып отыр.
Депутат Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігіне балалар әдебиетін қолдаудың ұлттық стратегиясын әзірлеу мақсатында күш-жігерді біріктіруге шақырды. Ол балалар әдебиетін цифрлық форматта дамыту мақсатында ұлттық онлайн-платформа жасау және ауылдық аймақтарда жылжымалы кітапханалар жүйесін кеңейту арқылы барлық балаға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ балалар әдебиеті саласында еңбек ететін жас қаламгерлер мен баспагерлерге арнайы стипендиялар тағайындап, салықтық жеңілдіктер беру және шығармашылық резиденциялар жүйесін енгізу арқылы қолдау көрсету керектігі айтылды.