
Сурет: ult.kz
Расында, бұған дейін есірткі қылмысының ең басында тұрған ұйымдастырушылары мен олардың қолжаулығына айналған таратушылар, соның ішінде «жасырып кетуші» болып жалданған жасөспірімдер заң алдында бірдей жазаланып келген еді. Әрине, заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды. Десе де, кейбір жасөспірімдер мен жастар құқықтық сауатсыздығы мен аңғалдығы салдарынан аста-төк ақшаға қарық қылам деген «ұсыныстардан» бас тарта алмай, ақыр аяғында құрықталғаны белгілі. Президент айтқан ұсыныстың мәні – қылмыстық заңнаманы ізгілендіру арқылы есірткі қылмысын ұйымдастырушылардың жазасын барынша қатаңдатып, ал орындаушылар жауапкершілігін жеңілдету.
Осы жылдың басында Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық кодекстің 297-бабындағы есірткіні заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау қылмыстары үшін берілетін жаза мерзімдеріне өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойып, наурыз айында жаңа нормалар күшіне енді. Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Қайрат Әбдіхановтың айтуынша, осы өзгерістерге орай кейбір баптың санкциялары жеңілдетіліп, ал кейбір қылмыстар үшін берілетін жаза керісінше өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаңдатылған. Осылайша, есірткі, психотропты заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау секілді қылмыс жасап, сотталған адамдар Қылмыстық кодекстің 6-бабы, яғни қылмыстық заңның кері күшін пайдаланып, жаза мерзімін қайта қарау құқығына ие болды.
«Мысалы, бұрын есірткіні аз мөлшерде өткізу үшін жаза мерзімі 5 жылдан 10 жылға дейін болса, қазір ол 5–8 жылға дейін қысқарды. Аса ірі көлемде өткізу 10–15 жылдан 7–12 жылға дейін азайды. Мұндай өзгерістер «жасырып кетушілердің» көбін жасөспірімдер мен жастар құрайтынына байланысты енгізілді. Өйткені олар есірткі заттарын өздері дайындамайды, тек есірткі желілерін ұйымдастырушылардың қолжаулығы болған. Сонымен қатар енгізілген өзгерістер бойынша есірткі қылмысын ұйымдастырушылар, соның ішінде лауазымды тұлғалар үшін жауапкершілік барынша қатаңдатылды. Атап айтқанда, олардың дүние-мүлкі тәркіленіп, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», дейді ол.
Қ.Әбдіхановтің сөзіне қарағанда, заңнамадағы өзгерістерден кейін Солтүстік Қазақстан облысында 161 сотталғанның істері қайта қарау үшін сотқа жіберіліп, қазіргі таңда 39 іс қаралып үлгерген. Нәтижесінде, 4 сотталған қамаудан бірден босатылса, 31 адамның мерзімі қысқарыпты. 4 сотталғанның мерзімі сол күйінде өзгеріссіз қалдырылған.
«Мәселен, Ф. есімді азамат 2017 жылы ҚК 297-бабының 3-тармағы бойынша 11 жылға бас бостандығынан айырылған екен. Биыл 27 наурызда сот оның өтінішін қанағаттандырып, жаза мерзімін 8 жылға дейін қысқартты. Бұл кезде ол абақтыда 8 жыл отырғандықтан, бірден бостандыққа шығарылды. 2018 жылы дәл осы баппен 11 жылға сотталған М. есімді азаматтың да мерзімі 8 жылға азайтылған еді. Қазір оның темір тордың арғы жағында отырғанына 7 жыл 9 ай болды. Жақын арада ол да бостандыққа шықпақ», дейді облыс прокуроры.
Бүгінде Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістердің орындалу барысы Бас прокурордың айрықша бақылауында тұр. Өңірлерде жаңа нормалардың іске асырылуы – жергілікті прокуратура органдарының тікелей қадағалауында. Осыған орай облыстық прокуратура қызметкерлері қылмыстық процесстердің барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуын бақылап, құқықтық қолдау көрсетіп, сот отырыстарына қатысып келеді. Олар жаңа нормалардың дұрыс қолданылуымен қатар, сотталғандар құқығының қорғалуын назарда ұстап отыр.
Еліміз бойынша есірткі қылмысымен ұсталып, істі болған көп адам бостандық алып жатыр. Кейбірінің жаза мерзімі қысқартылып, әне-міне деп азаттықтың есігін айқара ашуға әзір. Дегенмен еркіндікке шыққан соң, бұл азаматтар бұрынғы «кәсібіне» қайта оралмауы үшін не істеу керек? СҚО прокурорының айтуынша, олардың қылмысқа қайтадан оралмай, қалыпты өмір кешуі үшін абақтыда отырған кезінен бастап заңға деген құрметті қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік іс-шаралар жүргізіледі екен. Дегенмен абақтыдан босаған адамның барынша түзеліп кетуіне ең біріншіден оның жұмыспен қамтылуы себепші болатынын айтады.
«Қазіргі таңда облыстағы мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың 62 пайызы жұмыспен қамтылған, оның 12 пайызы – есірткі қылмыстары үшін істі болғандар. Сонымен қатар, колонияда отырған адамдар арнайы оқудан өтіп, тігінші, құрылысшы, слесарь-механик, әрлеуші-шебер, көгалдандырушы, аяқкиім тігуші, шаштараз, омарташы секілді мамандықтарды игеріп жатыр. Ертең бостандыққа шыққанда бұл олардың жұмыс табуына оң ықпал етеді. Бұған қоса мекеме аумақтарында 17 кәсіпкер өз өндірістерін ашты. Атап айтқанда, ағаш өңдеу, металл өңдеу, дәнекерлеу, әйелдер киімі, нысанды киім-кешек, арнайы киімдер, төсек-орын жабдығын тігу секілді жұмыстар атқарылады. Сонымен қатар колонияларға жылыжайлар орнатылып, жыл бойына көкөніс егіледі. Осының бәрі сотталғандар күшімен атқарылып жатыр», дейді ол.
Облыс прокуроры әңгіменің орайы келгенде сотталғандар еңбегінің арқасында қол жеткізілген бірқатар жағымды ақпаратпен бөлісе кетті. Мысалы, облыстағы бір түрменің аумағында ағаш табандықтар (поддон) өндіру ісі жолға қойылыпты. Бұл өнімдер елімізді былай қойғанда, Еуропаға дейін экспортталып жатыр. «Щегол» ЖШС директоры, кәсіпкер Евгений Щеголовтың үлгілі мысалын да айта кеткен орынды. Ол 12 жылдан бері әйелдер колониясында өз өндірісін жүргізіп жатыр. Алғашқыда шағын цехта 20 шақты сотталған еңбек етсе, қазір оның қарамағында 88 әйел жұмыс істейді. Олар іс тігеді. Кәсіпкер екі қабатты ғимаратты сатып алып, жатақхана ретінде жөндеуден өткізді. Қарамағындағы жұмысшылар бостандыққа шыққаннан кейін де тігін цехында еңбегін жалғастырып, аталған жатақханада тұра береді», дейді Қ.Әбдіханов.
Әлбетте, кез келген аурудың салдарымен емес, себебімен күрескен орынды. Есірткі қылмысы да бұдан тыс емес. Осы орайда жастарымыздың ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай «олжа» табуға тырысып есірткі тасымалдау қылмысына бармауы үшін не істеу керек? Бұл – бүгінде құқық қорғау және осы мәселеге жауапты мемлекеттік органдардың тікелей назарында тұрған өзекті мәселе. Соның ішінде жасөспірімдер мен жастар арасындағы профилактикалық іс-шаралардың орны айрықша.
«Биыл ақпан айында Петропавл құрылыс-экономика колледжінің 30 студентін әйелдер колониясында (№50 мекеме) жазасын өтеп жатқан сотталғандармен кездестірдік. Бұл қыздар да қылмыс жасап, ұсталған уақытта дәл осындай студент еді. Олар колледж жастарына есірткіні «жасырып кетуші» болып жүргенде бұны жеңіл жолмен ақша табу деп ойлағандарын, алайда көп өтпей бостандығы көзден бұлбұл ұшқанда ғана өкініштен сан соққанын баяндап берді. Былтыр да облыстық прокуратураның бастамасымен осы оқу орнында білім алып жатқан 200-дей студенттің сотталған «жасырып кетушілермен» кездесуі ұйымдастырылған еді. Темір тордың арғы жағында отырған жас жігіттер мен қыздардың оқиғалары студенттерді терең ойға жетелеп, заңнан аттаудың арты жақсы болмайтынын ұқтырды», дейді Қ.Әбдіханов.
Бүгінде СҚО Полиция депатаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастамасымен журналист Зәкіржан Мамлютов түсірген «Закладчики. Расплата» деректі фильмі облыстың мектептері мен жоғары оқу орындарында көрсетіліп жатыр. Бұл да – жеңіл жолмен ақша табуды көздеп, түрмеге тоғытылған жастардың шынайы өмірінен алынған деректерге негізделген туынды.
Бұған қоса Солтүстік Қазақстан облысында 2024–2025 жылдарға арналған есірткіге қарсы іс-қимыл жол картасы әзірленген. Осы құжат шеңберінде дөңгелек үстелдер, профилактикалық әңгімелер, тәрбие сағаттары, акциялар, буклет тарату, рейдтер, фильм көрсетілімдері, есірткіні жарнамалайтын граффити жазуларды өшіру, дәрістер, т.б. іс-шаралар өткізіліп келеді.
Жалпы алғанда, мамандар Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер аяғын шалыс басқан азаматтардың қоғамға тезірек оралуына, қылмыстық атқару жүйесіне түсетін жүктемені азайтуға, еліміздегі қылмыстық жауапкершілік жүйесін әділ әрі теңгерімді етуге мүмкіндік бергенін айтады.