Аймақтар • Бүгін, 09:35

Ауыл әкімдері не үшін жазаланды?

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірлік экология департаменті Тереңкөл ауданында тексеру жүргізіп, 12 ауылдың әкіміне қоқыс орындарын заманға сай салмағаны үшін айыппұл салды. Жергілікті әкімдер неге жазаланғандарын түсіне алар емес. Экологиялық кодекс талаптарына сүйенсек, Павлодар облысындағы 316 елді мекеннің қоқыс полигондары заңсыз болып есептеледі.

Ауыл әкімдері не үшін жазаланды?

Сурет: turkystan.kz

Антикор қызметінің пәрмені бойынша өңірлік экология де­пар­таментінің мамандары Тереңкөл ауданына барып, қоқыс орындарын жоспардан тыс тексерген. Нәтижесінде, ондағы барлық 12 ауылдық округте (Әулиеағаш, Бай­қоныс, Береговой, Жаңабет, Жаңа­құ­рылыс, Ивановка, Калиновка, Октябрьск, Песчан, Тереңкөл, Томарлы, Алтай) қалдықтарды сақтауда заң бұзу­шылық бар екені анықталған. Тексеріс қоры­тын­дысында ауылдық округ­тер­дің әкімдеріне 15 айлық есеп­­тік көр­сеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.

Антикор қызметі аудандардың бюд­жеті шектеулі, облыста жаңа қоқыс полигондарын жүзеге асы­ру әзірше мүмкін емес еке­нін мүлде назарға алмағаны таң­ғалдырады. Парадокс жағдай екі арада ауыл әкімдерін негізсіз жа­за­лауға соқтырып отыр. Мұн­дай айыппұл бұған дейін Ақто­ғай, Шарбақты, Павлодар аудан­дарының әкімдеріне де салыныпты.

Мәселені кеңірек түсіндіріп өтейік. Ертіс-Баян өңірінде қазіргі уақытта заманға сай жаб­дықталып, экологиялық құ­жаттарын алған небәрі 3 қо­қыс полигоны ғана бар. Олар Павлодар, Екібастұз, Ақсу қа­лаларында орналасқан. Өкі­нішке қарай, еліміздің Эко­логиялық кодексінде көр­сетілген ережелерге сай келетін қоқыс орындарын құру өзге елді мекендерде қаржылық тұрғыдан мүмкін емес. Заманға сай қоқыс алаңдарын салу, жабдықтау өте қымбат тұрады. Егер Кодекске бағынып, барлық полигондарды реттеп шығамыз десек, облысқа 300 млрд теңгеден астам қаражат қажет болады. Оны аудандар тұрмақ, облыстың бюджеті кө­термейді.

Бұл мәселе қазіргі уақытта ауылдық жерлердегі қоқыс төгу орындарының жағдайын қи­ын­датып отыр. Яғни заң бар, бірақ оны орындайтын қаржылық ресурс жоқ.

– Өңірде аудан-ауылдардағы қоқыс полигондарының орна­ласқан жері ғана тіркелген. Заң жүзінде оларда экологиялық рұқсат құжаттары, қоршау, таразы, қоқысты сұрыптайтын орын, арнайы көліктер, т.б. болуы керек. Алайда ондай мүмкіндік аудандардың қолынан келмейді. Ауыл халқы рұқсат етілмеген полигондарға қоқыс тастауға мәжбүр болып отыр. Себебі жа­ңадан салынған қоқыс орындары жоқ. Қолданыстағы заңнама бо­йынша ауылдық полигондарды әзірге заңды деп санауға болмайды, – дейді облыстың мемлекеттік экологиялық инспекторы Руслан Темірболатов.

Қоқыс алаңдарын ұйым­дастыру елді мекендердің қо­лынан келмейтіндіктен, адам саны көп тұратын Баянауыл, Майқайың, Тереңкөл, Ертіс ауыл­дарында полигондар салуға Эко­логия министрлігіне өтінім бе­рілген. Бірақ министрліктен жауап жоқ. Жобаны іске асыру мерзімі – жеті ай.

– Төрт ауылға қатысты қо­қыс орын­дарының жоба-сме­талық құжаттамасын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткіз­­­дік. Әрқайсысын іске асыруға 1 млрд теңге керек. Облыста 316 қоқыс полигоны Экология кодексінің талаптарына сай емес. Олардың барлығын реттеп шығу өте көп қаражатты қажет етеді. Сондықтан ауылдарға белгілі бір жеңіл­діктер жасалуы керек. Әрі барлық өзгеріс Министрлік тара­пынан орталықтандырылған жүйеде ұйымдастырылуға тиіс, – дейді Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қор­шаған орта және су ресурстары басқармасының бас маманы Сандуғаш Нұрғажинова.

Облыс экологтері заңсыз қо­қыс үйінділерін анықтау, тәртіп бұзу­шылардың әрекетіне жол бермеу, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жұмыстары үзбей жүргізіліп келе жатқанын мәлім етті.

 

Павлодар облысы