Осындай ауқымды жоба шаһардың Еңбекші ауданы, Момынов көшесі бойындағы теміржол өткелінде де қолға алынды. Күрделі нысанды салуға құрылысшылар өткен жылдан бастап кіріскен. Жауапты сала өкілдерінің айтуынша, мердігер компания құрылыс жұмыстарының 30%-ын орындап қойды. Инженерлік желілерді қайта орнату жұмысы толығымен аяқталды. Өткелді биылғы жылдың соңына қарай пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобаның нәтижесінде көлік кептелісі азайып, жол қозғалысы жақсара түседі.
Құрылыс барысын зерделеу, бақылау мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылды. Оның құрамында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаментінің еріктілері, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Шымкент қалалық филиалының мамандары мен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері бар. Еріктілер мен сала мамандары тікелей нысан басына барып, құрылыстың қалай жүріп жатқанын өз көздерімен бақылады. Өткелдің сапасын құрылыс нормасына қатысты тексеріп, белгіленген талаптарға сәйкестігін мұқият зерделеді.
«Салынып жатқан нысанның темірбетон конструкциялары-ның сапасын тексеріп шықтық. Сонымен қатар жол-құрылыс материалдарынан сынамалар алынып, олардың нормативтік талаптарға сәйкестігін анықтадық. Жол құрылысы – маңызды жоба. Күн сайын жүздеген көлік өтетін өткел сапалы болуы шарт. Сапасыз салынған нысан ертеңгі күні мемлекетке қосымша шығын. Одан бірінші кезекте қарапайым көлік жүргізушілері зардап шегеді. Сондықтан жол құрылысы сапасына бақылауды қазірден күшейту керек», деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалы сапа және мәліметтік есеп бөлімінің басшысы Лұтфулла Кенжаев.
Жұмысшы топ көпір құрылысында қолданылып жатқан материалдардың сапасына ерекше назар аударды. Сонымен қатар нысандағы құрылыс қарқыны мен еңбек қауіпсіздігі шаралары қаншалықты сақталып жатқанын да саралады.
«Құрылыс жұмысының сапасы мен белгіленген талаптарға сәйкестігін қоғам болып назарға алу, бақылап-тексеру – ашықтықты қамтамасыз етудің, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың немесе қаупін азайтудың бірден-бір тетігі. Сыбайлас жемқорлық құрылыс саласында да көп. Соның салдарынан құрылыс сапасы нашарлайды. Оған бірінші себеп – сапасыз құрылыс материалдарын пайдалану, содан соң құрылыс жұмысының норма мен ережеге сай атқарылмауы. Қазірде Президент тапсырмасымен елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейіп жатыр. Өткел сапасын бақылайтын жұмысшы топ құрудағы мақсат та осы. Сондықтан еріктілер мен мамандар нысан толық салынып біткенше құрылыс жұмыстарына тұрақты мониторингті жалғастыра береді», деді зерделеу тобының волонтері Жасмин Әшімова.
Зерделеу қорытындысы бойынша сарапшы топ нысандағы құрылыс сапасының барлық техникалық талаптарға сай екенін анықтаған. Яғни олар құрылысқа «өте жақсы» деген баға беріп отыр.
Жаңа теміржол өткелі – қаланың шығыс бөлігін орталықпен байланыстыратын, көлік қозғалысын жеңілдетіп, жол-көлік кептелісін азайтатын маңызды инфрақұрылымдық жоба. Өткелдің құрылыс жұмыстарына қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы да тұрақты бақылау жүргізеді. Мамандар құрылыстың әрбір кезеңінің белгіленген талаптарға сай орындалуын мұқият қадағалап отыр. Жол құрылысы мен сапасына жауапты мекеменің деректеріне сүйенсек, биыл Шымкент қаласында 342 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның 43,7 шақырымы қайта жаңғыртылып, 17,1 шақырымы күрделі жөндеуден өтеді. 323 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ол шамамен 201 шақырым жолды құрайды.
ШЫМКЕНТ