Медицина • Кеше

Тактикалық медицинаның мүмкіндігі зор

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маусым айының үшінші жексенбісі Медицина қызметкерлерінің күні. Биыл бұл кәсіби мереке 15 маусымға түсіп отыр. Бұл – дәрігерлерге, медбикелерге, фельдшерлер мен санитарларға, яғни халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауда алдыңғы шепте жүрген барша медицина мамандарына арналған күн, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тактикалық медицинаның мүмкіндігі зор

Әсіресе қауіп-қатер жағдайында – әскери іс-қимылдарда, төтенше жағдайларда және лаңкестікке қарсы операцияларда медициналық көмек көрсететіндер үшін ерекше мәнге ие. Сол себепті Ұлттық ұлан құрылымында 2025 жылғы маңызды бастаманың бірі – тактикалық медицина қызметін құру болды.

Тактикалық медицина – шұғыл жағдайларда, санаулы минуттар шешуші рөл атқаратын кезде, дәстүрлі азаматтық медицинаның тәсілдері тиімсіз болатын сәттерде көмек көрсету жүйесі. Жалпыға мәлім, ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, арнайы операцияларға, лаңкестікке қарсы іс-шараларға, табиғи апаттар мен төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысады. Мұндай жағдайда кәсіби медицина мамандары келгенге дейін алғашқы медициналық көмекті жедел әрі сауатты көрсете білу аса маңызды.

1


Ұлттық ұланда тактикалық медициналық дайындық Tactical Combat Casualty Care (TCCC) халықаралық стандарты бойынша жүргізіледі. Бұл – ұрыс жағдайында жарақат алғандарға көмек көрсету хаттамасы. Ол құқықтық тәртіп әскерлерінің міндеттеріне бейімделген және үш негізгі кезеңнен тұрады:

Care Under Fire – оқ астында көмек көрсету (қан тоқтататын таңғыштар салу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету);

Tactical Field Care – дала жағдайында көмек көрсету (қан кетуді тоқтату, тыныс алуды қалпына келтіру, жағдайды тұрақтандыру);

Tactical Evacuation Care – эвакуация кезінде көмек (медициналық мекемеге дейін сүйемелдеу және көмек көрсету).

2

Оқыту арнайы оқу орталықтарында өткізіледі. Бағдарлама теориялық сабақтармен қатар, жауынгерлік жарақаттар мен төтенше жағдай сценарийлерін нақты модельдейтін заманауи тренажерларда практикалық жаттығуларды қамтиды.

Тактикалық медициналық дайындық – бір реттік шара емес, ол құқықтық тәртіп әскерін жаңғыртуға бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық қадам. Оның мақсаты – әскери бөлімдердің жауынгерлік қабілетін арттыру, жеке құрам арасындағы адам шығынын азайту және әскери ортада медициналық сауаттылық мәдениетін қалыптастыру.

Бұған қоса, ІІМ Ұлттық ұланының патрульдік қызмет атқаратын әскери қызметшілерінің әрқайсысы алғашқы медициналық көмектің базалық дағдыларына үйретіледі. Бұл жауынгер жарақат алған сәтте немесе бейбіт тұрғын зардап шеккен жағдайда, кәсіби медицина мамандары келгенге дейін дұрыс әрекет ете білу үшін қажет.

Тактикалық медицина нұсқаушылары оқу-жаттығу сабақтарын үнемі өткізіп тұрады, оның ішінде шынайы жағдайға барынша жақын ортада далалық жаттығулар ұйымдастырылады. Бұл әскери қызметшілердің күйзеліске төзімділігін арттырып, өзінің не өзгенің өміріне төнген қауіпке шұғыл әрекет етуді үйренуге мүмкіндік береді.

 

Соңғы жаңалықтар