
– Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсат-міндеттері орындалып жатыр ма? Осы арқылы қандай түйткілді мәселелер шешімін табады?
– «Келешек мектептері» жобасы – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған стратегиялық бастама. Жобаның мақсаты – еліміздің барлық өңірінде кез келген балаға қолжетімді жаңа форматтағы білім ұйымдарын құру. Жоғары сапалы білім стандарттарын жаппай енгізу арқылы әр баланың жан-жақты дамуына және өз әлеуетін толық ашуға тең мүмкіндік жасау. Ұлттық жоба балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заман талабына сай жағдайда сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. «Келешек мектептерінің» 40%-ы ауылдық елді мекендерде салынып жатыр. Осылайша, 200 мыңнан астам ауыл баласын заман талабына сай жайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жоспарланған. «Келешек мектептерінің» басты артықшылығы – онда оқушыларға қолайлы, эргономикалық білім кеңістігі жасалған. Бұл мектептердің көлемі типтік жобаларға қарағанда 15–20%-ға үлкен, ал техникалық жарақтануы жағынан 4 есеге артық. Сондықтан мектептегі орын тапшылық мәселесі біртіндеп шешілетін болады.
– Заманауи технологиямен жабдықтау және қауіпсіздік жүйесіне тоқталып өтсеңіз?
– Мектептерде роботтехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары, 4 спорт залы бар, заманауи пәндік кабинеттер, алғашқы әскери дайындық үшін арнайы ашық алаңдар қарастырылған. Барлық мектеп заманауи жиһаздармен және оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталып, әрбір оқу кабинеті үшін қажетті техникалық құралдар жиынтығы қамтамасыз етілген. Бұның барлығы ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұлттық жоба аясында салынған мектептерде қауіпсіздік жүйелері күшейтілген.
– «Келешек мектептерінің» қандай артықшылығы бар?
– Қарым-қабілетіне қарамастан кез келген балаға жағдай жасалған, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар жеткіншектер үшін де жеке санитарлық бөлмелер, кең кабинеттер, жеделсаты, пандустар, арнайы белгілер, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері қарастырылған. Сондай-ақ мұғалімдер интерактивті технологиялар мен пәндік зертханаларды қолдана отырып, әр оқушының қызығушылығы мен қабілетіне қарай тұлғалық дамуына жол ашады. Білім барысында Президент белгілеген «Адал азамат» тұжырымдамасының негізінде оқушыларды әділдікке, еңбекқорлыққа және адамгершілікке баулитын құндылықтар жүйесі қалыптасқан. Мектептегі білім үдерісі тек оқыту емес, өмірге бейімдеу, жауапкершілік сезімін ояту және қоғамдық сананы дамытуға бағытталған. Бұл мектептерде балалардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, ресурстарды үнемді пайдалану сияқты жауапкершілікті сезіну дағдыларын дамытуға ерекше мән беріледі. Осы қағидалар Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» идеясын балаларға мектептен бастап бойына сіңіруді көздейді.
Жобаның негізгі басымдықтарының бірі – оқушыларға ерте жастан кәсіби бағдар беру. Бастауыш сыныптарда түрлі мамандық иелерімен кездесулер, арнайы апталықтар ұйымдастырылады. 7-сыныптан бастап тереңдетілген бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім курстары енгізіледі. Бұл үдерісті тиімді үйлестіру және басқару мақсатында «Мансап компасы» атты арнайы цифрлық платформа әзірленіп отыр.
– Жоба бойынша кадр саясаты қалай жүргізіледі?
– Жобаның басты міндеттерінің бірі – жаңа технологиялар мен әдістерді тиімді қолдана алатын білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету. «Келешек мектептерінде» педагогтердің кәсіби даму үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Осы мақсатта мұғалімдерге арналған жаңа педагогикалық тәсілдер, заманауи әдістемелер мен цифрлық құралдарды меңгеруге бағытталған бағдарлама әзірленді. Бүгінгі күні 3000-нан астам мұғалім біліктілікті арттыру курсынан өтті.
«Келешек мектептері» моделі еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектептің дамуына негіз болмақ. Пысықталған стандарттар, әдістемелер, және басқару шешімдері бүкіл республика бойынша таратылады.
Әңгімелескен –
Айтолған ЖҮНІСХАН,
«Egemen Qazaqstan»