
Суретті түсірген – Соня Пенчева (Ральф Ринцлер мұрағаты)
Қолымыздағы қазақ қолөнер шеберлерінің бейнесі екі жыл бұрын Вашингтонда өткен дәстүрлі Смитсон фольклорлық фестивалі (The Smithsonian Folklife Festival) кезінде түсіріліп, Америка ақпарат құралдарында «Soul of Tengri» атауымен жарияланып қана қоймай, ең үздік сурет атанған.
Сонау 1967 жылдан бері өткізіліп келе жатқан фольклорлық фестивальға 2023 жылы Қазақстан, анығырағы – Қазақстан қолөнершілер одағының өкілдері «Тәңірі рухы: қазақтың салт-дәстүрлері мен ырымдары» атты жобамен тұңғыш рет қатысқаны туралы осы оқиғаға ортақтасу бағы бұйырған әріптестеріміз жазды да.
Смитсон инстиутына 60-жылдардың басында әйгілі орнитолог Сидни Диллон Рипли хатшы болып тағайындалады. Сол кездің өзінде 154 миллиондай орасан жәдігері бар институттың өмірі жаңа хатшыға тым қызықсыз, бірсыдырғы болып көрінсе керек. Сөйтіп ол шатырда жатқан Америка халықтарының бай мұрасына, музей артефактілеріне – ұлт мәдениеті арқылы жаңа леп сыйлау үшін фольклорлық фестиваль ұйымдастыру жөнінде идея тастап қана қоймай, жүзеге асырады. Әлбетте, алғашқы фестиваль жұртты да, журналистерді де таң қалдырса, әйнек астындағы жансыз экспонаттарға әбден көзі үйренген музейлер әлемі үшін тосын көрініп, халықтардың тіріліп шыға келгендей жәдігерлері біраз абдыратып, аздаған қорқыныш тудырған...
Смитсон институты Қазақстан мәдени мұралар қорының жұмысына қоса, жергілікті қолөнершілерді қолдау бастамасына қосылатынын ресми түрде мәлімдеді. Осы бастамаға орай, Смитсон институтының Фольклор және мәдени мұралар орталығының мамандары биыл мамыр айында жергілікті қолөнершілермен танысып, үш жылдық ынтымақтастық орнату үшін жоспар құру мақсатында Қазақстанға келіп, оңтүстік өңірлерге – Алматы, Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларындағы қолөнер шеберханаларын аралаған еді. Әрине, бұл сапардың соңы Алматыда БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатымен мәреге жетіп, Смитсон институтының мамандары «Бір суреттің сыры» айдарына сұранып шыға келген суреттің тарихын ықыласпен баяндап, өзге де естеліктерді жаңғыртты.
Айтқандай, 2023 жылы Смитсон фольклорлық фестивалінің бірінші күнінде адыраспан тұтатқан қазақтар қолөнершілерін көрген америкалық үндістер бірден: «Бұл біздің ырымымыз ғой», дескен екен... Түбі жоқ тарихтың бедерінде халықтар қай тұста түйісіп, қай арада туысатыны зерттелуі бітпейтін бір тылсым дерсіз?
АЛМАТЫ