
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Поти портындағы терминалдың іске қосылуын Қазақстанның көлік саясаты үшін ерекше символдық мәні бар деп бағалайды.
«Бұл тек логистикалық жоба емес. Қазақстанның Ресей аумағын айналып өтіп, өз жүгін Еуропаға тікелей жеткізуге деген ұмтылысының нәтижесі. Геосаяси тұрғыда тәуелсіз транзиттік саясаттың бастамасы. Әсіресе санксалық жағдайда батысқа апарар балама жолдың болуы өте маңызды», деді сарапшы.
PTC Holding басқарма төрағасы Бекмұрат Нағызбеков терминалдың іске қосылуын болашақ инфрақұрылым үлгісі ретінде сипаттайды.
«Поти терминалы – жекелеген нысан емес, болашақ логистикасының архитектурасы. Ол ашықтық пен тұрақтылық қағидатына негізделген, халықаралық нарықпен интеграцияланған. Бұл инфрақұрылым қазірдің өзінде сұранысқа ие бағытта қызмет көрсетеді», деп мәлімдеді ол.
Жаңа терминал жылына 120 мың тонна жүк өңдеуге қабілетті. Жобаның жалпы инвестициялық құны 31,5 млн доллар. Қаржыландыруды Қазақстанның Halyk Bank-тің еншілес құрылымы қамтамасыз етсе, құрылыс жұмыстарын әзербайжандық INNOPRO компаниясы атқарған. Техникалық жобалау мен іске қосу кезеңіне Грузия және Әзірбайжан мамандары тартылған.
Көлік және логистика саласының сарапшысы Әлішер Сейітов ТХКБ бағытының халықаралық маңызын атап өтті:
«Поти порты арқылы Қазақстан Қара теңізге, одан әрі Жерорта теңізіне, Еуропаға жол ашады. Бұл жобаның тиімділігі – жүкті Каспий арқылы Ақтаудан Порт Бакуге жеткізіп, ары қарай теміржолмен Поти портына, одан кейін теңіз арқылы Румыния, Болгария, Грекияға тасымалдау мүмкіндігінде. Бұл дәліз Қазақстанға сауда бағыттарын әртараптандыруға нақты мүмкіндік береді», деді ол.
Орта дәлізбен тасымалданатын жүк көлемі 2021 жылы 600 мың тоннадан 2024 жылы 4,5 млн тоннаға дейін ұлғайған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,2 млн тоннаға, ал 2027 жылға қарай 10 млн тоннаға жетеді деп болжануда. Контейнерлік жүк айналымы 95 мың TEU көлемінде жоспарланған. Бұрын Поти портына тәулігіне бір ғана пойыз келсе, ендігі уақытта бұл көрсеткіш беске дейін артуы мүмкін.
Транзит және инфрақұрылым саласындағы сарапшы Айбек Қасымов жобаның еліміздің көлік стратегиясындағы маңызына тоқталды:
«Бұрын Қазақстан жүк тасымалында Ресей темір жолдарына тәуелді еді. Енді Поти терминалы арқылы балама бағыт нақты іске қосылды. Бұл Қазақстан экспорттаушылары үшін уақыт пен шығынды үнемдеуге жол ашады. Қытай–Қазақстан–Каспий–Кавказ–Қара теңіз–Еуропа тізбегі енді толық іске қосылып отыр», деп түсіндірді сарапшы.
2024 жылы Тбилиси қаласында жаңа теміржол контейнерлік терминал пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 2022–2027 жылдарға арналған жол картасы аясында Ақтау және Құрық порттарын кеңейту жұмыстары жалғасуда. Қытаймен шекарадағы Бақты–Чугучак өткелі де алдағы уақытта іске қосылмақ.
Сымбат Аскарқызы,
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті