
Шілде айында әлемдік мұнай нарығында қозғалыс күшейеді. ОПЕК+ ұйымына мүше 8 мемлекет – Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, БАӘ, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман мұнай өндірісін арттыру туралы шешім қабылдады. Ұйымның виртуалды отырысында қабылданған бұл шешім 2024 жылғы желтоқсандағы жоспар аясында іске аспақ. Нақтырақ айтқанда, келесі айдан бастап осы елдер бұрын өз еркімен қысқартқан өндірісті біртіндеп қалпына келтіре бастайды. Жалпы өсім – тәулігіне 411 мың баррель.
Елімізге бөлінген шілде айындағы квота – 1,514 млн баррель. Бұл маусым айымен салыстырғанда өсім бар екенін көрсетеді. Мәселен, Ресей 9,24 млн, Сауд Арабиясы 9,53 млн, Ирак 4,12 млн баррель мұнай өндіреді. Дегенмен ОПЕК+ осы шешімді абсолютті емес, икемді қадам ретінде сипаттап отыр. Егер нарықта жағдай күрт өзгерсе, өндірісті арттыру уақытша тоқтауы да мүмкін.
Экономист Расул Рысмамбетов мұнай өндірісіндегі бұл өзгерістерді еліміз үшін маңызды кезеңнің бір бөлігі деп бағалайды.
– Мұнай өндірісін икемді түрде реттеу арқылы нарықтағы тұрақтылықты сақтаймыз. Сонда еліміздің сенімді серіктес ретіндегі беделі арта түседі. Бірақ бұл рөлге қол жеткізу үшін тек өндіріс емес, ішкі құрылымдық өзгерістер де қажет. Елімізді көршілермен салыстырып, бәсекеге итермелеу – қате көзқарас. Өйткені әр елдің даму кезеңі, экономикалық мүмкіндігі мен бағыты әртүрлі. Бірі жаңа ғана экспорттық саясат құрып жатса, енді бірі экономикалық оқшауланудан шыққан жоқ. Қазақстан – 30 шақырымдық марафонды артта қалдырған ел. Біз қателіктерден сабақ алдық, реформаларды бастан өткердік, институционалдық негіз қалыптастырдық. Сондықтан жарысқа түсу емес, аймақты үйлестіретін экономикалық платформа болу міндеті жүктеліп отыр, – дейді экономист.
Экономист ел болашағы үш бағытта айқындала түседі дейді: өңдеуші өнеркәсіп, агросекторды жаңғырту және логистикалық хабқа айналу.
– Шикізат тасымалдаушы ел болып қала берсек, ұзақмерзімді дербестікке қол жеткізе алмаймыз. Тау-кен және металлургия саласында терең қайта өңдеуге көшуіміз керек. Ауыл шаруашылығында жаңа технологиялар енгізу арқылы өнімділік пен бәсекеге қабілеттілік артады. Логистика – географиялық артықшылығымызды капиталға айналдыратын құрал. Қытай мен Еуропаның арасында отырған елдің толыққанды транзиттік ойыншы бола алмауы – үлкен мүмкіндікті уыстан шығарып алумен тең, – дейді Р.Рысмамбетов.
Мұнай өндірісіндегі икемді қадамдар, ішкі реформалар және аймақтық кооперация – Қазақстанды Еуразия экономикасының өзегіне айналдыратын негізгі тіректер. Егер тиімді пайдалана білсек еліміздің стратегиялық мүмкіндігі бізді сөзсіз сенім мен тұрақтылықтың орталығына айналдырмақ.