Балалар • Кеше

Этноауылдағы демалыс

60 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жазғы демалыс уақытында Ертіс-Баян өңірінде 109 мыңнан астам оқушыны жазғы лагерьлермен қамту жоспарланып отыр. Бұл – 1–10-сыныптарда білім алып жатқан балалардың 98,5 пайызы.

Этноауылдағы демалыс

Ауылдық мектептерде білім нәрін сіңіріп жатқан зерек шәкірттерге, түрлі білім сайысы мен байқау жүлдегерлеріне «Қазақстан халқына» қоры есебінен және меценаттардың қаржысына лагерьлерге жолдама беріліп жатыр.

Облыс бойынша 334 мектеп жа­нындағы лагерьлерде 38 155 оқушы, 357 бейіндік лагерьде 51 615 оқушы демалады. Биыл «Демалуға жолдама сыйла» акциясы жалғасын тауып, өңір кәсіпкерлері қала сыртындағы лагерьлерге 591 жолдама сатып алды. Ерек­ше қабілеті бар балалар үшін қала­лар мен аудандар орталықтарындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде, 4 арнайы мектепте лагерьлер жұмыс істеп тұр.

– Жаппай оқыту қорының қара­жа­ты есебінен әлеуметтік қорғалма­ған отбасылардан шыққан және жетім­дер есебінде тұрған 13 мыңнан аса бала мектеп жанындағы және қала сыр­тындағы лагерьлерде демалыспен, сауықтырумен қамтылатын болады. Осы бағытта жаппай оқыту қорынан 235 млн теңге бөлінсе, балалар үйінің 334 тәрбиеленушісіне 314 млн теңге қарастырылған. Биыл облыс бойынша қала сыртындағы 11 лагерь­де бес мыңға жуық бала демалады деп жоспарлан­ған. Жеңілдікпен немесе тегін жолдама­мен баратын оқушылардан бөлек, ақылы жолдамалар да үлестірілді. Мұндай лагерьлерде балалар 15 күн демалады. Ақылы лагерьлердің төлемақысы 35 мың теңгеден басталады, –дейді өңір­лік білім беру басқармасы тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің бас­шысы Гүлдана Теміржанова.

Лагерьлердің материалдық-тех­ни­калық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 52 млн теңге бөлінген. Ал мектептегі еңбек жасақтарына, абаттандыру және көгалдандыру бригадаларына, мектеп орманшылықтарына 2 200-ден астам жоғары сыныптың оқушылары тартылады.

Екібастұз қаласы биыл да оқу­шылар үшін дәстүрлі этноауыл нақы­шындағы жазғы демалысты ұйым­дастырып жатыр. Мектептер жанында және «Қайнар» шығармашылық орталығында жалпы саны 16 киіз үй тігіліп, балалар күн сайын халқы­мыз­дың ұлттық салт-дәстүрінен сусын­дайды. Биыл мұнда «Басқұр тоқу» жобасы басталған. Қолөнер шеберлері мектеп оқушыларына ежелгі қазақ қолөнерінің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік ұсынады. Бастаманың аясында киіз басу өнері мен киіз үйге арналған дәстүрлі оюлы басқұр тоқуды үйреніп жатыр. Мұндай ерекше лагерьлер ұлттық рухты жаң­ғыр­тып, жас ұрпаққа ата-бабамыздың асыл мұрасын, бай салт-дәстүрін насихаттауды мақсат етеді. Балалар ою-өрнек қиып, қазақтың ұлттық тағамда­рын дайындауды үйренеді, қолөнер бұйымдарын жасап, шеберліктерін шыңдайды. Күн сайын домбыра­ның күмбірі естіліп, терме мен күй арқылы рухани азық алуға мүмкіндік беріледі.

– Ұлттық этнофестиваль жобасы бойынша жазғы лагерьлеріміз­дің жұмысы әр алуан бағытта құрылған. Мәселен, ер балалар қамшы өру­мен танысса, қыз балалар түрлі тоқыма өнерлерін меңгереді. Барлық мектепте бестемше ойынына мән беріліп жатыр. Бестемше – тоғызқұмалақ сияқты математикалық ойын. Балабақшадан бастап енгізіп, балалардың жылдам есептеу зейінін арттыруға назар аударудамыз. Ойынды кез келген жерде ойнауға болады. Бұған қоса еліміздің ұлттық ойындар академиясымен байланысып, асықтың бес түрі бойынша асық жиынтықтарын алдырттық. Оқушыларымыз демалыс кезінде бес кеней, бес асық және т.б. асық ойын­дарын ойнайды. Тағы бір бағыт – зергерлік, қыш құмыралар жасау өнері. Оған қызығушылар саны да көп екенін байқаймыз. Күн сайын балалары­мыз лагерьлерде қазақ әндері мен билері, күйлер, шешендік сөздер, бата беру бойынша сайыстарға қатысады, – дейді Екібастұз қалалық білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.

Кеншілер қаласы мен оған қарасты ауылдарда 40 мектеп бар, олардың бар­лығында жазғы лагерьлер жұмыс істеп тұр. Жалпы саны 22 мыңға жуық бала қызықты демалыспен қамтылған. Педагогтер тәртібі қиын, осал топ­тағы жасөспірімдерді де ұмытпаған. Әр күні кешкілік есепте тұрған 100-ден астам баланы ойын алаңдарына шақырып, түрлі сайыстар ұйымдастырады. Қала бойынша 600 бала еңбек жасақтары­на тартылса, 4 мыңнан астам оқушы жергілікті кәсіпорындарда жаз айларында еңбек етіп жүр.

Маусымның соңына таман жаз­ғы демалыста жүрген 200-ден астам екі­бастұздық жас өренді этносапар күтіп тұр. Баянауылдағы Торайғыр ауылында 15 киіз үйден тұратын этноауыл құрылып, балалар сонда бірнеше күн тынығады. Ұлттық ойындар, табиғат аясындағы танымдық серуендер мен шығармашылық бағыттағы іс-шара­лар балалар үшін есте қаларлық сапар болмақ.

Оқушылардың демалысын қызық­ты өткізу Баянауыл ауданында да барын­ша ескерілген. 26 мектептің 23-інде жаз­ғы мектеп жанындағы алаңдар жұмысын бастап кетті. 1–10-сыныптарда оқитын 3 967 бала толығымен қамтылған. Жаз­ғы демалысты ұйымдастыруға бюджет­тен 22 млн теңгеден астам қаражат бөлі­ніп, бастауыш сыныптардың 1 230 оқушы­сы ыстық тамақпен қамтамасыз етіл­­ген. Торайғыр ауылындағы «Балдәу­рен» сауықтыру лагері де есігін айқара ашып, аудандағы 160 оқушы, соның ішін­де жөндеу жүріп жатқан мектептер­дің оқушылары, сондай-ақ көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың, жетім және қамқоршысынан айрылған балалар демалады. Ал облыстық деңгейдегі «Жасдәурен» оқу-сауықтыру лагерінде ауданнан 80 оқушы демалады.

Аудандық білім беру бөлімінің әдіс­кері Гүлден Хабибуллинованың сөзінше, балалар алдағы уақытта Баян­­ауылдың киелі жерлеріне сапар­лай­ды. Атап айтқанда, Мәшһүр Жүсіп кесе­несіне, Қ.Сәтбаев пен С.Торай­ғыров­тың мұражайларына, Жасы­бай батыр бейітіне, «Қоңыр әулие» үңгі­ріне, «Кемпір тас» жартасына таным­дық саяхатқа шығады. Одан бөлек, жас жеткіншіктер Астана, Алматы, Қара­ғанды, Павлодар қала­ларына, Абай Құнан­байұлының 180 жыл­дығына орай Жидебайға қызықты сая­хатқа барады.

 

Павлодар облысы