Руханият • Кеше

Ұлық тарихшы – Ұлықбек

180 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Елімізде соңғы жылдары Жошы ұлысына қатысты іргелі зерттеулердің жүргізіле бастағаны белгілі. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлық ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығы мен Жошы ханның дербес билікке келіп, таққа шығуының 800 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту – халқымыздың тарихи санасын жаңғыртып, мемлекеттік дәстүрді терең пайымдау үшін маңызды қадам болды. Осы тарихи белесте ортағасырлық дереккөздерді ғылыми айналымға енгізу жұмыстары да жүйелі жүзеге аса бастады. Соның бір айқын дәлелі – әйгілі ғұлама ғалым, Темір әулетінің билеушісі Мырза Ұлықбектің «Тарих-и арба улус» («Төрт ұлыстың тарихы») атты шығармасының қазақ тіліне аударылуы.

Ұлық тарихшы – Ұлықбек

Қазіргі кезеңде алтын әулет ұрпағы алты құрлыққа билік жүргізген Шыңғыс қағаннан мемлекеттік бастауын тартатын елдер көп, бұл тақырыпта қалам тартатын жандар да аз емес. Осыған байланысты кейде түп деректерге сүйенбеуден ұшқары пікірлер, жаңсақ жорамалдар айтылып жүргені белгілі. Сайып келгенде, мұның негізгі себебі түпнұсқа деректерді оқымаудан, ғылы­ми деңгейде игермеуден туған олқы­лықтан деуге болады. Осы орайда Шың­ғыс хан құрған империя тарихына, соның ішінде әсіресе Жошы ұлысы­на қатысты канондық нұсқадағы ор­таға­сырлық дереккөздері арасында Мыр­за Ұлықбектің «Тарих-и арба улус» еңбегінің бағасы орасан зор.

Әйгілі Әмір Темірдің сүйікті не­мересі, Шахрухтың тұңғышы Мырза Ұлықбек, толық аты – Мұхаммед Тарағай 1394 жылы 22 наурызда дүниеге келген, атасының қамқорлығымен Самарқанда жақсы білім алған. Математика және астрономия салаларында терең зерттеулер жүргізіп, ірі еңбектер жазған Ұлықбек тарих ғылымына да өзіндік із қалдырған. Төңірегіне Шарафаддин Али Язди, Абдурразақ Самарқанди, Низаммеддин Шами, шах Довлет-ибн Бах­тишах сияқты сол дәуірдің ең көрнекті тарихшыларын топтастырған ол «Тарих-и арба улус» еңбегін жазып шықты. Өзбекстандық ғалым, академик Б.А.Ахмедовтың айтуынша, бұл шығарма 1425 жылы Мырза Ұлықбектің басшылығымен және тікелей қатысуы­мен жазылған. Осылайша, ол сонау Білге қағаннан басталып, өзінен кейін әйгілі Бабыр, Әбілғазы Баһадүр хан сияқты билеушілер тарапынан жалғасатын тарихты жасаған һәм жазған ұлық патшалар дәстүріне алтын арқау болды. Бұл дәстүрді кейін Мұстафа Кемал Ататүрік жалғастырды.

Өкінішке қарай «Тарих-и арба улус» кітабының толық нұсқасы сақталмаған. Қазіргі таңда оның қысқартылған төрт нұсқасы белгілі: екеуі Англияда, біреуі Үндістанда, тағы бірі АҚШ-тың Гарвард университетінің кітапханасында сақ­таулы. «Тарих-и арба улус» алғаш рет 1838 жылы британдық офицер Уильям Майлс тарапынан ағылшын тіліне аударылып, жарық көрді. Академик В.В.Бартольд, В.А.Вяткин, Т.Н.Кары-Ниязов сияқты ғалымдар іргелі еңбек туралы тілге тиек еткенімен, құнды шығарма толық аударылмады. Осы ретте, елімізде профессор Жұлдыз Төлебаеваның аталған шығармаға қатысты бірқатар зерттеулері бар екенін атап өту керек.

Шығарманы жазу барысында Ұлық­бек алдыңғы дәуірдің белгілі тарихшылары – Әбу Маашар әл-Балхи, Ата-Мәлік Жувейни, Рашид әд-дин сынды көрнекті тарихшылардың еңбектерін пайдаланғанын атап өтеді. Осы арқылы ол тек шежірелік сипатпен шектелмей, тарихи нақты деректерге салыстырмалы талдау жасағанын көреміз.

Бұл ретте, Ұлықбектің өзі де кейін­гі тарихшылар сүйенетін беделді тарих­шыға айналғанын байқаймыз. Мәселен, В.В.Бартольдтың жазуынша «Тарих-и арба улус» еңбегін Хандемир сынды өзінен кейінгі орта ғасырлық тарихшылар кеңінен пайдаланған. Оның Шағатай ұлысы мен Түркістан хандары туралы жазбалары негізінен осы шығармадан алынған. XVI–XVII ға­сырлардағы өзге де тарихи еңбектерде, соның ішінде белгісіз автор жазған «Тауарих-и гузида-йи Нусратнаме» туындысы да Ұлықбектің деректеріне жүгінгені байқалады. Сол сияқты ғұлама Махмуд ибн Уәли бұл еңбекке жоғары баға береді. Ал «Тарих-и Рашиди» кітабын жазу барысында шығарманы пайдаланған Мырза Хайдар Дулат өз еңбегінде Мырза Ұлықбекті ілтипатпен атап өтеді.

Парсы тілінде жазылған шығарма жалпы кіріспе мен жеті бөлімнен тұрады. Кіріспеде сол тұстағы жылна­машы­лардың мұсылмандық дәстүріне сай Адамата мен Нұх пайғамбар ұрпақтарының таралуы баяндалып, Мұхаммед пайғамбарға салауат айтылады. Бірінші бөлімде түрік және мұғул қауымдарының шығу тегі мұсылмандық және түркілік шежірелер аясында қа­рас­тырылып, Яфастан тараған Түрік ханның Әбулжа хан, Мұғул хан, Қара хан, Оғыз хан сияқты Түркістан топы­рағында билік құрған ұрпақтары арқылы таратылады. Екінші және үшін­ші бөлімде аңызға айналған Аланқуа мен оның ұрпақтары және жаһанды жаулаған Шыңғыс ханның ата-тегі, төңірегі баяндалады. Төртінші бөлімде қаһарлы қағанның жорықтары, бесінші бөлімде Жошы хан және ұрпақтары туралы кеңінен айтылады. Алтыншы бөлім Елханлы мемлекетіне арналса, жетінші бөлімде Әмір Темір билік басына келгенге дейінгі Шағатай ұлысының тарихы баян етіледі.

Жалпы, еңбек Шыңғыс хан ұрпақ­тары билік жүргізген төрт ірі саяси құрылым – Жошы, Шағатай, Үгедей және Хұлағу ұлыстарының тарихына арналған. Сондықтан кейбір қолжаз­баларда «Улус-и арба-йи Чингизи» («Шыңғыс әулетінің төрт ұлысы») деген атаумен де белгілі. Шығарманың негізгі мазмұны XIV–XV ғасырлардағы Орталық Азия, Шығыс Дешті Қыпшақ, Иран және Мауреннахр аумағындағы саяси құрылымдар мен этностық үдерістерді, ішкі және сыртқы қатынас­тарды жан-жақты қамтиды.

Атақты қыпшақ әмірі Гияседдин Тарханның қызынан туған һәм өзі Ұлық ұлыстың ханы Дервиштің қызы Шақар ханымға үйленген Мырза Ұлықбек Дешті Қыпшақ даласы мен Жошы ұлысының жылнамасын және Шыңғыс хан әулетінің шежіресін жақсы білген. Оның үстіне әділ әмірші, ғұлама ғалым ретінде төңірегіне даланың шежіре даналары мен қаланың білгір жылнамашы ғалымдарын топтастырып, Тұранның толқымалы, тағдырлы тарихының әрбір кезеңіне терең үңіліп отырған. Бұл ретте Мырза Ұлықбектің әйгілі Рашид ад-диннің (1247–1318) «тарихшы өз қиялынан бір нәрсе қосар болса, онда ол міндетті түрде негізсіз әрі қате болады» деп тұжырымын, бұлтартпас айғақ пен бұлжымас деректі ғана бағдар етіп алатын қағидатын басшылыққа алғаны байқалады. Сондықтан «Тарих-и арба улус» – Шыңғыс хан әулетімен бірге тұтас дәуірдің саяси-мәдени келбетін шынайы әрі жүйелі сипаттайтын бірегей тарихи туындыға айналды. Бұл еңбекте көрнекті ғалым Түркістан өңіріндегі билеуші әулеттердің өзара байланыстарын, сондай-ақ мәдени сабақтастық пен өркениеттік ықпалдастықты ғылыми әрі әдеби тәсілмен өрнектейді.

Еңбектің тағы бір құндылығы – Жошының тегі туралы тарихи дауларға қатысты нақты әрі әділетті деректер беруінде. Ұлықбекің осы шығармасында Жошыны Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы әрі заңды мұрагері ретінде аталып, оның тегіне байланысты тараған күмәнді әңгімелерге нақты деректер арқылы жауап беріледі. Сондықтан Ұлықбектің бұл кітабын Жошы ханды түрлі жала мен жалған сөзден арашалап алған еңбек деп бағалауға болады,

Ұлт тарихын білмеу – қасірет! Алайда одан өткен қасірет бар, ол – тарихты жаңылыс білу. Ұлттық санаға тарихи сана негіз болады десек, бұрмаланған түсініктен қате таным қалыптасады. Қазақ хандығының және оның бір бастауында тұрған Ұлық ұлыстың атасы Жошыға қатысты жаңсақ, жала сөзді тарихқа айналдыру – қиянат. Сондықтан тарихты дұрыс жазу және терең зерттеп, зерделеу – тарихты жасаумен бірдей өзекті іс.

Осы ретте тоқталып өтетін бір жайт, Жошының анасының ұзақ уақыт мер­­кіттер арасында тұтқын болғаны, сон­дықтан тегінің «күмәнді» екені туралы әртүрлі әңгімелер айтылғаны белгілі. Жошы ханның бұл тарихын Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» шы­ғар­ма­сында былайша баяндайды: «Жошы хан Шыңғыс ханның ұлдарының ара­сындағы ең үлкені болатын. Шыңғыс хан­ның әйелі Бөрте ханым Жошы ханға жүкті болды. Осы уақытта меркіт руы ыңғайлы сәтті тауып, Шыңғыс ханның үйін тонап, оның жүкті болған әйелін де тұтқынға алып кетті. Бұл ру осыған дейін керей патшасы Оң ханмен дұшпан болып, дауласып келген болса да, сол кезде олардың арасында бейбітшілік орнаған еді. Сондықтан олар Бөрте ханымды Оң ханға жіберді. Ол Шыңғыс ханның әкесімен екеуі аңда болғандықтан әрі Шыңғыс ханды ұлым деп атағандықтан, Бөрте ханымды сыйлайтын әрі құрмет ететін» дей келе, бұл жағдайдан хабардар болған Шыңғыс ханның Оң ханға Бөрте ханымды қайтарып беру туралы өтінішпен жалайыр руынан шыққан Саба есімді әміршіні жібергені туралы баяндайды. Демек, Бөрте тұтқынға түскенге дейін жүкті болған, ал аяғы ауыр келіншекті меркіттер Оң ханға берген. Шыңғыс ханды ұлы сияқты көрген керей ханы оны еріне қайтарған.

Мырза Ұлықбек осы мәліметті өз еңбегінде қайталайды. Ол Бөрте­нің тұтқынға түскенде алты айлық жүк­ті болғанын жаза отырып: «Ұлы сайып­қыран Шыңғыс ханның Жошыға деген мейірімі мен махаббаты, кеңпейіл­ділігі шексіз болғандығы соншалық, Ша­ғатай мен Үкітай (Үгедей) оған үнемі қыз­ғанышпен қараған еді» деп, олардың Жошыға жала жапқанын айтады. Өзі ғалым, өзі хан Ұлықбек «Шың­ғыс хан Жошы ханды өзге ұлда­ры мен қыздарының барлығынан арт­ық жақсы көрді» дейді. Бұл рас сөз сияқ­ты. Мәселен, «Моңғолдың құпия шежі­ресіне» жүгінсек, қоян жылы (1207) оң қанат әскерімен Орман еліне аттанған Жошы мәмілегерлік тәсілмен ойрат пен қырғызды бағындырып оралғанда Шыңғыс хан сүйсініп: «Ұлдарымның ағасы сен үйден шыға сала жолың болып, барған жеріңде ерді жарақаттамай, жылқыны қинамай, ырысты Орман ел-жұртын түгел бағындырып келдің. Осы ел-жұртты саған берейін», деп жарлық еткені баяндалады. Бұл – қаһар­лы қағанның ұлына сүйсініп, сен­генін, мұрагер ретінде үміт артқанын көр­сетеді. Жошы бұдан кейін Дешті-Қып­шақ даласы мен Хорезмге жасаған жорықтардың басында жүрді.

Дүниеге келуі көп әңгімеге негіз болған Жошының өлімі де жұмбақ екені белгілі. Осы оқиғаға қатысты Мырза Ұлықбек: «...Ордаға Жошы ханның өлі­мі туралы хабар келгенде, хабарды ұлы сайыпқыран Шыңғыс ханға жеткізуге ешкімнің батылы жетпеді. Ақыры әмірлер бір шешімге келді: ханға жақын ұлы әмірлердің бірі ұлық жыршыдан бұл хабарды мүмкіндігінше жеткізуін сұрау. Содан соң ұлы Шыңғыс хан жыр айтуға бұйырғанда, ұлық жыршы ыңғай­лы уақыт тауып жеткізгенін» жазады.

Әрі қарай оқиға былай өрбиді:

«Теңіз бастан бұлғанды, кім тұндырар, а, ханым?

Терек түптен жығылды, кім тұрғы­зар, а, ханым?»

деп сұрайды жыршы.

Шыңғыс хан бұған:

«Теңіз бастан бұлғанса, тұндырар ұлым Жошы-дүр,

Терек түптен жығылса, тұрғызар ұлым Жошы-дүр!»

жауап береді.

Бірақ жыршы өзінің өлеңін қайталай беріп, көзінен жас ағып тұрды.

Мұны көрген Шыңғыс хан секем алып:

«Жырың көңіл үркітер,

Жошы ұлым өлді ме?» – деп сұрайды.

Сонда жыршы Шыңғыс ханға қарап:

«Сөйлемекке еркім жоқ, сен сөй­ледің, а, ханым!

Өз еркіңмен өзіңе жауап бердің, а, ханым!» –

деген екен егіліп.

Осы кезде Шыңғыс хан да:

«Құлыны өлген құландай,

құлыным­нан айрылдым,

Айрылысқан аққудай,

ер ұлымнан айырылдым!»

деп жоқтаған екен.

Бұл дерек қазақ аңыздарымен сәй­кеседі. Мәшһүр Жүсіп: «Алаша хан­ның Жошы хан деген жалғыз баласы болыпты. Құлан қуамын деп, бала астын­дағы аты желігіп, құланның әңгісіне еріп, қазасы сонан болып, бала аттан жығылып, құлан теуіп өлтіріпті.

Алаша хан, Жошы хан,

Ақсақ құлан жосыған.

Құлан теуіп өлтірді,

Бұйрығын ақтан келтірді, – дейтін сөз содан қалған», – деп келтіреді. Мәшһүр Жүсіптің жазба деректен шамамен 500 жыл кейін келтірген ауызша айтылған аңызбен сәйкесуі – қазақ фольклорының дерекнамалық маңызын көрсетсе керек.

Төрт ұлыстың тарихында Шыңғыс ханның төрт ұлына да сипаттама, мінездеме беріледі. Мәселен, ұлық ханнан кейін таққа шыққан Үкітай (Үгедей) туралы «Ол сайыпқыран Шыңғыс хан сияқты өте ақылды, кемел және іскер адам болып, аса ізгілік пен жомарттық қасиеттерін өз бойына сіңірген еді. Барлық топтарға, әсіресе ислам дінін ұстанушыларға көп жақсылық жасады. Ол Мұхамед дінін ұстанушы болмаса да, әкесі сияқты мұсылман дінін өзге діндерден жоғары қоятын» деп жазды. Сол сияқты Шыңғыс ханның төртінші ұлын «Балық ноян атымен танымал болған Төле хан батырлығы, ой-пікір алғырлығы және шешім қабылдау кемелдігі, әскер басқару һәм мемлекет басқару шеберлігі жағынан басқа ағаларына қарағанда үлкен артық­шылыққа ие болатын», деп сипаттайды. Төле ханның мемлекет, қазына, әскер істерін басқарғанына қарамастан, математика ғылымдарымен қатты шұғыл­данғанын да осы еңбек арқылы білеміз.

Аталған еңбекте Ұлықбек әйгілі Әмір Темірге жеке бөлім арнамаса да, атақты атасының дүниеге келуі мен билікке ие болуын реті келгенде сыналап баяндап кетеді. «Әмір Темір сайыпқыран ұлық туған кезде әр төрт бұрышты ұлық жұлдыздарынан әрбір бұрышты он екі рет қайта қыран ұшып өткен еді. Сол себепті хакімдер оны «сайыпқыран ұлық Әмір Темір көреген сафдар» деп атаған болатын» деп жазған Ұлықбек үш мәселеге айрықша тоқталады. Оның бірі – Шыңғыс ханның үшінші атасы Қойлу (Қабыл) мен Әмір Темірдің сегізінші атасы Қочуй (Қажулы) баһадүрдің Түмбине ханнан тарайтын ағайынды бауыр екені; екіншіден, Қочуйдің ерекше тылсым түсінен кейін екі бауыр арасында хандықты анықтау бойын­ша келісімшарт жасалып, анттың Түмбине ханның таңбасымен ресми бекігені, үшіншіден, бұл келісімнің Шыңғыс хан мен барлас Қарашар ноян арасында жаңартылғаны жөнінде айтылады. Бұл келісімге сәйкес таққа Қойлу шығып, Қочуй баһадүр болып бекиді. Бұдан шығатын қорытынды, Шыңғыс хан мен Әмір Темір жақын аталас туыс, демек кейін алтын әулетке күйеу-көреген атанған Әмір Темірдің арғы атасы хан болған. Сондықтан ол да тегі тұрғысынан жаһан билеушісіне лайық тұлға деген пікір туындайды. Бұл ретте ортағасырлық билеуші әулеттердің тегі мен тағын киелі ұғымдармен негіздеп, рәсімдеу үшін жылнамашылар түс көру, аян сияқты тылсым дүниелерді жиі пайдаланған. Османлы әулетінің негізін қалаған Осман ғазидің көрген түсі мен оның жоруын бұған мысал ретінде келтіре аламыз.

Осы орайда айрықша айта кетерлік жайт, мемлекеттілік дәстүрлерін терең тамырларымен бірге тұтас қарас­тыратын «Тарих-и арба улус» – тек тари­хи туынды ғана емес, сонымен бірге ортағасырлық бай түркі жазба әде­биеті мен терең мәдениетін зерттеуде маңызды мұра ретінде бағалы.

Кітапқа қатысты елімізде бұған дейін ғылыми ізденістер болғанымен, қазақ тіліне толық аударылмаған еді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақ­сатында шығыстанушы ғалым Зәріп­бай Оразбай еңбекті қазақ тілі­не аударып шықты. Кітаптың 1994 жылы Ташкентте еркін аударма негі­зінде жарық көрген нұсқасынан тәржі­маланған кітаптың тілі көркем, ойы жа­тық, оқырманға ұғынықты. Авторға бұған дейін ортағасырлық бірнеше құн­ды кітапты парсы және шағатай тіл­де­рінен аударған тәжірибесі, дайын­дығы мен білігі септескені анық. Сонымен қатар жобаның сәтті жүзеге асуына қолдау білдіріп, демеушілік жасаған мем­лекет және қоғам қайрат­кері Жақсы­бек Әбдірахметұлы Құле­кеевке де риза­шылық білдіреміз. Қазақ тілінде алғаш рет жарияланып отырған бұл іргелі еңбектің қазақ оқырманына ұсы­нылуы – Жошы ұлысының 800 жыл­дығы аясында жасалған ізгілікті істің бірі болды деп пайымдаймыз. Құн­ды еңбек тарихымызды түгендеуге, жады­ның жаңғырып, ұлттық кодымызды түй­сінуге, сол арқылы халқымыздың рухани жаңғыруына қызмет ететініне күмән жоқ.

 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

академик, тарих ғылымдарының докторы