Қоғам • Бүгін, 17:23

Қазақстанның статистикалық жүйесі жоғары бағаланды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Қазақстанның Тиісті статистикалық практика жөніндегі ұсынымға қосылғанын ресми түрде растады, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанның статистикалық жүйесі жоғары бағаланды

Фото: stat.gov.kz

Қазақстан ТМД өңірінде алғаш болып, ЭЫДҰ-ның статистика саласындағы құқықтық құжатын алған ел атанып отыр.

Аталған ұсыным – ресми статистиканың тәуелсіздігін, объективтілігін, ашықтығы мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталған 12 қағидатты қамтитын халықаралық стандарт. Бұл құжатқа қосылу Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесі ЭЫДҰ-ның негізгі талаптарына сай келетінін және үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес дамып жатқанын аңғартады.

«Біз ынтымақтастығымызды жалғастырып, сіздің еліңізде жоғары сапалы әрі институционалдық тұрғыдан сенімді статистикалық жүйені дамытудағы ұмтылысыңызды қолдауға ниеттіміз», деді ЭЫДҰ Бас хатшысы Матиас Корманн.

ЭЫДҰ шешімі 2023–2025 жылдарға арналған Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне жүргізілген жан-жақты шолу нәтижесінде қабылданған. Құжатта статистиканы цифрландыру, заманауи әдіснамаларды енгізу және пайдаланушылардың деректерге деген сенімін арттыру бағытында елдің қол жеткізген нәтижелеріне назар аударылған.

«Бұл – Қазақстанның статистикалық жүйесіне берілген маңызды баға. Ол ресурстардың жеткіліктілігі, құпиялылықты сақтау, тұрақты құқықтық және институционалдық негіздің болуы, сондай-ақ жаңа және баламалы дереккөздерді пайдалану сияқты талаптарға сай келетінін растайды. Құжатта статистика сапасының талдау мен басқарушылық шешімдердің сапасына тікелей әсер ететіні атап көрсетілген. Біз осы межені сақтап қалуға және одан әрі жетілдіре беруге ниеттімізз»,  деді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Айта кетейік, Қазақстанның аталған ұсынымға қосылу жұмысы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған.