
Ақын өз-өзімен қалған сәттерде «имани мінезден ауытқығам жоқ па, біреуді ренжітіп алмадым ба, жақсы адам бола алдым ба?» деген ой-толғамға жиі түсіп, хакім Абай айтпақшы, «өз-өзіне жиі есеп беріп», ары алдында сан толғанысқа түсетінін жырларынан жете ұғындық. Мысалы, «Жақсы адамды іздеу» атты өлеңінде:
«Өмірдің алды-артын кім бақпаған,
Құпиясын жасырды жұмбақ ғалам.
Ренжітіп қойғам жоқ па біреуді деп,
Ар-ұятымның алдында күнде ақталам», деп толғанады.
Өлеңдегі ерекшелік, ақын өзгеге құрғақ ақыл айтпайды, өз бойындағы ар-ұятына жүгіне отырып, қалай болу керектігін меңзеп, өзгеше жол нұсқайды. Кей-кейде жалған сөйлеп, өтірік, өсек айтып, т.б. қалатын пенделік жат әдетті ой елегінен өткізе отырып, «...Зияны жоқ десек те,/ Өтірік көрсем дір еттім,/ У тұрғандай кеседе/» деген жыр жолдары арқылы бейнелі, тың образбен кестелейді. Бұл өлеңдер ақынның азаматтық үнін танытары анық.
Болат Әшімұлының жаңа туындысы аумалы-төкпелі өмірге, зымыраған уақытқа деген жаңаша көзқарасқа толы, замандастар әрекетін өзгеше пайымдап, көркем тілмен өре отырып, философиялық ой түюімен ерекшеленеді. Атап айтсам, қазіргі кезең адамы үшін ең бағаламай жүрген құндылығымыздың бірі – уақыт! Ақын осы құндылыққа қатты ден қойған, уақытқа аса мән беру керегін меңзеп, осы тақырыпта «Уақыт туралы», «Уақыттың құны», «Уақыт туралы ой», «Уақытқа уәж», «Тағы да уақыт туралы», т.б. бірнеше өлең жазған. Мысалы:
«Санап көр сырғыған жыл, өткен айды,
Таң жым-жылас, кеші батты, қас қарайды.
Уақыт білмес тосуды, аялдауды,
Ел ұйқыға кетті деп тоқтамайды» («Уақыттың құны»).
Немесе:
«Уақыт өтіп барады күйбеңменен,
Шаруаң қалды қаншама үлгермеген.
Бір қарасаң, көл-көсір уақыт тегін,
Тегінді сыйлап адам үйренбеген» («Уақыт туралы»). Ащы шындық, ақын толғағандай, «уақыт тегін» болған соң ба, оның қадірін біле бермейміз.
Қазақ поэзиясында өзіндік үні, өз жолы бар, жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген ақын оралымды ой, тегеурінді түйін, нәзік сезімге құрылған лирикалары арқылы адам жанының жұмбақ қырларын тап басып, ой-толғанысын әдемі мәнермен жеткізеді. Өмір, тіршілік, уақыт иірімдері, замандастар тағдыры оның поэзиясының алтын арқауына айналғанына көз жеткіздік.
Ал енді:
«...Қағазға түскен жыр – таңбаларым,
Жүрекке көшсе болғаны», деген өлең жолдарын оқып, ақын жан дүниесінің тылсым сырын ұққандаймыз. Жауһар жырлардан өмірінің мәнін айқын аңғарғандаймыз. Қорыта айтқанда, жаңа жыр кітабы оқырман жансерігіне айналып қана қоймай, ондағы жасын жырлар поэзияға құштар жүректерге көшеріне бек сенеміз.
Нұрлан ҚАЛҚА