Аймақтар • Кеше

«Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі аяқталды

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Абай облысының Ақсуат ауданында үш күнге созылған «Асыл бесік – Ақсуат» республикалық спорт және өнер фестивалі мәресіне жетті. Ауқымды іс-шара Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылған, деп жазады Egemen.kz.

«Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі аяқталды

Фестиваль 6 маусымда Ақсуат мәдениет үйінде ASSYLTAS театрының «Мені тауып алшы» қойылымымен басталды. Жақында ғана Алматыда премьерасы өткен драма жетімдердің тағдыры мен анаға деген мәңгілік сағынышты суреттеп, қоғамдағы мәселелер турасында ой қозғайды. Бұдан соң ұйымдастырушылар жылдағы үрдісті жалғап, Орта жүзге белгілі халық емшісі, XVIII ғасырда өмір сүрген әулие Ырғызбай ата кесенесінде құрбандық шалынып, ас берді.

7 маусымда Ақсуаттың орталық алаңында Assyl Arlan турнирі басталды. 74 келіге дейінгі салмақта 24 балуан, ал +74 келіде (Түйе балуан) 18 балуан бақ сынасты. Фестивальдің ресми ашылу салтанаты да іс-шараның екінші күніне жоспарланыпты. Ақсуатқа арнайы жұмыс сапарымен барған Абай облысының әкімі Берік Уәли салтанатты жиынның ашылуына қатысып, фестивальде спорт мен өнердің үйлесімімен қатар ел бірлігі мен туған жерге жанашырлықтың көрініс тапқанын жеткізді.

– Абай елінде туған жерге қызмет ету, жомарттық пен елдік рух қашанда биік бағаланған. Осы жолда ерекше еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі – кәсіпкер Дулат Тастекеев. Оның елге деген сүйіспеншілігі тек сөзбен емес, нақты іспен дәлелденіп келеді. Бұл – туған жерін сүйген азаматтың жарқын үлгісі. Ауыл – ұлттың алтын діңгегі. Осы орайда әр азаматты өңірімізді, әсіресе шалғай ауылдарды дамытуға шақырамын, – деп аймақ басшысы туған жерге қызмет етіп жүрген азаматтарға да алғысын жеткізе келе, 19-20 маусымда өтетін «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумына өңірдің қамын ойлаған барша азаматты шақырды. Аймақ басышсы басқосуда облыстағы атқарылып жатқан жобалар жайында да айта кетті.

– Облыс әкімі ретінде жұмысқа кіріскелі бері Ақсуат ауданына екінші рет келіп отырмын. Алғаш келгенде өзекті мәселелермен танысып, ауданның қажеттіліктерін жазып алып, сессияның қарауына енгізген болатынмын. Соның нәтижесінде биыл Ақсуат ауылына кіре беріс екі жолақты жол төрт жолаққа кеңейді. Көкжыра ауылында мәдениет үйі бой көтереді. Ақсуат ауылындағы орталық ауруханаға күрделі жөндеу басталды. Ауданда 48 отбасы жаңа пәтерге ие болады, – дейді ол.

Сонымен қатар Екпін және Ойшілік ауылдарында спорттық кешендер салынатынын және Тебіске өзені арқылы өтетін көпір де жаңарып жатқанын жеткізді. Бұған қоса құрылысы тоқтап тұрған Ақсаут мектебі (бұл туралы газетімізде мәселе көтерілген еді) мен Екпін ауылындағы апатты мектептің жаңа ғимараты биылдан қалмай салынатын сүйіншіледі.

Фестивальдің ең тартысты сәттерінің бірі – ұлттық күрес түрінен өткен «ASSYL ARLAN» республикалық турнирі болды. 74 келіге дейінгі салмақта 24 балуан «Өгіз балуан» атағы үшін белдессе, +74 келіден жоғары салмақта 18 балуан «Түйе балуан» атағын сарапқа салды. 74 келіге дейінгі салмақта: 1-орын – Нұрдәулет Бақтыбай (Шымкент қаласы) – Автокөлік. 2-орын – Ерзат Арғынов (Абай облысы) – 2 000 000 теңге, 3-орын – Дидар Тұқышев (Абай облысы) – 1 000 000 теңге, 3-орын – Бекзат Шакезаев (Қызылорда облысы) – 1 000 000 теңге.

+74 келіден жоғары салмақта: 1-орын – Әділ Оразбаев (Абай облысы) – Автокөлік.  2-орын – Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау облысы) – 4 000 000 теңге, 3-орын – Мақсат Исақабылов (Қызылорда облысы) – 2 000 000 теңге, 3-орын – Саят Шамшиев (Абай облысы) – 2 000 000 теңге. Биыл булан бәйгесіне автокөлік тіккен демеуші Мейіржан Берекетов деген кәсіпкер болды.

Ал кешкілік аудан тұрғындары әнші, домбырашы Гүлдана Ноғайбаеваның «Елге сәлем»  концерті мен дәстүрлі музыканы заманауи бағытта айшықтайтын «Qazaqsha Терапия» театрландырылған ән-жыр кешін тамашалады.

Фестивальдің үшінші күні де аймақ халқы үшін қуанышқа толы болды. Жұртшылықтың асыға күткені – Екпін ауылындағы атшабарда өткен Assyl Tulpar аламан бәйгесі. Дүбірлі додаға еліміздің әр аймағынан келген сәйгүліктер өзара аламан бәсекеге түсті. Құнан жарыста Алматы облысы Жамбыл ауданы Көзайымның бабы мен бағы қатар шауып, бірінші келсе, топ бәйгеде Абай облысы Ақсуат ауданы Көктүбек ауылының Қалқаман деген сәйгүлігі топ жарды. Ал аламан бәйгеде Жамбыл облысынан келген Бақторы деген тұлпардың бағы жанып, көмбеге бірінші жетті. Топ бәйге мен Аламан бәйгеде топ жарған екі тұлпардың иесіне де  автокөліктің кілті табыс етілді.

Бұдан соң танымал спортшылар Екпін ауылының мәдениет үйінде халықпен жүздессе, Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» тақырыбында оқырмандармен кездесуі өтті. Ал «Дала» театры фестивальді Ыдырыс Досқанұлы атындағы стадионда «Абай әлемі» қойылымымен түйіндеді. Кеште Майра Ілиясова, Ұлықпан Жолдас, Мөлдір Әуелбекова, Қуандық Рахым, Raim, Жандос Қаржаубай, Дидар Серікқали, Айнұр Сағиқызы сынды қазақ эстрада өнерінің әншілері Ақсуаттың аспанын әсем әнге бөледі. Іс-шараның бас демеушісі – Дулат Тастекей негізін қалаған TAS GROUP компаниясы мен ASSYLTAS қоғамдық қоры және басқа да жергілікті кәсіпкерлер атсалысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша жиынға 7-8 мыңдай адам қатысқан. «Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі осылайша Ақсуатты дүбірлетіп, Абай жұртына ұмытылмас сәт сыйлады.

Абай облысы