
Сурет: blogs.worldbank.org
Дүниежүзілік банк «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы аясында өнеркәсіптік қалдықтарды басқару мәселесін қаржыландырады. Біздің еліміз де аталған жоба шеңберінде алдыңғы қатарлы технологияларды енгізіп жатыр. Жоба қазірдің өзінде жоғарыда айтқан 3D-баспадан бөлек, биологиялық ыдырайтын пластик, күн энергиясымен жұмыс істейтін суару жүйелері және заманауи ара шаруашылығы сияқты технологияларды қаржыландыруға көмектескен.
«BM Logistics and Trade Services Co.» компаниясы аумағы 100 шаршы метр болатын бұл құрылысты екі айдан аз уақыт ішінде салып шығыпты. Қабырғаларды басып шығару небәрі бес күнде тәмам болған. Еліміздегі ауа температурасының күрт ауытқуынан сақтану мақсатында құрылыс жұмыстары кезінде жылу оқшаулау мақсатында кеңейтілген полистирол бетон да (EPS) пайдаланылыпты. Зәулім ғимараттар мен көпірлер сияқты ауыр жүктемелі құрылымдарға арналған аса берік бетон мен сейсмикалық қауіпсіздік шаралары қолданылған бұл үй Рихтер шкаласы бойынша 7 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алатын көрінеді.
«Қазір заманауи технологияларды пайдалануға қажеттілік болып тұр. Дүниежүзілік банктің қолдауымен елімізде 3D-құрылыс баспа технологияларын қолдану арқылы технологиялық жетістіктердің алдыңғы шебінде тұрмыз. Жоба нәтижесінде компаниямыз еліміздің сейсмикалық тұрғыдан төзімді, заманауи, тиімді әрі тұрақты тұрғын үй шешімдеріне деген өзекті қажеттілігін шешіп, болашаққа сенімді қадам басты», дейді Марат Ошахтиев.
Жоба екі технологияның басын біріктіріп отыр, бірі – 3D-баспа болса, екіншісі – бетонды қайта өңдеу. Қазіргі қолданыстағы тәжірибеде 3D-принтер арнайы бетон қоспасын қажет етеді. Оны жабдықты өндіруші жеткізеді, себебі кәдімгі бетон мұндай мақсаттарға жарамайды. Алайда жобалық топ қажетті бетон қоспасын жергілікті деңгейде өндіру үшін құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу үдерісін әзірлеген. Бұл инновациялық тәсіл күрделі құрылымдарды аз шығынмен жасап, дизайн тұрғысынан икемділік пен дәлдікті арттыруға мүмкіндік береді. Аталған амал шығынды азайтып, қалдық санын кемітіп қана қоймайды, сонымен қатар өңдеуге жол ашады және орнықты құрылыс үдерістерінің тиімділігін арттырады.
Блог авторларының жазуынша, мобильді бөлшектеу зауыты мен магнитті сепаратор бетон қалдықтары мен арматуралық металдарды тиімді өңдей алады. Басып шығарудың оңтайландырылған жүйесі зиянды заттардың ауаға тарауы мен жұмыстың тоқтап қалуын болдырмайды. Бұл өз кезегінде энергетия тиімділігіне де жол ашады.
Жобалық алаң Боралдай аулындағы көптеген құрылыс нысанының жанында орналасқан. Бұл жерге бетон қалдықтарын жеткізу де қиындық тудырмайды. Қазір жобалық команда үй мен шағыл тас өндірісі ауқымын кеңейтуге мүдделі. Алдағы уақытта топ Орталық Азия нарығына шыққысы келеді.
Қазір еліміздің құрылыс секторындағы көміртегі ізінің үлесі әжептәуір. 2019 жылы сектор 65 млн тонна материал пайдаланған, соның 30%-ы – импорттық тауарлар. Отандық тауарларды жыл сайын өндіру ауаға 13,9 млн тонна CO2 таратады. Бұл елдегі жылдық зиянды заттар таралымының 4%-ы екен.