Зерде • Кеше

Ағайынды Сарымолдаевтардың тағдыр-талайы

80 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Меркіде 1916 жылғы патша үкіметінің бұратана халықтардан тыл жұмы­сы­на адам алу туралы жарлығына қарсылық білдіруден басталған Аққоз батыр жетекшілік еткен ұлт-азаттық қозғалысына атсалысқан Қабылбек Сары­мол­даевтың саналы өмір жолы азаттық, әділет жолында күреспен өтті. Меркі жеріндегі Ойтал ауылында туып-өскен, сол өңірдегі түземдік мектеп­ті Т.Рысқұловпен бірге оқып бітірген Қабылбек – жергілікті езілген халық­тың ішінен шыққан революцияның от жалынында ерте есейген қайраткер.

Ағайынды Сарымолдаевтардың тағдыр-талайы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

ХХ ғасырда қазақ азаматтарының ішінен жоғары билікке қол жеткізген Т.Рысқұловтың қоғамдық-мемлекеттік қызмет атқарудағы орны ерекше. Ол шын мәнінде Талғар болысында туғанымен тағдырдың жазуы болар, Меркі жерінде оқып, Пішкекте ауыл шаруашылығы мектебін бітіріп, күрескерлік өмір жолы осы Меркі, Әулиеата уезінде басталды. Оның жанында Меркі түземдік мектебін бітірген серіктері, өмірлік жан жолдасы Қ.Сарымолдаев, М.Жылысбаев және т.б. өрімдей жас-жігіттер болды, олардың арасында қырғыз азаматтары да бар еді.

Қ.Сарымолдаев Әулиеата уездік қалалық ревкомының төрағасы, Ішкі істер халкомының орынбасары болып жауапты қызмет атқарып, жергілікті кедейлердің, шаруалардың мүдделерін қорғап, көп жұмыс атқарды. Ол 1918 жылы ТурЦИК-тің мүшесі, Азық-түлік халық комиссариатының мүшесі болды. 1919 жылдың сәуіріне дейін Аштықпен күрес жөніндегі комиссияның (Туркомголодо) төрағасы болып 5 айдай жұмыс істеді, аштыққа ұшырап қырыла бастаған халықты ажал аузынан аман алып қалу үшін жанқиярлықпен күресті. Түркістан АССР-інде 1918–1921 жылдар аралығында кеңес өкіметін орнату үшін күрес жүргізіліп жатқан жылдарда жаппай ашаршылық етек алды, тігерге тұяғы қалмаған халық нәубетке ұшырады. Т.Рысқұловтың қоғамдық тамақтандыру пункттерін шұғыл түрде ұйымдастырды, соның арқасында шамамен бір миллионнан аса адам ажал тырнағынан аман қалды. Бұл жерде Қ.Сарымолдаевтың аштықпен күресудегі алапат еңбегін атап өту қажет. Т.Рысқұлов, Қ.Сарымолдаев сынды халқына жанашыр болған азаматтардың жанқиярлық еңбегі болмаса, халқымыздың көп бөлігі ашаршылықтан қырылып та қалған болар еді. Түркістан АКСР-ның құрамына Қазақстанның қазіргі Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облысына дейінгі еліміздің оңтүстік бөлігі кірді. Түркістан республикасының құрамында Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан да болды.

Бұл ғасырдың басында қасірет бұл­ты қазақ халқының басына дүркін-дүр­­кін үйіріліп төніп отырды. Еліміздің 1920-1930 жылдардағы басынан кешкен нәубет – халқымыздың қаралы жыл­дардағы тарихы. Дәл мұндай нәубетпен Т.Рыс­құ­лов­тай бүкіл қоғамды, мемле­кеттік орын­дарды жұмылдырып күрес­кен қайрат­кер­лер кемде-кем, Қ.Сары­молдаев со­ның қатарында болды. Бір ауыл емес, тұтас халықты ашаршылықтан аман алып қалу жолындағы қайраткерлердің қажырлы еңбегі – ұлт тағдыры үшін күресудің өнегелі жолы еді. Халықтың жаппай аштықтан қырылып жатқанын көрген Қ.Сарымолдаев Түркістан АКСР-нда 1919 жылы Аштықпен күрес жөніндегі комиссияның төрағасы болып алты айдай жұмыс істеді дедік. Облыстық-қалалық ревкомның төрағасы болып 1922–1923 жылдары алты ай істеді, содан кейін 1923–1924 жылдары облыстық-қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметін қатар атқарған. Ол Ташкент қаласы орталығы болған Сырдария облысы атқару комитетінің төрағасы қызметіне 25 жасында тағайындалды. Бұл өте жоғары лауазымдық қызмет болатын. Ол «Спутник коммуниста» журналын редакторы қызметін қоса атқарды. Қ.Сарымолдаев қазақ, орыс тілдерінде бірдей мақалалар жазып, екі тілде баяндама жасады, жаңа қоғамды құруға белсене атсалысты. 1924 жылы Орта Азияда саяси жағдай күрделенді, сол тұста ол Хорезм Респуб­ликасына қызметке жіберілді. Алдымен Хорезм республикасының Жұмысшы-шаруа инспекциясының Халық комиссары, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарды.

1924 жылы Түркістан АКСР-інде ұлт­тық-аумақтық межелеу аяқталды, Қ.Сары­молдаев Қазақстанға ауысып, алғаш Су ша­руашылығы басқармасын басқарып, рес­публикалар арасында су шаруашылығы­на байланысты мәселелерді шешуге тікелей қатысты. Көп ұзамай ол 1927 жылы Қазақстан Халық шаруашылығы Орталық Кеңесінің төрағасы болып бекітілді. Қазақстанның экономикасын жақсы білетін азамат 1928–1931 жылдары Республика жоспарлау комиссиясы төр­ағасының орынбасары қызметіне ауыс­тырылады. КСРО-да алғашқы бес жылдық жоспар 1928 жылы қабылданды.

Қабылбек Сарымолдаев респуб­лика­мыздың ауыл шаруашылығын, су шаруа­шылығын басқаруда атқарған жұмыс ауқымы өте зор еді. Ол елімізде мелиора­ция мәселелерін көтеріп шеше білді. Көп ұзамай республиканың алғаш­қы бес­жылдық жоспарын жасауға тікелей атсалыс­ты, алғашқы бес жылдық жоспарға өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту мәселелерін енгізді, соның ішінде ет комбинаттарын, зауыттар мен фабрикаларды салу, электрлендіруге қатысты мәселелер жос­парланды. Барлық мәселе жоспарға енгі­зіліп, қаралатын жоспарлы экономика жағдайында республиканың мүддесін Орталық Жоспарлау комиссиясының алдында қорғай білді. Қ.Сарымолдаев – бірінші, екінші, үшінші бес жылдық жос­пар­ларды жасауға атсалысып, көптеген өн­діріс, оқу орындарының ашылуына тікелей атсалысып, жүзеге асырған қайраткер.

Қ.Сарымолдаев кіндігінен қалған жал­ғыз қызы Зүлфия «халық жауының» қызы болғандықтан шешесімен Өзбек­станға өтіп кетеді, банк салаларында қыз­мет етеді. Кейін Қазақстанға оралып, КСРО банкінің Қазақстан банк кон­то­рында (қазіргі Ұлттық банкі) банк төр­аға­сы­ның ауыр өнеркәсіп салаларын қар­­­жы­ландыру бойынша орынбасары бо­­лып істе­ген, белгілі банкир, қаржыгер. Зүл­­­фия апамыз әкесінің экономистік қа­­­­сиеті өзіне берілгенін айтып отырады екен. Жал­пы, Қ.Сарымолдаевтың үй-іші, о­т­­басы, туған-туыстары, жақындары 1937–1938 жылғы науқанда қуғын-сүргінге ұшы­­рап, елден безіп кетуге мәжбүр болды.

Қ.Сарымолдаев – республиканың мате­­­риалдық-техникалық базасын жасап, қалып­тастыруда өлшеусіз еңбек еткен қай­раткер. Техникалық үдеріс жетіс­тік­терін енгізу, аэроплан, тракторлар, маши­на­­лармен қамтамасыз ету мәселесіне ай­рық­­ша мән берген. Қ.Сарымолдаев атса­лыс­­паған экономикамыздың саласы жоқ десе де болады. Өзі тікелей атқарып жат­қан сала жұмыстарын баспасөз, журнал бет­те­рінде мақала жазып насихаттап отыру қызметінің бір саласындай еді. Оның қа­ла­мы­нан туған көптеген мақаласы орыс, қазақ тілінде республикалық газет жур­нал­дар­да жарық көрді. Ол «Народное Казах­стана» журналының редколлегия мүшесі бол­ды.

Қ.Сарымолдаев 1931 жылы Қазақ АКСР Орталық Атқару комитетінің қаулысымен Қазақ АКСР Жер-су халық комиссары (Нарко­мзем) болып тағайындалады. Қазақ­станды аграрлы-индустриалды елге айнал­ды­ру мақсатында бар мүмкіндікті іске асыр­ды, ғылым мен білімнің дамуына зор маңыз берді.

Қазақстан Ғылым академиясы алға­шын­да КСРО Ғылым академиясының қазақстандық филлиалы болып құрылды, кейін 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым ака­де­миясы болып қайта құрылып, Қ.Сәт­баев басшылық етті. Ал Қазақстанда ал­ды­­­мен ауыл шаруашылығы академия­сы КСРО Ауыл шаруашылығы акаде­мия­­­сы­ның филиалы болып құрыл­ға­нын көп­­шілік біле бермейді. Қазақ­стан­да Ауыл шаруашылығы ғылым ака­де­мия­­сының ірге тасын қалаған әрі ұйым­дас­тыр­ған Қабылбек Сарымолдаев болатын. Ол 1932 жылы ауыл шаруашылығы ғылым акаде­мия­­сының филиалын құру мәселесін одақ­та қоя отырып, 1933 жылы Ленин атын­дағы Ғылым академиясы мен Одақтық Жер шаруашылығы Халық комис­сариа­ты­ның коллегиясының Қазақ­станда Ленин атын­дағы академияның филиалын ұйым­дастыру жөніндегі шешім шығаруына қол жеткізеді.

Сонымен, Қ.Сарымолдаевтың ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, ішкі істер қызметі саласы, халық ағарту, жоспарлау салаларындағы қызмет ауқымы өте зор болды. Іскер, жаңашыл, новатор, реформатор басшы ғана емес, білікті зерттеуші, экономист, ұшқыр ойлы публицист еді. Ол Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Тамақ өнеркәсібі халық комиссарының орынбасары болып қызмет істеп, республикада тамақ өнеркәсібінің, жеңіл өнеркәсіп салаларының дамуына зор үлес қосты. Ол бірнеше кітаптың авторы, оның әдеби мұралары жинақталып, бір томдық еңбегі 2023 жылы басылып шықты.

Архив деректері Л.Мирзоянның ең алдымен зиялы қауымды 1-категория бо­йын­ша ату жазасына шығарылған үкімге қол қойып қана қоймай, малша қыруға қосымша лимит сұрағанын айғақтайды. 1-категория бойынша «халық жауы» болып Қ.Сарымолдаев та 1938 жылы небәрі 39 жасында атылды. Қ.Сарымолдаев тұт­қындалысымен, оның 1911 жылы туған бауыры Мүсірепбек те «халық жауының» туысы болғандықтан абақтыға қамалды.

Мүсірепбек туралы архив деректері Кентау өңірлік мемлекеттік мұрағатынан табылды. Мүсірепбек 1920–1930 жылдары балалар үйінде тәрбиеленеді. Меркідегі орыс-қазақ интернатында оқиды. Ол 1931 жылы Дондағы Ростовта Теміржол транспорты инженерлері институтына түсіп, оны 1937 жылы бітіріп шығады. Түркістан – Сібір теміржолының Семей стансасында учаске аға инженері болып еңбек жолын бастайды. Кеңес өкіметі кезінде жоғары білім алып, теміржол саласында инженер маман болған қазақ азаматтары өте сирек. Алғашқы қазақтың теміржол транспорты инженері М.Тынышбаев болды, соның ізін жалғастырушы Мүсірепбек­тің жоғары білімді кадрлар мүлде тапшы кезде маман ретінде өзін көрсетуге мүмкіндігі болмай қалды. Ағасы Қабылбек Сарымолдаев ұсталғаннан кейін, Семей­ден Алматыға бауырының жағдайын білу­ге келген Мүсірепбек те ұсталып, қамауға алынды. Ол 1937 жылдың 1 наурызында жұмысқа алынып, небәрі алты айдай ғана уақыт қызмет етіп, сол жылдың 22 қыркүйегінде он жылға абақтыға жабылады. Ешбір жазығы да, жасаған қылмысы да жоқ Мүсірепбектің жастық өмірі абақ­тыда өтеді, Екінші дүниежүзілік соғысы жыл­дарында майданға алынудың орнына ол абақтыға «халық жауының» бауыры болғандықтан отырғызылды, саяси сенімсіз элементке айналды, азаматтық құқы­ғы аяққа тапталды. Ол НКВД-ның Самара және Коми АКСР-нда Воркутада еңбек­пен түзеу лагерінде он жыл бойы тұт­қында болады. Воркутаның шахта­сында жұмыс істеп, денсаулығынан айы­­рылды. 1947 жылы абақты мерзімі біткеннен кейін бостандыққа шықты. Меркі­де аз уақыт жұмыс істеп, Өзбекстанға жан­са­у­ғалап кеткен Қабылбектің әйелі мен қызы Зүлфияның шақыруымен көрші елге кетеді. Ол үнемі саяси сенімсіз адам ре­тінде НКВД-нің бақылауында болды. Өзбек­станнан қайта Қазақстанға оралып, Ащы­сай полиметалл комбинатының Түркіс­тан-Таулы теміржолында паровоздарды жөндеу депосында нормалаушы, кейін монтер болып істейді, содан кейін депоның кон­с­труктор технигі болып қызмет етеді. Бірақ теміржол транспорты инженер-меха­никі мамандығы бойынша қызмет ете алмады. Науқасты жағдайда отбасын да құра алмаған, жар да сүйе алмаған жоға­ры білімді инженердің тағдыры аянышты еді. Соған қарамастан өз білімін үнемі жетілдірумен болған, дүние жүзінің клас­сиктерінің еңбектерін оқып отыр­ған, оның кітап­ханасында техникалық әде­биеттер де көп еді. Ол Түркістанда 1956 жылы 5 шіл­де­де дүние салды. Қуғын-сүр­гінге, әділетсіз жа­заға ұшыраған есіл аза­мат­тың өмірі, тағды­ры өте аянышты жағ­дай­да өтті.

Ағайынды Сарымолдаевтар екеуі де бірдей еліне нағыз қызмет ететін кезде 1937 жылғы саяси репрессияның құрбанына айналды. Саяси құрғын-сүргіннің ең ауыр зардабын тартқан Сарымолдаев шаңырағы мен туған-туыстары болды, олардың біразы қырғыз еліне, Өзбекстанға бас сауғалауға мәжбүр болды.

 

Мұхтар ҚАЗЫБЕК,

жазушы, зерттеуші