Саясат • Кеше

Қазақстан – Болгария: Ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік мол

30 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радевті қарсы алды. Салтанатты қарсы алу рәсімінде мемлекет басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Қазақстан – Болгария: Ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік мол

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Маңызды сапар

Алдымен ел басшылары шағын құрамда келіссөз жүр­гізді. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-болгар серіктестігін одан әрі нығайту тұрғысынан Румен Радевтің сапарына айрықша мән беретінін атап өтті.

– Болгария – Қазақстан­ның Еуропадағы ең маңызды серіктестерінің бірі. Екі елді тамыры терең саяси және эко­номикалық ынтымақтастық байланыстырады. Әртүрлі саладағы екіжақты қарым-қатынастарымыз тұрақты дамып келеді. Мұны сенімді сая­си диалогтен, парламенттер арасындағы нәтижелі ықпалдастықтан, сауда мен инвестицияның қарқынды өсуінен, халықтарымыздың бай­ланысы мен әлемдік қоғам­дастықтағы өзара қолдаудан анық аңғаруға болады. Екіжақты сауда айналымының артып келе жатқаны қуантады. Бұл – жақсы үрдіс. Біздің нарықта 60-қа жуық болгар компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта біз тау-кен өнеркәсібі, өндіріс, көлік және құрылыс салаларында жемісті ынты­мақтастық орнаттық. Энер­гетика, транспорт және логис­тика, жасыл энергия, атом өнер­кәсібі, ғарыш, ауыл шаруа­шылығы, цифрландыру, ден­саулық сақтау, туризм секілді перспективті салалар бойынша ықпалдастықтың әлеуеті зор, – деді Президент.

Румен Радев қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев­қа ризашылығын біл­дір­ді. Сонымен қатар елдері­міз­дің арасындағы серіктес­тік деңгейіне жоғары баға беріп, барлық салада байланысты жандандыруға ниетті екенін жеткізді.

– Болгария екі ел арасындағы дәстүрлі әрі табысты байланысты жоғары бағалайды. Мемлекетіңізді өркендетуге бағытталған ауқымды реформаларыңыз бен көреген саясатыңызды қолдаймын. Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктесіміз санаймыз. Сіздердің осыған дейінгі табыстарыңыз таңғаларлық: эко­номикаларыңыз қарқынды өсіп келеді, инновация, ғылым, білім, жоғары технология салаларында зор табысқа жеттіңіздер. Мен Ғарыш орталығын аралап көрдім. Сіздердің жетістіктеріңізден жақсы әсер алдым, – деді Болгария Президенті.

 

Табыстың кілті – ықпалдастықта

Бұдан әрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Болгария Президенті Румен Радев келіссөзді екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Румен Радевтің елімізге үлкен делегацияны бастап келуі екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін береді. Президент тауар айналымының тұрақты өсіп келе жатқанын, сондай-ақ оны ұлғайтуға мол әлеует бар екенін айтты. Статистикаға сәйкес, биылғы төрт айда өзара сауда-саттық көлемі 83 млн доллардан асқан, ал былтыр бұл көрсеткіш төрт есе артып, 375 млн долларға жеткен.

– Еліміз экономикалық ынтымақ­тастықты әртараптандыруға және энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен туризм салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бейіл, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент болгар компанияларымен, инвесторларымен өзара ықпалдастықты қолдайтынын жеткізіп, бұл ретте Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөнін­дегі үкіметаралық комиссия негізгі рөл атқаратынына тоқталды.

Өз кезегінде Румен Радев қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, Болгария мен еліміздің санқырлы ынты­мақ­тастығының көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік мол екенін атап өтті.

а

– Болгария Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық серіктесі санайды. Табыстың кілті – ықпалдастықта. Екі ел, сондай-ақ Еуропа одағы мен Қазақ­стан арасындағы қарым-қатынасты дамытуда мемлекеттеріміздің стратегиялық тұрғыдан орналасуына арқа сүйеуіміз қажет. Бұл Азия мен Еуропаны байланыстыруда маңызды рөл атқарады, – деді Румен Радев.

Келіссөз барысында екіжақты күн тәртібін­дегі мәселелер кеңінен талқыланды. Екі жақ серіктестікті одан әрі нығайтуға және қазақ-болгар қарым-қатынастарын дамытуға ықпал ететін жаңа бастамаларды жүзеге асыру ниетті екенін жеткізді.

Келіссөздерден кейін мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар құжатты алмасу рәсімі өтті:

  1. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Болгария Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  2. Астана мен София қалалары арасын­дағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  3. Шымкент және Пловдив қалалары арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандум;
  4. Қазақстан Республикасы Прези­дентінің жанындағы Мемлекеттік бас­қару академиясы мен Болгария Респуб­ликасының Сыртқы істер министрлігі Дипломатия институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  5. «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Болгарияның сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы өзара түсіністік тура­лы меморандум.

 

Сенім рухындағы саяси диалог

Келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Болгария Президенті Румен Радев БАҚ өкілдері алдында сөз сөйледі. Президент ең алдымен, шақыруын қабыл алып, елімізге алғаш рет ресми сапармен келгені үшін Румен Радевке шынайы ризашылығын жеткізді.

– Болгария – еліміздің Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Біздің ықпалдастығымыз мызғымас достық пен түсіністікке негізделген. Жалпы, Қазақстан Болгарияны стратегиялық маңызы бар серіктес ретінде қабылдайды және сіздің мемлекетіңізбен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға үлкен мән беріп келеміз. Қазақстан мен Болгария арасында дипломатиялық қатынас орнағанына өткен аптада 33 жыл толды. Сіздің сапарыңыз осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт ішінде біздің елдеріміз барлық деңгейде өзара сенім рухындағы саяси диалог орнатты. Нақты шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстары нығая түсті, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі этностар қатарында болгар ұлты­ның өкілдері де бар. Осы ерекше бай­ланыс халықтарымыз арасындағы ынтымақ­тастықты арттыра түседі.

Президент қос мемлекеттің халықара­лық ұйымдар аясындағы ықпалдастығы да кеңейіп келе жатқанына тоқталды. Жан-жақты әрі сенімді серіктестік алдағы уақытта да беки бермек.

Мемлекет басшысы келіссөз мазмұнды болғанын, нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты.

– Атап айтқанда, сауда-экономика және инвестиция саласындағы байланыстың ауқымын кеңейтуге баса назар аудардық. Екі ел арасындағы алыс-беріс өсіп жатыр, бұл – жақсы үдеріс. Елімізде 60-қа жуық болгар компаниясы бар. Олар түрлі салада табысты жұмыс істеп жатыр. Деген­мен елдеріміздің экономикалық әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары. Сондықтан бұл көрсеткішті ұлғайта түсуге мол мүмкіндік бар. Біз өзара сауда-саттық көлемін арттыра түсуге келістік. Қос мемлекеттің мүддесіне сай келетін жаңа инвестиция­лық жобаларды пысықтауға уағдаластық. Әсіресе мұнай-газ, жаңартылатын энергия, «жасыл» энергетика, атом өнеркәсібі, цифрландыру, инновация, жасанды интеллект, ғарыш саласы, ауыл шаруашы­лы­ғы, денсаулық сақтау, мәдени-гумани­тар­лық байланыстар және туризм сияқты салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өттік, – деді Президент.

Сондай-ақ көлік-логистика секторын­дағы байланысты дамыту мәселесі сөз болды. Екі жақ бүгінде стратегиялық сауда жолының біріне айналған Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Болгарияның «Бургас» және «Варна» теңіз порттарын қосу мәселесін қарастыруға келісті. Мемлекет басшысы бұл жұмысқа екі елдің Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы баса мән беру қажет деп санайды. Президент Комиссия аясында Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды.

– Бұдан бөлек, Болгарияның ғарыштық зерттеулер мен технологиялар, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздім. Елімізге Президент Румен Радевпен бірге Болгарияның ірі кәсіпкерлері келді. Бизнес форум өтеді, бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойылады. Бұл екіжақты ынтымақтастыққа айрықша мән берілетінін аңғартады. Біз елімізде жұмыс істегісі келетін Болгария компанияларына қолайлы жағдай жасау­ға дайынбыз. Мен іскер топтардың ықпалдастығын нығайту үшін «Қазақстан – Болгария» іскерлік кеңесін құруды ұсындым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мәдени-гуманитар­лық, білім беру және өңіраралық байланыс саласындағы ынтымақтастықты дамытуға уағдаласқанын жеткізді. 2018 жылы София қаласында Астана көшесі пайда болды. Енді жақын арада елордада София атты көше ашылмақ. Президенттің айтуынша, жалпы, келіссөздер табысты өтті деу­ге толық негіз бар. Бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Жасалған келісімдер нәтижесінде екі елдің ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілмек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Румен Радевпен аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді де талқылағанын айтты.

– Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты екі елдің ұстанымы – ұқсас. Біз бір-біріміз­дің бастамаларымызды үнемі қолдап келеміз. Көпжақты құрылымдар аясын­дағы ықпалдастығымыз ойдағыдай дамып келеді. Мен Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауған­стан­ды дамыту орталығын ашу туралы баста­маны қолдағаны үшін болгар тарапына, Прези­дент мырзаға зор алғыс айттым. Әлемдегі күр­делі геосаяси ахуал мен түрлі қақтығыс­тар елдерімізді алаңдатып отырғаны сөзсіз. Қос тарап та барлық түйткілді бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санайды. Біз көпжақты дипломатияны одан әрі дамытуға ерекше мән береміз. Болашақта да халықаралық деңгейде күш-жігерімізді біріктіріп, үйлесімді жұмыс істеуге, бейбітшілік пен тұрақтылықты ны­ғай­ту ісіне белсене қатысуға келістік. Бұл сапар Қазақстан мен Болгарияның қарым-қаты­насын тың қарқынмен дамытуға жол ашады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Румен Радев тараптар қызы­ғу­шы­лық танытатын барлық сала бойынша екіжақты қарым-қатынасқа салмақты талдау жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, ық­палдастықты нығайтуға зор әлеует бар.

– Келіссөздердің қорытындысы өзара ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенімдімін. Транскаспий көлік дәлізін одан әрі дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылуы екі ел арасындағы байланыстарды ілгерілетуге ниетті екенімізді көрсетеді. Осы орайда Қазақстан мен Болгарияның географиялық тұрғыдан орналасуын барынша тиімді пайдалану керек. Өйткені бұл бағыт Азия мен Еуропаны жалғайды. Сонымен қатар жүк тасымалы, энергетика және цифрландыру салаларында ғана емес, мәдени байланыстарымызды кеңейтуде де мүмкіндік мол, – деді Болгария Президенті.

 

Берері көп бизнес-форум

Мемлекет басшылары «Қазақстан – Болгария» бизнес-форумына қатысты. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес-форумға белсене қатысқаны үшін Румен Радевке және болгар кәсіпкерлеріне алғыс айтты. Мемлекет басшысы аталған іс-шара екі елдің экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенім білдірді.

па

– Президент Радевтің Қазақстанға жасаған ресми сапары стратегиялық серіктестігіміздің жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Бұл біздің ортақ өркендеу жолындағы ықпалдастығымызға қозғау салды. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Болгария арасында берік әрі өзара құрметке негізделген саяси және дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Еліміз Болгарияны достас ел әрі өте маңызды стратегиялық серіктес санайды. Дегенмен сауда-инвестициялық ынтымақтастықта пайдаланылмаған әлеует жеткілікті. Екі ел арасындағы байланыс­ты жандандыруда Қазақстан – Болгария эко­номикалық ынтымақтастық жөніндегі үкі­метаралық комиссиясы маңызды алаңға айналады деп санаймыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміз эконо­ми­­калық ықпалдастықтың жаңа мүмкін­діктерін ашуға дайын екенін жеткізіп, басым бағыттарды атап өтті.

– Бірінші – көлік қатынасы. Қазақстан мен Болгария географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқан. Еуразияның қақ ортасында тұрған біздің еліміз құрлықаралық байланысты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Еуропа мен Қытай арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы еліміздің аумағымен өтеді. Орта дәліз инфрақұрылымын дамытудың арқасында, яғни заманауи теміржолдар, құрғақ порттар мен логистикалық орталықтар сала отырып, Шығыс пен Батыс арасын бұрынғыдан әлдеқайда тиімді жалғаймыз. Былтыр аталған дәліздің бойымен тасымалданған жүктің көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті. Бұдан осы бағыттың маңызы арта түскенін аңғаруға болады. 2028 жылға қарай жолдың жүк өткізу мүмкіндігі 10 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Бұл бағыт арқылы тасымалданатын жүк көлемін арттыруға ниеттіміз және Қара теңіздегі негізгі логистикалық орталық – Бургас портының Орта дәлізге қосылуын құптаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент орнықты энергетиканы перспективті бағыттың бірі ретінде атады. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің жаңартылатын энергия саласы айтарлықтай ілгеріледі.

– Жасыл энергетиканы дамыту ісінде ірі халықаралық инвесторлар үшін тартым­ды елге айналдық. Бүгінде Қазақстанда

150-ден астам қайта жаңартылатын энер­гия нысаны бар. Олардың қуаты 3 ГВт-тан асады. Black Sea Energy бас­тамасы аясындағы бірлескен күш-жігеріміз декарбонизация бо­йынша ортақ мақ­саттарымызға қол жет­кізуге ықпал етеді деп санаймыз. Сон­дай-ақ еліміз геоло­гия­лық барлау жұмыс­тарын жүргізу және халықаралық жоба­ларға қатысу арқы­лы газ өндіру көлемін ұл­ғайтуға күш салады. Уран өндіруде әлем­дегі көшбас­шы елміз. Осы орайда энер­гети­калық қуа­тымызды арттыра түсетін атом станса­сын­ың құрылысы басталады. Бұл экономи­калық ынтымақтастығымызға оң әсер етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, отандық агробизнестің әлеуетін арттыруға баса назар аударылды. Мемлекет басшысының айтуынша, біздің ауылшаруашылық өнімдеріміз әлемнің 70-тен астам еліне экспортталады. Жыл сайын нарыққа 8 млн тоннадан астам бидай мен 2 млн тонна ұн шығаратын еліміз әлемдегі ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіреді.

– Болгариялық серіктестерімізбен ет пен сүт өнімдерін, бал, өсімдік майын өндіру­де ынтымақтастықты дамытуға мүдделі­міз. Шымкент қаласында ет өңдеу ісіне инв­ес­тиция құюды көздеп отырған «Lekkerbek» компаниясының ниетін қолдай­мыз. Бұл жоба заманауи технология­лар енгізіп, аймақтың экспорттық әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев болгариялық серіктестермен фармацевтика секторында ықпалдастық орнатудың әлеуеті зор деп санайды. Президент өз сөзінде цифрлық трансформацияға баса назар аударды. Сонымен қатар елімізде мемлекет те, жеке сектор да өз істеріне озық цифрлық шешім­дерді кеңінен енгізіп жатқанын айтты.

– Бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын әзір­леуді қолға алдық. Осылайша, бұл бағытта жүйе­лі жұмыс жүргізіп жатқан алғашқы елге айналдық. Озық ІТ инфрақұрылым жа­сақ­тау, соның ішінде суперкомпьютерлер мен мәліметтерді өңдеу орталығын құру елі­міздің келешектегі дамуының өзегі бол­мақ. Сонымен қатар жасанды интелле­к­тіге негіз­делген экономиканы дамытуға ықпал ететін Халықаралық жасанды интеллект орталығын іске қосамыз. Президент мырза, Сіз еліңіздің жасанды интеллектіні игеру және өзінің суперкомпьютерін жасау ісіндегі керемет жетістіктері жөнінде айттыңыз. Аталған табыстарыңыз осы ерекше маңызды салада тәжірибе алмасуға негіз болады. Елімізде CryptoCity пилоттық аймағы әзір­леніп жатыр. Мұнда криптовалютаны күн­делікті сау­да жасауға, қызметтердің ақы­сын төлеуге және экономикада кеңінен пайда­лануға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Болгария компанияларын Астана халықаралық қаржы орталығы ұсынатын мүмкіндіктерді зерделеп, қарқынды дамып келе жатқан АХҚО экожүйесіне қосылуға шақырды. Сөз соңында Президент еліміздің Болгариямен барлық бағыт бойынша серіктестікті тереңдетуге дайын екенін растады.