Құрылыс • Бүгін, 10:00

Қайта өңдейтін кәсіпорын жобаланды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміз мұнай мен газдың ірі өндірушісі, алайда өңдеу әлеуеті әлі де төмен. Есте болса 2007 жылы мұнай-газ химиясы саласын дамыту мақсатында арнайы экономикалық аймақ (АЭА) құрылды. Аумағы 3 615 гектар жерді алып жатқан АЭА-да 3 негізгі алаң бар – Қарабатан, Теңіз және Технопарк.

Қайта өңдейтін кәсіпорын жобаланды

«Қарабатанда кірме автомобиль жолдары, теміржол вокзалы, 310 МВт бу-газ электр стансасы, су дайындау мен жалпы зауыттық инфрақұрылым нысандары салынды. Бүгінде аймақта 18 қатысушы тіркелген. Олардың қатарында полипропилен синтетикалық каучук және бутадиен, сондай-ақ пластикалық бұйымдар мен геосинтетикалық материалдар өндіретін кәсіпорындар шы­ғару жөніндегі ірі жобалар бар», дейді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Технопарк алаңы мұнай химиясы шикізаты, оның ішінде полиэтилентерефталат және терефтал қышқылы негізінде өнім шығаратын шағын және орта кәсіпорындарды орналастыруға арналған. Теңіз алаңы полиэтилен жобасын шикізатпен қамтамасыз ететін газ бөлу кешенін орналастыруға бағдарланған.

2022 жылы қарашада жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін KPI зауыты іске қосылды. 2024 жылдың қорытындысында зауыт 250 мың тонна өнім өндірді. Қазір зауыт қапшық, тұтынушылық орамал, кілем бұйымы, бір рет қолданылатын ыдыстар және басқа да өнімдерді өндіруге арналған полипропиленнің 12 маркасын шығарады.

Енді жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысын жүзеге асыру жұмыстары жалғасып жатыр. Зауыттың іске қосылуы 2029 жылға жоспарланған.

«Сондай-ақ Ақтөбе облысында карбамид өндірісі қолға алынды. Ол 2029 жылы іске қосылады. Ақтаудағы аммиак-карбамид кешені де сол жылы жұ­мы­сын бастайды. Алкилат өн­дірісі – 2027, полиэтилентерефталат (ПЭТФ) өндірісі – 2029, бутадиен өндірісі 2028 жылы басталады. Жобалар базалық жобалау құжаттамасын әзірлеуден бастап қаржыландыру тетіктерін пысықтауға дейінгі әртүрлі сатыда тұр», деді министр. 

Соңғы жаңалықтар

Қала қоқыс полигоны ма?

Экология • Кеше