Жастар • Бүгін, 09:40

«Алматы жастарының» айшықты қадамы

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мансаптық өсу мен қабілетті іске асыру үшін жан-жақты мүмкіндіктер шоғырланған ірі қалалар өмірдің әрбір жаңа лебін сезінуге құштар жастарды өзіне қашанда баураған. Бірақ алып ұшқан көңілді мегаполистегі баспана құнының қымбаттығы басатыны рас. Алып шаһардың артықшылығымен қатар сын-тегеуріні де бар. Сондықтан жас мамандардың талпынысын ерекше ескеріп, мемлекет жеңілдетілген шарттармен пәтер сатып алудың бірегей тетіктерін іске қосып отыр.

«Алматы жастарының» айшықты қадамы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Жылжымайтын мүлік бағасы қымбаттаған сайын қаржылық мүмкіндік шектеле беретін қа­зіргі уақытта тұрғылықты жер­дің қолжетімді болмауы – кә­сіби жолын енді бастаған жас маманға ең бірінші кедергі. Өйт­кені үйсіз күйдің де болмайтыны, баспана бас уайымына айналған жерде басқасына зейін тоқтату қиын екені белгілі. Тіпті тұрақты қоныстың жоқтығы жас кадрлардың таңдаған кәсібін, үйренген ортасын тастап, қаладан кетуіне себепші болады. Бұл орайда оларға қолайлы жағдай жа­сап, қалада орнығуын ынта­ландыруға, қолжетімді шарттар­мен өз тұрғын үйлерін сатып алуға мүмкіндік беруге бағыт­талған бастамалар барынша демеу. Баспана мәселесін шешуге бағытталған тиімді әлеуметтік жобалар жеңілдетілген несиелеу шарттары, қаржылық қолдау, қо­сымша ынталандырулар ар­қы­лы жастардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Қосымша қолдау шаралары мен ресурстық орталықтардың жұмысы жастардың әлеуетін толық­қанды іске асыруына ұйыт­қы болады. Алматы қала­сында қолдау көрсетудің осындай ма­ңызды шараларының бірі – жас мамандарға тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесуге арналған «Алматы жастары» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді.

Баспана мәселесін шешу мақ­сатында іске қосылған «Алматы жастары» – жас маман­дардың тұр­ғын үйге қол жеткізуін же­ңіл­детуге арналған түрлі құ­ралды қамтитын қолдау шараларының тұтас кешені, жас­тар саясатын дамытудың ма­ңызды қадамы. Жас буынды қолдау мен кәсіби қалыптасуына жағдай жасауға, қаланың кадрлық әлеуетін дамытуға үлес қосуға арналған бағдарлама жұмыс істейтін жастарға жеңілдікті шарт­тармен тұрғын үйді жалға алуға мүмкіндік берді. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін құны арзан баспанаға уақытша қоныстана отырып, жастар өзінің болашақ жеке пәтеріне қор жинай алады. Ипотека білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, БАҚ, құқық қорғау органдары, жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институтында жұмыс істейтін жастар, коммуналдық қызметтер, әлеуметтік салаларда жұмыс істейтін 35 жасқа дейінгі жастарды қамтиды.

Бағдарлама өмірге жолдама алған сәттен бастап (2017 жылы) 6 мыңға жуық адам жеңілдікпен өз пәтеріне қол жеткізді. 5% жылдық мөлшерлемемен, 10% бастапқы жарнамен қолайлы шарттарды ұсынатын жеңілдетілген тұрғын үйді несиелендіру халық арасында ең танымал, сұранысқа ие құралға айналды. Пәтерді бастапқы, қайталама тұрғын үй нарығында сатып алуға болады. Отандық тұрғын үй ком­па­ниясының кепілдігі болған жағдайда, салынып жатқан ғима­раттан пәтер сатып алуға рұқ­сат етіледі. Мамандардың есеп­теуінше, қарыз сомасы жылдық 5% мөлшерлемесімен 18 мил­лион теңге болғанда, ай сайынғы төлем шамамен 140 мың теңгені, яғни нарықтық жалдау ақысынан төмен бағаны құрайды.

Бағдарламаны пайдалан­­ғандардың қатарында Жамбыл облысы Құлан ауылының тума­сы, 30 жастағы инженер-технолог Жадыра Қайсарбаева да бар. Ол алдымен Шұғыла ша­ғын ауданындағы «Алма сити 5» тұрғын үй кешеніндегі ала­ңы 34 шаршы метрді құрай­тын бір бөлмелі жалға беріле­тін пәтерде тұрып, айына 10 000 теңге төлеген. Кейін конкурс­­тан өтіп, ипотека рәсімдеп, қазір «Шұғыла сити» ТК-де ауданы 40 шаршы метр бір бөлмелі пәтердің иесі болды. Ипотека мерзімі – 8 жыл, ай сайынғы төлем – 157 000 теңге. «Өзімді нақты мақсат пен темірдей тәртіпке бағдарлай отырып, бастапқы жарнаға қажетті соманы жинай алдым. Жаңа тұрғын үйім, оның орналасқан жері көңілімнен шықты. Болашақта бұл ауданда метро стансасы ашыл­мақ. Соның арқасында ма­ған қаланың әр түкпіріне жету ыңғайлы болады», дейді тұр­ғын үй бағдарламасының қатысу­шы­сы.

Мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып, баспаналы болған тағы бір жас маман Әйгерім Берікқызы – математика пәнінің мұғалімі. Ол 2023 жылы сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйде тұрды. «Мұндай тұрғын үйдің артықшылығы – қаражатты үнемдеп, пәтер алуға қаржы жинауға мүмкіндік бере­тіндігінде. «Алматы жас­тарының» жылдық 5% ғана мөлшерлемесі  мен үшін өте тиімді шешім болды. Сөйтіп, 47 шаршы метрлік пәтерді таңдап, жаңа жылды өз шаңырағымда қарсы алдым», дейді Алматы тұрғыны.

Нарықтағы өзгерістер мен жастардың қажеттіліктерін еске­ре отырып, бағдарлама үнемі өзгеріп отырады. Биыл осы тұрғын үй бағдарламасын қар­жы­ландыруға қала бюд­жетінен қосымша 1,4 млрд теңге бөлінеді. Сонымен бірге биыл бағдарламаның шарттары жаңар­тылып, қарыздың ең жоғары сомасы 18 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Бағдарламаны қамту жұмыс істейтін жастардың 1050 жалға алушысын қоса алғанда, кемінде 2550 адамды құрайды. Сонымен қатар жұмыс істейтін жастар қатарындағы қатысушыларға Алматыда немесе Алматы облысында жеке тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі берілді.

Жуырда өтінімдерді қабыл­дау қорытындысын шығар­ған қаланың коммуналдық инфра­құ­рылымды дамыту басқар­ма­сының мәліметінше, барлығы 6626 өтінім берілді. Өтінімдердің ең көп саны (2191) білім саласының өкілдерінен түсті. Одан кейін денсаулық сақтау (1381), жұмыс істейтін жастар (881), ЖОО, ҒЗИ (635), коммуналдық қызметтер (428), мәдениет (360), құқық қорғау органдары (343), әлеуметтік (245), спорт (86), журналистика (76) салалары тұр.

Биыл бағдарлама аясында тұрғын үй сатып алуға кемінде 2550 заем беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 1050 заем «Жұмыс істейтін жас­тар» бағдарламасының жал­ға алушыларына арналған. Сондай-ақ бірқатар бағытта кво­талар анықталды: білім – ке­мінде 350 заем; денсаулық сақтау кемінде 350 заем. Рес­публикалық кәсіпо­рындар мен ұйымдардың қызмет­керлері жал­пы көлемнің 5%-ынан, құқық қорғау органдары 5%-ынан аспайды. Берілген өтінімдерді қарау қорытындысымен 3412 қатысушыға қатысты оң шешім шығарылды. Білім саласында – 994; денсаулық сақтау саласында – 630; жұмыс істейтін жастар арасында – 759; республикалық мем­лекеттік ұйымдардың қыз­мет­керлерінен – 249; құқық қорғау органдарынан – 167; қалған салалардан 61 өтінім мақұлданды.

«Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының 759 жалға алушысына «Отбасы банк» АҚ-ға жолдамалар берілген. Үш кезеңде 1500 қатысушы төлем қабілеттілігін растау үшін банкке жолдама алады. Олар 15 жұмыс күні ішінде банктің қызмет көрсету орталығына хабарласуы керек. Төлем қабілеттілігі расталған жағдайда қатысушылар 45 күнтізбелік күн ішінде бас­тапқы немесе қайталама на­рықтағы тұрғын үйді таңдай алады. Қосымша резервтік тізімге 1153 адам кіреді. Олар негізгі құрамдағы орындар босатылған жағдайда мақұлдау ала алады. Сонымен қатар 3214 адамның өтінімі жарамады. Өйткені жастардың көбі өтініш беруге да­йын болмаған. Мысалы, жұмыс орнының бағдарлама шарттарына сәйкес келмеуі, меншігінде жылжымайтын мүліктің болуы, растайтын құжаттардың не­месе кейінгі жарты жылдағы зейнетақы ауда­рымдарының бол­мауы анық­талды. Кейбір өті­нім­дер анық­тамалық пакеттің толық емес­тігіне немесе мәлімет­тер­дің дұрыс болмауына байланысты қабылданбаған.

Соңғы жаңалықтар

Қала қоқыс полигоны ма?

Экология • Кеше