Айбын • Бүгін, 09:30

Бітімгер – бейбітшілік елшісі

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақ елі БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына тұрақты түрде қатысып, дүниедегі тыныштық пен қауіпсіздіктің жақтасы екенін іс жүзінде дәлелдеп келеді. Бұл – еліміздің сыртқы саясатын бекемдеу мен оны қолдау әрекетінің көрсеткіші.

Бітімгер – бейбітшілік елшісі

Бірінші кезең

Қарулы күштеріміздің бітім­герлік қызметі шартты түрде 2014 жылға дейін және 2014 жылдан кейін болып екі кезеңге бөлінеді. Алғашқы кезең­де әскери қызметшілеріміз ТМД-ның Тәжікстандағы және БҰҰ бітім­герлік миссияларынан тыс АҚШ коа­ли­циялық күштерінің қатарында Ирак­тағы операцияларға қатысты. Атап айтқанда, 1993 жылдың қыркүйегі мен 2001 жылдың ақпаны аралығында ҚК Ішкі әскерлер бөлімшесі мен ҰҚК Шекара қызметі тәжік-ауған учаскесінде ТМД-ның оңтүстік шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдер шеңберіндегі міндеттерді орындады.

2003 жылдың тамызы мен ­2008 жылдың қазан айы аралығын­­да халық­аралық міндеттеме­лер­ді іске асыру мақ­сатында «Қаз­бат» бітімгерлік баталь­онының инженерлік-саперлік жа­сағы АҚШ бастаған халықаралық ­коа­лицияның тұрақтандыру күш­тері құрамында Ирактағы миссияны орындады. Контингенттің негізгі міндеті жарыл­маған оқ-дәрілерді іздеу мен жою, далалық сумен жабдықтау пункт­терін іске қосу, суды тазарту және меди­цина­лық көмек көрсету болатын. 2008 жыл­дың қазан айында миссия­ның аяқталуы­на байла­нысты жа­сақ Ирактан шығарылды. Осы қыз­мет кезінде 1 офицер қаза тапты.

Қазақ сарбаздары Иракта 4,5 миллионнан аса түрлі оқ-дәрі, нақтырақ айтқанда, мина, зымыран мен снарядтарды жойып, 6 718 текше метр су та­зартты. Әскери дәрігерлері­міз америкалық «Дельта» базасы медициналық тобының құ­рамында жұмыс атқарды. Олар негізі­нен террорлық шабуылдардан зардап шеккен жергі­лікті тұрғындарға меди­циналық көмек көрсетті.

Сонымен қатар 2007 жылдың мамыры мен 2009 жылдың тамызы аралығында 2 офицеріміз БҰҰ-ның Непалдағы миссиясына (UNMIN) қатысса, 2008 жылдың тамызы мен 2009 жылдың маусымы аралығында 1 офицеріміз Грузиядағы ЕҚЫҰ миссиясының құрамында болды.

 

Екінші кезең

Классикалық бітімгерлік қыз­мет шеңберіндегі БҰҰ-мен өзара іс-қимыл 2014 жылы Қару­лы күштеріміздің ал­ғашқы әскери қызметшісі БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы миссиясына әскери бақылаушы ретінде жіберілген сәттен басталады. 2018 жылы Қазақстан мен Үн­дістан арасында қол қойылған мемо­рандумға сәйкес, отандық бітімгер­лер ротасы алғаш рет БҰҰ-ның Ливандағы мис­сия­сына қатысты. Олар Израильмен шека­рада жергілікті жерді патрульдеу, бақы­лау бекеттерін ұйымдастыру, оқ ат­пау келісімін қадағалау міндеттерін атқарды.

Сол кезден бері қазақ әскери қызмет­шілері бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндетте­мелерді орындау үшін Біріккен Ұлт­тар Ұйымының бітімгерлік мис­сияларына тұрақты түрде қаты­сып келеді. Кейінгі 20 жылда 600-ден аса әскери қызметші­міз БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысты. Ал 2024 жылдың қаңтарында БҰҰ еліміз­ге тәуелсіз бітімгерлік миссия­­­сын жасақтауға мандат берді.

Біз – БҰҰ-ның бітімгерлік күштеріне Орталық Азиядан әскер жіберетін бірден-бір мем­лекетпіз. Былтыр нау­рыз айында 139 әскери қызметшіміз, оның ішінде 4 әйел бар, өз техникасымен және қару-жарағымен Голан жоталарына аттанған болатын. Бір жыл ішінде олар 557 тапсырманы орындады. Оның ішінде 458 мобильді патрульдеу, 66 әскери персонал мен гуманитарлық жүктерді тасымалдау, 15 рет жарылғыш заттарды залалсыздандыру және 3 рет бақылау бекеттерінің күзетін күшейту жұмыстары атқарылды.

Миссия барысында бітім­герлер Из­раиль мен Сирия ара­сындағы атысты тоқтату туралы келісімнің сақ­талуын қадағалап, жауапкершілік айма­ғындағы бітімгерлік базаларынан әс­кери персоналды эвакуациялау, бақы­лаудағы аумақты мобильді патрульдеу, жарылмаған оқ-дәрілерді жою мен басқа да жарылғыш заттардан тазарту, БҰҰ-ның персоналы мен жоға­ры лауазымды тұлғаларын жа­уапкершілік аймағында және оның шектеулі аумақтарында алып жүру жұмыстарын атқар­ды. Голан жоталарында қызмет ­еткен кезде контингенттің алғаш­қы құрамы қойылған бар­лық міндетті ойдағыдай орындап, БҰҰ миссия­сы мен Хатшылығы­ның басшылығынан жоғары баға алғанын айта кету керек.

Қазіргі уақытта Голан жоталарында бітімгерлердің екінші құрамы БҰҰ миссиясы аясында қызмет өткеріп жатыр. Оның құрамында 4 штаб офицері, 139 әскери қызметші бар. Бұған қоса Батыс Сахарада – 6, Орталық Африка Республикасында – 2, Таяу Шығыста – 2, Конго Респуб­ликасында – 2 әскери бақылаушы және Ливанда – 3 штаб офицері, барлығы 158 әскери қызметшіміз бітімгерлік миссия сапында қызмет атқарып жүр.

 

Төрт тілде білім беретін орталық

Бүгінде Ұлттық бітімгерлік контин­гент­тің мамандарын оқытумен және даярлаумен Қорғаныс министрлігінің Бітім­герлік операциялар ор­талығы (Kazcent) айналысады. Бұл орталық 2006 жылы Қорғаныс министрлігінің Шет тілдер инс­титутында «Бейбітшілік үшін серіктестік» оқу орталығы ретінде құрылған. 2010 жылы ол Одақтас­тық Жоғары трансформациялау қолбасшылығының (SACT) штаб-пәтері болып танылды. Ал 2019 жылы UNSOC және UNPOC орталығының курста­ры БҰҰ-ның тиісті сертифика­тын алды.

Бітімгерлер кең ауқымды құзыретке ие. Орталықта олар әскери іс бойынша оқытыла­ды, дайындық БҰҰ-ның көп­ұлтты миссияларындағы негіз­гі қа­рым-қатынас тілі ретінде ағыл­шын тілін қарқынды үйренуден басталады. Бі­тімгерлер басқа да әртүрлі тілдік бағыт­та оқы­тылады. 2023 жылы 200-ден аса әскери қызметші ағылшын, француз, түрік және қытай тілдерінде білім алды.

Мамандар «БҰҰ: бітімгерлікке кіріспе», «Миссия алдында­ғы дайындық», «Бітімгерлік операциялардың құқықтық аспектілері», «Қарулы қақ­тығыстар құқығы», «БҰҰ шта­бының офицерлері» және «Аза­маттық тұрғындарды жан-жақты қорғау» сияқты пәндер бойынша даярланады. Олар миссия мандатымен анықталатын бітімгердің мәртебесі мен міндеттерін, дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл тәртібін, сондай-ақ миссияның түрлі компоненттерімен, жергілікті билік өкілдерімен, БАҚ-пен және қақтығысқа қатысатын қарама-қарсы тараптармен өзара әрекеттесуді реттейтін халықаралық заңнаманы зерделейді.

Бақылау жаттығулары барысында бітімгерлік міндеттер кешенін орындайды, оларды жүзеге асырудың әртүрлі әдістері мен тәсілдерін қолданады. Бұл ретте әскери қызметшілердің түрлі стандартты емес жағдайда шебер әрекет ету, күрделі және күрт құбылмалы сәттерде жүктелген міндеттерді орындау қабілеттері тексеріледі. Бітімгерлік контингенттің барлық әскери қызметшісі ерікті негізде қабылданады. Бұл орайда үміткерлердің кәсіби және моральдық қасиеттері ескеріледі.

Еліміз бітімгерлік мис­сияларға қаты­су арқылы баға жетпес тәжірибе жинақ­тады. Құбылмалы геосаяси жағ­дай мен халықаралық тұрақсыздық, мем­лекетаралық жанжалдар көбе­йіп тұрған уақытта бітімгерлік күштер БҰҰ-ның миссияларында айрықша рөл атқарып келеді. Алдағы уақытта осы адалдығынан танбай, жаһандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тегеурінді ықпалын тигізе беретініне сеніміміз мол. Бұл еліміздің халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретіндегі беделін нығайтуға септігін тигізетіні шүбәсіз.

Соңғы жаңалықтар

Қала қоқыс полигоны ма?

Экология • Кеше