Талбесік • Бүгін, 08:40

Орман тамырдан қуат алады

10 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңіріндегі кейбір орман шаруашылықтарында өртке қарсы техникалық мүмкіндіктер олқы. Өрт сөндіру стансалары мен қызметкерлердің, жанар-жа­ғар­май қорының жетіс­пеуші­лігі, құрал-жабдықтардың тозуы байқалып отыр.

Орман тамырдан қуат алады

Мәселенің мәнісі

Жуырда Үкімет басшысы Абай, Пав­лодар облыстарын­дағы орманды өрт­тен қорғау ісі әлсіз екенін сынға алды. Өңірлік орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инс­пек­циясының мәліметінше, орман өрттері­нен қорғау жүйесінің жай-күйін бағалау нәтижелері облыста бірқатар проблема мен сәйкес­сіздікті анықтаған. Тіпті үш коммуналдық орман қор­ғау ұйымының екеуі – «Пав­лодар», «Максим-Горький» шаруашылықтары қанағат­танарлықсыз баға алған (2,8 және 3,5 балл). Баянауыл мемлекет­тік ұлттық табиғи паркіндегі жағдай да оңып тұрған жоқ. Сәуір айында кенеттен тұтанған тілсіз жау «Жасыбай» демалыс аймағындағы 20 гектардан астам жерді жайпап кетті.

Орман шаруашылықтары мен ұлттық паркте орман өрттері­не дайындық жұмыстары­ның уақытында аяқталмауы, орман өртін сөндіру стансалары­ның (ӨСО) болмауы немесе стандарттарға сәйкес келмеуі, штат бірліктерінің жеткіліксіздігі мен материалдық-техни­калық жабдықталу деңгейінің төмендігі анықталып отыр.

д

– Мәселен, «Ертіс орманы» резер­ватындағы 16 орманшылық бөлімшесінің 4-еуінде ӨСО мүлде жоқ. Өрт сөндіру техникаларының, құрал-жабдықтардың біраз бөлігі тозғанына қарамастан, есептен шығарылмаған. Баянауылда жанар-жағармай жетіспейді. Найзағайға қарсы құрылғылар жоқ. Кейбір учаскелерге, әсі­ресе Ертіс өзенінің жайылымдық ай­ма­ғындағы жерлерге жету қиын. Өткен жылы дауыл салдарынан құлаған ағаш­тар мен сынған бұтақтар орман аума­ғында көптеп жиналып қалған. Олар уақтылы тазартылмаған. Резерват пен ұлт­тық парк техникамен толық жарақ­тандырылғанына қарамастан, бірқа­тар шешілмеген мәселелер бар. Атап айтқанда, резерваттағы 13 ӨСО қол­да­ныс­тағы «Орман өрт сөндіру стансасы ере­­же­сіне» сәйкес келмейді. Сонымен қатар ондағы Майқарағай, Заводской, Чуш­­калин орманшылықтарында, Баян­ауыл­дағы Далба бөлімшесінде қосымша 4 өрт сөндіру стансасын салу қажет, – дей­­ді ор­ман шаруашылығы және жануар­­лар дүниесі аумақтық инспекциясы бас­­шысының орынбасары Қайрат Мұса­ғалиев.

 

72 мың гектар қарағай шығын болған

Тәуелсіздік жылдары Павлодар об­лысын­дағы алапат өрттерден қарағай ормандарының 40%-ы жанып кеткен. Бұл шамамен 72 мың гектардан асады. Статистикалық деректерге сүйенсек, өңірдің қазіргі мемлекеттік орман қоры – 479 мың га. Оның ішінде орманмен көмкерілгені – 309 мың га. Бұл – облыс аумағындағы жер көлемінің небәрі 2,2%-ын құрайды. Орманмен көмкерілуі бойынша республикада 7-орында, ор­мандылығы бойынша 8-орында тұр. Жалпы орман қорының 72%-ы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға тие­сілі («Ертіс орманы» – 278 мың га, Баян­ауыл ұлттық табиғи паркі – 68 мың га). Өзгесі облыс әкімдігіне қарасты орман қор­ғау мекемелерінің орман қоры, сон­дай-ақ автокөлік жолдары, теміржол бо­йындағы орман екпелері.

Ертіс-Баян өңірінде негізінен қарағай («Ертіс орманы» мен Баянауылда кеңінен тараған), қайың, терек, қарағаш, жағалау талдары, Қызыл кітапқа енген қандыағаш, басқа да ағаш түрлері өседі. Аталған ағаш түрлері өңірдің климаттық, жер жағ­дайларына бейімделген, биоалуан­дылықты сақтау, топырақты қорғау, микроклиматты тұрақтандыру бағытында маңызды рөл атқарады.

Өкінішке қарай, жыл сайынғы орман өрттері табиғи байлығымызға орасан зор шығын келтіріп тұр. Былтыр облыста 46 орман өрті тіркеліп, 5 мың гектардан астам орманды жер отқа оранған.

– Биыл көктем құрғақ болғаны се­бепті, сәуірден бері бірнеше орман өр­ті тіркеліп үлгерді. Жалпы аума­ғы 44,4 гектарды шарпыған 6 орман өр­ті­нен мемлекетке 815,4 мың теңге шы­ғын келген. Орманды және табиғатты қорғау мекемелері орманды қалпына келтіру жұмыстарын үзбей жүргізіп, тек былтыр 4131,1 гектарға барлығы 19,6 млн дана екіжылдық кәдімгі қарағай көшеттері отырғызылды. Биыл жалпы саны 18 млн данадан астам қарағай көшеттері 3654,5 гектарға отырғызылуы керек. Резерват пен ұлттық парк қажетті көшеттерді өздерінің питомниктері есебінен қамтамасыз етеді. Өзге мекеме­лер көшеттерді сатып алады. Сондықтан соңғы­ларын көшетпен тұрақты қам­тамасыз ету мәселесі әлі де өзекті болып отыр, – дейді Қ.Мұсағалиев.

 

Өрт мұнараларының тиімділігі мол

«Ертіс орманы» резерваты бас ди­рек­­то­рының міндетін атқарушы Қаз­бек Әметов қазіргі уақытта орман ара­­сын құлаған ағаштардан тазарту жұ­мыс­тары қауырт жүріп жатқанын жеткіз­ді. Биыл жазда жалпы ұзындығы 570 шақырым минералды жолақтар салу, қол­­даныстағы 9,6 мың шақырым мине­рал­ды жолақтарға күтім жасау жос­пар­ланған.

о

– Ауа райын болжаушылар биыл жаздың аса ыстық болатынын айтады. Резерваттың ықтимал өрт жағдай­ларына дайындығы ойдағыдай жүріп жатыр. 3 жасанды өртке қарсы су қой­ма­­сы (әуеден су төгетін құралдарға ар­нал­­ған), орманшылықтар мен орман ал­қаптарында су толтырылған 35 үл­кен ыдыс орналасқан. Бәйімбет, Шош­қа­лы, Степной, Тайбағар, Май­қара­ғай ор­ман­шы­лықтарында қосым­ша 5 су ыдыс­тарын орнату жоспарда бар. Қауіпсіздік мәселелері бойынша жергілікті халықпен, шаруа қожалық­тарының басшыларымен кездесіп, түсін­діру іс-шараларын үзбей жүргізіп жатырмыз. Бүгінде резерватта барлығы 244 тех­ника, оның ішінде 39 өрт сөндіру, 21 патруль­дік көліктер, 93 трактор бар. Бұл бекі­тілген нормативтердің 100%-ын құ­рай­ды. Резерват жұмысына биыл бюд­жет­тен 4 млрд 649 млн теңге бөлінгелі отыр, – дейді резерваттың бас орманшысы.

Лизинг бойынша қосымша 7 МТЗ тракторын, 2 патрульдік автокөлік, L200 базасындағы шағын өрт сөндіру кешені, 8 Lovol тракторы, әрқайсысы 300 литр су алатын 34 дана JAC T6 автокөліктері, 136 арқаға асылатын өрт сөндіргіштері, басқа да қосымша өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған шағын өрт сөндіру кешендері сатып алынған. Орманшылар JAC T6 базасындағы шағын өрт сөндіру кешендері аса тиімді екенін айтады. Олар арқылы өрт пайда болған жерге жедел ден қойып, орманшылар мен арқаға асылатын өрт сөндіргіштерді оқиға орнына шұғыл жеткізуге, төтенше жағдай кезінде тұрғындар мен мүліктерді эвакуациялауға болады.

Талдауларға ден қойсақ, резерват 2003 жылдан бастап өртеніп кеткен 46 935 га орман алқабын қалпына кел­тір­ген. Орман өрттерінің сиреуіне былтыр орнатылған 23 мұнара (тепловизор­лары, жоғары сапалы бейнекамералары бар) сеп болған. 2024 жылы 38 өрт­тің 20-сы мұнаралардың көмегімен анық­талыпты. Биыл ұлттық парк аумағын­да тағы 8 бақылау мұнарасын орнату жоспарланған.

Орман ұрлығы бойынша өткен жылы 4 жағдай тіркелген. Резерват қызмет­керлері мен тәртіп сақшыларының бір­лескен жұмысының арқасында заңсыз ағаш кесу 97%-ға азайған.

Қ.Әметов өрт қауіпті кезең биыл ерте басталғанын айтады. Жыл басынан орманда 4 өрт оқиғасы тіркеліп, жалпы аумағы 0,87 гектар жер жанған. Резерваттың негізгі штатында 307 адам, 354 адамнан тұратын қосымша штат жұмыс істейді. Сонымен қатар өрт қа­уіпті маусым кезеңі мен орманды қал­пына келтіру іс-шаралары барысында маусымдық жұмысшылар қабылданады. Қызметкерлер жазғы мезгілге тас-түйін дайын. Жұмысшылардың орташа жас мөлшері – 30-50 жас. Тракторшы, жүр­гізуші, дәнекерлеуші сияқты жұмыс­шы мамандықтарға сұраныс бар. Алдың­ғы жылдармен салыстырғанда кадр тапшы­лығы мәселесі соншалықты өзекті емес.

 

Мамандардың біліктілігін арттыру – міндет

Баянауыл ұлттық паркінде тәуелсіз­діктің алғашқы жылдары өрт оқиғалары жиі тіркелетін. Таулы жерді қызықтап келетін туристердің бақылаусыздығы, өртке қарсы жүйелердің әлсіздігі байқа­лып тұратын. Оның үстіне дағдарыс кезеңіндегі техника мен материалдық ресурстың жетіспеушілігі орманның елеулі бөлігін жоғалтуға алып келді. 1991 жылы Баян тауларының оңтүстік жағында тау қиялары бір ай бойы жан­ды. Техника жете алмайтын тау биіктеріне өрт сөндірушілер мен ерікті жа­сақтардың өкілдері жаяу көтеріліп, қолмен сөндіруге әрекеттенді. Ақыры тікұшақ шақыртылып, тілсіз жау тоқ­татылды. Алапат өрт 1997 жылы тағы қай­таланып, қазіргі «Факел» демалыс аймағының маңайы қалың өртке оранды.

– Таулы жердегі өртті жазық далалы жердегі орман өртімен салыстыруға келмейді. Мәселен, «Ертіс орманы», «Семей орманы» резерваттарында тілсіз жауды қарсы өрт қойып тоқтатып алады. Таулы-тасты аймақтарда тұтанған жалын көбіне ағаштың тамырына кіріп кетеді. Ол бықсып ұзақ жанады, дауыл тұрса өршіп, лезде таралып кету қаупі бар. Әсіресе, тас арасына кіріп кеткен шоқ қауіпті. Кейінгі кезде ұлттық парк­те қытайлық техникалар көбейіп кетті. Бұл техникалардың қуаты аз, небәрі 500 литр суды таудың үстіне шығара алмайды. Ескі Газ-66 жүк көлігінің базасындағы бұрынғы өрт сөндіру машиналары мықты, кез келген қияға 3 тонна суды жеткізеді. Бірақ олар бүгінде әбден ескірген. Сондықтан жаңа техника сатып алғанда ресейлік көліктерге маңыз берген дұрыс. Қытайлық техникалардың астының бәрі кәдімгі пластмасса, өрттің үстінен жүріп өтсе, еріп түсіп қалады, – дейді Баянауыл ұлттық паркінің гид-экскурсоводы, орман шаруашылығында 37 жылдық еңбек өтілі бар маман Ерға­лым Қайырденов.

Орман өртінің алдын алудың кешенді тәсілдерінің бірі – мамандардың сапасын арттыру. Өкінішке қарай жоғары білімді жас кадрлар ауылдық жерлерге бар­ғысы жоқ. Орман мекемелері жас маман­дарды қолдаудың мемлекеттік бағдар­ламаларын әзірлеп енгізуді, еңбек­ақы төлеу жүйесін қайта қарауды, сон­дай-ақ ауылдық жерлерде кәсіби даму мүм­кін­діктерін тудыруды сұрайды. Бүгінде ор­ман­шылардың еңбекақысы 140 000 тең­геден басталып, 350 000 теңгеге дейін жетеді.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қала қоқыс полигоны ма?

Экология • Кеше