
Суреттерді түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Соны жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын еселеп, өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеру, қаржылық қолжетімділікті арттыру, ауыл инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау арқылы жергілікті экономиканың қуатын еселендіру. Мұның барлығы «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында жүзеге асып жатыр.
2023 жылдан бастау алған «Ауыл аманатының» аясында мал тұқымын асылдандыру, өсімдік шаруашылығында өнім сапасын жақсарту сынды маңызды міндеттер кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Мұнымен қоса, этно туризмді дамытып, тұрақты жұмыс орындарын құру сынды жаңа бағыттар да жобаның маңызды бөлігі. Ауылда тек мал бағумен шектелмей, табыс табудың алуан түрлі жолын ұсынуға болады. Осы игіліктің бәрі қолжетімді қаржы құралдары арқылы жүзеге асып келеді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде ұсынылып отырған қаржылық қолдаудың шарттары бұрын-соңды болмаған тиімділікпен ерекшеленеді. Байыпты бағдарлама аясында мал шаруашылығына арналған несие бар-жоғы 2,5 пайызбен жеті жыл мерзімге берілсе, басқа салалардағы бизнес бастамаларға бес жылға дейінгі жеңілдетілген несие қарастырылған. Бұл – ауылдағы ағайын үшін нағыз табысқа бастар жол. Жеке кәсіпкерлерге 9,5 миллион теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 30 миллион теңгеге дейінгі несие ұсынылып отыр. Қомақты қаржыны алу жолы оңай әрі қолжетімді. Қазірдің өзінде amanatnesie.kz электронды платформасы арқылы өтінім беріп, құжаттарды заманауи, цифрлық үлгіде рәсімдеуге толық мүмкіндік бар. Облыс аумағында берекелі бастаманы жүзеге асыру алдында жан-жақты дайындық жұмыстары атқарылды.
Арнайы сараптама арқылы 156 ауылдық елді мекен қамтылып, әрқайсысының нақты мүмкіндіктері, экономикалық бағыты, әлеуеті жіті зерделенді. Бұған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ерекше назар аударып келеді. Өңір басшысы «Қолайлы несиенің шапағатын ауылдағы әр азамат сезінуге тиіс» деген ұстанымда.
Ермағанбет Қабдулаұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қолдау көрсету үшін жаңа жобалар тобын құруды тапсырды. «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы микрокредиттерді уақтылы беруді қамтамасыз етуге тиістігін де ерекше еске салды.
Бағдарламаны жүзеге асыру нақты нәтижелермен дәлелденіп келеді. Бүгінде 670-тен астам микрокредит беріліп, соның нәтижесінде 900-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әнуар Төлебековтің айтуынша, жобалардың көпшілігі мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы техникасын жаңалауға бағытталған.
– Бұл – ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға, жастарды туған жерінде тұрақтандыруға бағытталған маңызды жетістік. Жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, өндірілген өнімді қайта өңдеуге бағытталды. Яғни ауыл экономикасының құрылымын күшейтіп, ішкі нарықтағы бәсекелестік қабілетті арттырып отыр. Мұнымен қатар, ауыл шаруашылығынан тыс қызмет көрсету, қолөнер, туризм сияқты салалардағы жобалардың да көбейіп келе жатқаны қуантады, – дейді сала басшысы.
Демек нәтиже бар. Жобалардың да саны артып келеді. Өңірде мал басының өсімі тіркелді. Тағы бір айта кетерлік жайт, 105 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, кооперативтер мен жеке шаруашылықтардың техникалық паркі 22 пайызға жаңартылған. Мұндай жаңғырту ауыл еңбеккерінің жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті еселей түседі. Жобаны жүзеге асыруға 2 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылып, қомақты қаражат 296 шағын несие беруге әрі 322 тұрақты жұмыс орнын ашуға бағытталып жатыр. Бағдарламаның тиімділігін тереңірек зерттеп, мақсатты түрде іске асыру үшін үш қанатқақты аудан таңдалды: Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы. Өрісті өңірлер ауыл шаруашылығымен айналысатын, өндірістік әлеуеті жоғары, белсенді халық шоғырланған аймақтар. Ендігіде аталған аудандарда қаржыландыру «Бір ауыл – бір өнім» қағидаты бойынша жүргізіледі. Яғни әрбір ауыл өз ерекшелігі мен артықшылықтарына сай бағыт таңдап, кооперативтер құру арқылы нақты өнімге машықтанбақ. Тың тәсіл ауылдар арасындағы экономикалық әртараптандыруды күшейтіп, сапалы өнім өндірісін жүйелеуге жол ашады.
– Биыл ауданымызда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қанатқақты жоба ретінде төрт ауылдық округ таңдалды. Қайнарбұлақта – ет өңдеу, Қаршығалыда – сүт жинау және өңдеу, Егіндібұлақ ауылдық округінде – ет комбинатын ашу, Тегісшілдікте – мал азығын дайындау бағытындағы кооперативтер құрылды. Біз әрбір жобаның табысты жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетеміз, – дейді Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов.
«Орталық ауылдық округте «Ел қазынасы» кооперативі еттің жартылай фабрикаттарын өндіретін цех ашып, жылына 150 тонна өнім өндіріп, 17 адамды жұмыспен қамтымақ. Көкпекті округінде «Karlugash агро 2030» кооперативі базасында сүт бағытындағы ірі жоба жүзеге асады. Бұл жерде тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін цех құрылып, 20 жаңа жұмыс орны ашылады. Аудан орталығында да маңызды жобалар жоспарланған. Атап айтқанда, «Gran corm Botakara» кооперативі 44 адамды жұмыспен қамтып, ірі қара мен ұсақ малға арналған түйіршікті жем өндіретін цех салуды бастайды», дейді Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын.
Ел ішіндегі еңбек адамдары енді болашағына сеніммен қарап, өз кәсібін дөңгелетіп, туған жерін түлетуге кірісті. Бүгіннен басталған игі қадам – ертеңгі тұрақты табыс, әлеуеті артқан ауыл, жаңарған өмір салты. Бұл – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасының орындала бастағанының көрінісі. Ендігі кезекте әр тұрғынның, әр кооперативтің қолынан келетін іс – осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану. «Ауыл аманаты» – ел аманаты.
Қарағанды облысы