
Ас ішкен кезде ағзаға түрлі қоректік заттар түседі. Мысалы, көмірсулар – ең негізгі қуат көзі. Ақуыз бұлшық еттер мен ағзаның тіндерін қалпына келтіреді. Май энергия мен гормондар өндіруге қажет. Ал дәрумендер мен минералдар иммунитетті күшейтіп, ағзаның дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Тамақтану ағзаға қажетті нәрселермен толықтырып қана қоймай, көңіл күйге де әсер етеді. Мысалы, тәтті жегенде ми дофамин бөледі, бұл қуаныш пен рахат сезімін тудырады. Көмірсулар серотониннің бөлінуіне ықпал етеді, адамға тыныштық, тұрақтылық сыйлайды. Ал грелин мен лептин – адамның аштық пен тойымдылық сезімін реттейтін негізгі гормондар. Қызығы, стресс кезінде грелин деңгейі 5–15 минут ішінде күрт көтеріледі. Бұл, әсіресе, артық салмағы бар адамдарда жиі байқалады. Яғни адам күйзеліске түскенде тамаққа деген құмарлығы артады.
Бүгінде тамақтану жүйесі бұрынғыдай емес. Азық-түлік өндірісі жаңа технологиялардың арқасында мүлде басқа бағытқа бет алды. Егістіктегі жағдайды дрондар мен сенсорлар бақылайды. Жасанды интеллект ауа райын дәл болжауға көмектеседі. Генетикалық түрлендірілген дақылдар өнімділікті арттырып, ауруға төзімділікті күшейтеді. Ал қалаларда салынған вертикалды фермалар гидропоника әдісі арқылы суды 90–95 пайызға дейін үнемдей отырып, бірнеше есе өнім береді. Ғалымдардың болжауынша, 2030 жылға қарай зертханада өсірілетін еттің нарығы 25 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар бұл өндіріс көмірқышқыл газының бөлінуін 96 пайызға азайтады. Алайда мұндай ет пен ГМО-ның этикалық, мәдени және әлеуметтік жағы әлі де қоғамда қызу талқыланып жатыр. БҰҰ дерегіне сүйенсек, алдағы жылдары жер бетіндегі халық саны 10 миллиардқа жетуі мүмкін. Бұл азық-түлікке деген сұраныстың 60 пайызға дейін артуына алып келеді. Мұндай ауқымды қажеттілікті өтеу үшін ғылым, экология және қоғам арасындағы теңгерімді, үйлесімді әрекет қажет болады. Себебі бүгінгі тамақ мәселесі аграрлық мәселе ғана емес, бұл – адамзаттың болашағына тікелей әсер ететін үлкен мәселе.
Тамақтану – ағзаның энергия мен қажетті қоректік заттарды алу тәсілі ғана емес, сонымен қатар адамның эволюциялық, мәдени, эмоциялық, әлеуметтік өмірінің ажырамас бөлігі. Сондықтан дұрыс және теңгерімді тамақтану – саламатты өмір салтының негізі.
Айым КҮЗЕМБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті