Аймақтар • 04 Маусым, 2025

Ақтөбеде мүгедек балаларға балабақша салынып жатыр

70 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласының Есет батыр ықшамауданында  ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған 300 орындық балабақша құрылысы басталды. Жоба құны  8 млрд теңгені құрайды. Құрылыс  мемлекетке қайтарылған заңсыз активтердің есебінен салынып жатыр,  деп хабарлайды  Egemen.kz.

Ақтөбеде мүгедек балаларға балабақша салынып жатыр

Мектепке дейінгі инклюзивті білім мен тәрбие орталығының құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған.  Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысымен  бас мердігер  анықталды.  Жалпы аумағы 20 172,73 шаршыметрді құрайтын балабақша ғимараты ерекше сәулет жобасына ие.  Ең ортасында  гүл пішіндес иректелген ғимаратты  жан-жағынан  екі қабатты бес блок қоршап тұр. Қосымша корпустар орталықпен өткелдер арқылы байланысса, жобалаушы мердігер  бас ғимарат ішіне қысқы бақ тұрғызатынын да айтады.

Әр ғимарат денсаулығында кінараты бар балалардың  қажетіне сай  жабдықталады. Мәселен, №1 блокта  тірек-қимыл қозғалысы бұзылған, №2 блок  көру қабілеті нашар, №3 блокта есту қабілеті нашар және сөйлей алмайтын балалар, №4-де  ой-өрісінің дамуы тежелген бүлдіршіндер орналасады. Орталық  ғимаратында  дәрігерлік блок,  мерекелік іс-шаралар өткізетін зал, бассейн, асхана бар.  Бір жағынан балабақша, екінші жағынан емдік-сауықтыру мекемесі ретінде құрылатын орталықты Есет батыр ықшамауданының тұрғындары көп жылдан бері күтіп жүр. Себебі, қаланың осы бөлігінде  балабақша мен мектепке баратын балалар саны өте көп әрі  орын тапшылығы қатты сезіледі.                                                          

Ақтөбе облысы