Сұхбат • 04 Маусым, 2025

Айдын РЫСБЕКҰЛЫ: Әр рәміз – ақпарат қазынасы

90 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

1992 жылдың 4 маусымы – тәуелсіз мемлекетіміздің тарихнамасындағы ерекше мәртебелі күн. Өйткені бұл күні елдігіміздің белгісі, егемендігіміздің нышаны саналатын мемлекеттік рәміздер – Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз дүниеге келді. Осы орайда біз геральдика саласының маманы, зерттеуші Айдын Рысбекұлымен сұхбаттасып, рәміз ұғымының қайдан пайда болғаны, оның ел өміріндегі орны мен маңызы жайында әңгімелескен едік.

Айдын РЫСБЕКҰЛЫ: Әр рәміз – ақпарат қазынасы

– Ең алдымен рәміз термині туралы маман пікірін білсек. Оған қандай анықтама берер едіңіз?

– Адам өмірінің барлық саласы сансыз рәмізге (грек. symbolon) толы. Ертеде рәміз «жеке куәлік» орнына жүрген. Бұл – адам танымынан тыс дүниелер мен дерексіз ұғымдарды таңбалық формада бейнелеп, көрнекті модель арқылы көрсететін танымдық белгі. Рәміз – шартты мағынаға бай, нақты мәнге ие ұғымның көркем (заттық) бейнесі, астарлы образы, арнайы түрі, сыртқы болмысы. Ол геральдикалық теория тұрғысынан екі бағытта танылады: бірінші – көрнекті-экспессивті, екінші – бейнелі-объективті. Әр рәміз – ақпарат қазынасы, ал әр ақпарат таңбадан тұрады. Таңба деген – белгілі бір ақпаратты жеткізетін әлеуметтік-мәдени белгі, форма мен мазмұнның бірлігін білдіретін бейнелі мағынасы бар сурет.

Таңбаның семантикалық жүкте­мелері ақпараттық, коммуни­кативті және консервативті болып үшке бөлінеді. «Таңба» атауынан «қолтаңба», «ентаңба», «мөртаңба», «төлтаңба», «елтаңба» категориялары қалыптасқан. Алайда олар бір-бірімен тепе-тең ұғымдар емес, геральдикалық мағыналары әртүрлі...

– Рәміз танымдық белгі болса, таңба не үшін қолданылады?

– Таңба – жекеменшік құқық құралы. Энеолит дәуірінде адамдар малына таңба басу арқылы жануардың иесі кім екенін білдірген. Уақыт өте келе таңбалар әрбір ру мен тайпаның елдік сипатын білдіретін елтаңбаларға айналды. Қазіргі кезде әр мемлекетте елтаңба бар. Өткен дәуірлердегі елтаңбалар ру мен тайпаның шығу тегін ұмытпас үшін қолданылған. Яғни бір ру, не бір тайпа ел белгілі бір елтаңбаны мыңдаған жыл бойы бекерден-бекер сақтамағаны анық. Осы орайда ру-тайпалардың елтаңбаларын толықтай зерттесек, қазақтың шынайы тарихын білуге даңғыл жол ашылады.

– Қазақ тарихынан бір мысал келтіре аласыз ба?

– Айталық, ашамай таңбасы. Қос қанатын жайып, жан-жағын төрт көзімен түгендеп тұрған екі басты самұрық құс бейнесі – әлемдегі ең көне және ең көп танылған свастика (күн құсы) рәмізі. Мағы­насы – оттың, судың, ауаның және жердің бірлігі. «Екі бас­ты самұрық» бейнеленген рәміз бір-бір қанатпен жаралған екі құстың бірігіп ұядан ұшқаны туралы аңызға негізделген. Ол ынтымақты білдіреді.

Екі басты самұрық – б.з.д. XVIII-XII ғасырларда Хет империясының, X-XI ғасырларда Бұлғар патшалығының, XI-XII ғасырларда Селжұқ сұлтандығы­ның, XIII-XIV ғасырларда Алтын Орданың мемлекеттік рәмізі болған. Кейін­нен византиялықтар, ресейлік­тер, гитлершілер «екі басты самұрық» рәмізін біржола иемденіп, тек атауын «екі басты бүркіт» деп өзгерте салса, христиандар қорған есебінде дінге белгі қылып, оны «крест» деп атап алды. Алайда христиандардың «крест» (свастика, аджи, айшық, айқас, қас) дегені – қазақтың кете, керей, сарыүйсін, төртқара, тілеу тайпаларының «ашамай» таңбасы. Бұл таңба киіз үй шаңырағында және қошқар мүйіз оюында тұр. Ол мәңгілік қозғалысты, шексіздікті меңзейді.

– «Тамғашы» термині жөнінде не айтасыз?

– «Тамғашының» түбірі – тамға, яғни кодталған графикалық ақпарат. Онда көне түріктердің философиясы жатыр. Тамғаны әзербайжандар «дамға», кабардиндер «дамыгъе», адыгейлер «тамыгъа», абаздар «дамыгъа», абхаздар «адамыг» дейді. Тамғадан тамғашы, таңбашы, тамгачы, тавгашы, табгачы, табғаш, тамғашхан сөздері шыққан.

Мұндағы табғаш – Түрік кезеңіндегі Таң империясының халқы (қазіргі қытайлар); тамғашхан (хандардың ханы) – Қарахан билеушілерінің лауазымы; тамғашы – Шыңғыс хан және Алтын Орда кезеңіндегі мөртаңба сақтаушы әрі іс жүргізуші ұлық. Бұрын бір елдің қағаны қайтыс болса, онымен мүдделес (одақтас) елдің қағаны қазаға көңіл айту үшін, тамғашыны (мемлекеттік хатшы) немесе йабғуды (вице-премьер) жіберетін. Қазір «көңіл айту» жеделхатын жолдайды. «Күлтегін» жырында «...Түргiс қағаннан Мақраш тамғашы, Оғыз елiнен Бiлге тамғашы аңырап келді» деген жолдар бар.

– Елтаңба түсінікті, төлтаңба жөнінде ғылыми негіздеме жасаға­ныңыздан хабардармыз. Таңба мен рәміздің де айырмашылығын ашып бердіңіз. Енді мөртаңбаға аз-кем тоқталсаңыз.

– Оны көпшілік «мөр» дейді, дұрысы – мөртаңба. Мөртаңба деген – сыртқы және ішкі билікте дербестікті куәландыратын заңдық күші бар ресми құжат. Ертеректе мөртаңба «сенім грамотасы» қызметін атқарған. Мөртаңбаны иелену оның иесінің қоғамда беделді тұлға екенін білдірген. Қағандар мен бектердің, хан-сұлтандардың мөрлері тамшы тәріздес алтыннан не күмістен соғылып, жүзік күйінде бас бармаққа шақталса, билердің, батырлардың мөрлері доғал не жұмыр қалқан пішінде күмістен жасалатын. Мөртаңбаның жоғарғы бөлігіне иесінің атағы жазылса, төменгі бөлігіне өз есімі мен әкесінің есімі қоса жазылатын.

Айталық, Алтын ордада – босаға таңбасы (босаға – есік жақтауының бүйір бағанасы), Қазақ хандығы мен Қырымдағы Гирей әулетінде – тарақ таңбасы (тарақ – іс жүзінде босағаны еселеген таңба) мөртаңба ретінде қолданылды. Тарақ таңба кейіннен Қырым татарларының ұлт-азаттық көтерілісінің рәмізі болды.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»