Аймақтар • 04 Маусым, 2025

«Қауіпсіз қала» өзін ақтайтын жоба ма?

80 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Павлодар облысы «Қауіпсіз қала» жобасын жасауға 8,5 млрд теңге жұмсамақшы. Алайда Мәжіліс депутаттары бұл қаражат шектен тыс көп деп есептейді. Мәселені салмақтап көрдік.

«Қауіпсіз қала» өзін ақтайтын жоба ма?

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев еліміздің өңір­лерінде IT-жобаларға жұм­салып жат­қан бюджет қаражаттары негіз­сіз деген пікірде. Айтуын­ша, мил­лиард­таған қаражат бөлі­ніп, оның нәтижесі кейін айтар­лықтай тиімді бол­май шығады. Қарапайым мысал – қалалар бойынша цифр­лық шешімдерді біріктіруге бағытталған бірыңғай «Smart City» платформасы. Өкінішке қарай, оның орнына әр өңір өзінің «ақылды» қызметтерінің нұсқаларын жасау арқылы өз жолымен жүрді.

– Әр өңірдегі әрбір жүйе­ні әртүрлі мердігерлер, әртүрлі платформалар және әртүрлі стан­дарттар жасағанын ескерсек, ешқандай жасанды интел­лект пайда болған хаос пен быты­раңқылықты реттей алмайды, – деп атап өтті өз депутаттық сауалында.

– Мәселен, ақпарат құ­ралдарында айтылғандай, Пав­лодар облысы «Қауіпсіз қала» жобасына 8,5 млрд теңге­ден аса қаржы жұм­сауды жос­пар­лаған. Бизнестегі IT маман­дар­дың айтуынша, мұн­ша қара­жатқа қалалық емес, об­­лыс­тық деңгейдегі шешім­дер­­ді әзір­леуге болады. Егер еліміздегі шығындар дең­­гейін әлем­дік мысалдармен са­­лыс­ты­ратын болсақ, біз­дің шы­­ғын­дары­мыз нақты жетіс­тіктермен салыстыруға келмейтіні анық. Мысалы, ChatGPT-ді құру шамамен алты жылға созылды және оны жасаушыларға 100 млн доллар жұмсалды, ал оның қытайлық әріптесі DeepSeekті құру екі ай және 6 млн долларды құрады, бірақ бір айдың ішін­де ол 1 млрд долларлық капитал­дандыруға жетті, – деп түйіндеді А.Перуашев .

Павлодарда жүзеге асқалы отырған «Қауіпсіз қала» жобасы қаржылай тұрғыдан алған­да шығыны көп па? Біз бұл сауалды Павлодар облыс­­тық цифрлық технологиялар бас­қар­ма­сының басшысы Ағыбай Әміринге қойдық.

Басқарма басшысының мәлі­метінше, биыл қоғамдық қауіп­сіздікті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Қауіпсіз қала» жобасын іске асыру жос­пар­ланған. Жоба аясында қо­ғам­дық орындарда, көше бойларында, жолдарда 5 мыңнан аса бейнебақылау камерасы мен жол жүру ережелерін бақылауға ба­ғыт­талған аппараттық-бағ­дар­малық кешен (АБК) орнаты­луы керек.

– Ең әуелі «Қауіпсіз қала» – үш бірдей қаланы қамтитын облыстық деңгейдегі бағдарлама екенін айтуымыз керек. Жоба сервистік модель бойынша 3 жылға жоспарланған. Алдағы 10 күнде конкурс жеңімпазы анық­талса, бірден іске кірісіп кетеді деген жоспарымыз бар. Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалалары бойынша 250 желілік учаске, 150 көше қиылысы, рес­пуб­ликалық және облыстық ма­ңыз­дағы автожолдардың аса қауіпті 20 учаскесі қамтылуы керек. Бұл жерлерде АБК-лар және Павлодар қаласының қоғамдық орындарында 3 мыңға жуық жалпы бейнебақылау камералары орнатылады. Барлық бейнекамералар мен АБК Павлодар облысының жедел басқару орта­лығына, облыс әкімдігінің ахуал­дық-талдау орталығына жал­ғанады. Сондай-ақ осы бей­не­бақылау жүйелеріне жасан­ды интеллект құралдарын қолдану арқылы бейне-аналитика платформасы жұмыс істейді. Ол із­деуде жүрген азаматтарды анық­тап, адамдардың көп жинал­ға­­нын, сондай-ақ түтін шықса, қо­қыс шашылып жатса, тұр­ғындар­дың қалып қойған заттары болса көре алады. Жүйе басқа да кейстерімен жабдықталған, – деп түсіндірді басқарма басшысы.

8,5 млрд теңге мердігерге бір­ден төлене салмайды. Жоба­да биыл 1,7 млрд теңге, одан арғы жылдары 3,4 млрд теңгеден бөлінеді деп көрсетілген. Қара­жатты жергілікті органдар ай са­йын бөліп төлеп отырады.

– Мердігер барлық бағдарла­малық жүйені, құрал-жабдықты өз қаражатына тұрғызады. Бұл жер­де камералар мен ақпарат­тық кешендер орнатылатын ба­­ғаналар, оларға электр қуа­тын жеткізетін желілер, жоға­ры жылдамдықты интернет же­лі­­лері, серверлер де болуы керек­тігі көрсетілген. Камерадағы бейнелерді жедел басқару орталығы нақты уақытта көре алады және бейнежазбалар 30 күн сақталады. Жол ере­жесін бұзу туралы деректерді анықтау, тіркеу, өңдеу, аналитика жасауды мердігер әзірлеген бағдарлама жүргізеді. Одан соң іздеу функ­циясы бар. Бұған дейін өңір­де «Smart City» жобасы іске қосылған болатын. Оған 5 567 камера жалғанған. Оның ішінде 138 білім беру, 18 емдеу мекемесі бар. Балабақшадан немесе мектептен бала жоғалатын болса, әлгі камералар бірден іздеуге кіріседі. Немесе күдікті тұлғалар ізделсе, жүйенің көмегіне сүйенеміз. Жүйенің адамның бет-әлпетін тануы 90 пайыздан асады. «Қауіпсіз қала» бұл жүйеге кіріктіріледі. Ең бастысы, мердігер биылғы 1 қыр­күйекке дейін жобаны толық аяқтап, іске қосуы керек. Оған қаражат содан соң барып төлене бастайды, – деп қосты А.Әмірин.

Басқарма басшысының пікі­рін­ше, жобаның аса ауқымды болуына байланысты бөлінгелі отырған 8,5 млрд теңге қаражат көп емес. Әрі оның есебі алдын ала жасалып, нақтыланған. Мәсе­лен, Астана қаласында мұндай жү­йе­ні ұстап тұрушы мердігерге ­53 млрд теңге қарастырылған. Бірақ елордада бұған дейін «Сергек» жүйесі жұмыс істегені се­бепті, қажетті құрал-жабдық­тар бар. Ал Павлодар жерінде бар­лық қажеттілік жаңадан жасалғалы отыр. Сондықтан аталған бюджет қаражаты өз шығынын ақтайды деген сенім мол. Үш жылдан соң мердігер барлық бағдарламалық жүйелерді, бейнекамераларды тапсырыс берушінің еншісінде қалдырады.

«Қауіпсіз қала» жобасының нә­тижесінде облыстағы жол-кө­лік апаттары 20 пайызға, қыл­­мыс­тық істер 19 пайызға аза­йып, қыл­мыстарды ашу 82,8-ден 90 пайыз­ға дейін артады деп күтіліп отыр.

 

Павлодар облысы