
Фото: ашық дереккөз
Ежелгі гректер тарихи жазбаларын, ескерткішерін, өнер туындыларын сақтайтын ғимаратты «музей» деп атаған. Онда өнер иелеріне шабыт сыйлаушы пірлер яки музалар өмір сүреді деп есептеген. Осылайша әлемге «музей» сөзі кең таралып кетті.
Бұл туралы Астана қаласындағы Ұлттық музейдің баспасөз бөлімінің басшысы Айгүл Айтмұханова да айтып берді:
«Музей» – жалпыға түсінікті халықаралық термин. Еліміздің бас қаласында орналасқан соң, алыс-жақын елдерден келген қонақтарға бұл ғимараттың мәдениет көмбесі, өнер сарайы – музей екендігі түсінікті болуы керек. Мамандар сол себептен осы атауға тұрақтаған», дейді ол.
Бұған қоса қазіргі музейлер – мұраларды сақтаумен ғана емес, түрлі мәдени іс-шараларды өткізіп, халыққа өнерді танытумен айналысатынын жеткізді.
«Сондықтан «мұражай» деп атайтын болсақ, бұл атау оның қызметінің мәнін толық ашпайды. Ал «музей» терминінің аясы кең. Оған бәрі сияды. Музыкалық, педагогикалық, тіпті театр бағытында жүйелі жұмыстар атқарылатын бұл мекемеге халықаралық терминді бекіту әбден орынды», дейді музей қызметкері А. Айтмұханова.
Филология ғылымдарының кандидаты, SDU University профессоры Баян Керімбекованың айтуынша, «мұражай» –музейдің баламасы ретінде көпшілік құлағы үйренген сөз.
«Егер тілімізде сол мағынаны берер сөз болса, неге өзге тілдегі сөзді пайдаланамыз?» деген көзқараспен қарасақ, «музейді» «мұражай» дегеніміз дұрыс. Дегенмен, ескерер бір мәселе бар сияқты. Егер «музей» сөзін аударатын болсақ, онда «Университет», «Академия», «Театр» деген сөздерді де аудару керек болады. Ал бұларды қазақшалау керек пе?», дейді ол.
Бұған ардагер мұғалім Кеңескүл Аяпова да қосылады.
«Қазақстан тәуелсіздік алғалы көптеген сөздің қазақша атауы пайда болды. «Музей» емес «мұражай» дегеніміз дұрыс. Сөздің түбіріне қарасаң, «мұра» – ата-бабамыздан жеткен асыл қазына. «Жай» – сол асылды сақтайтын орын. Біздің жан-жақты жетілуіміз үшін, жаһандық өзгерістерге жұтылмай, ел болып қалуымыз үшін-мұражай сөзінің орны ерекше. Қазақ тілінің тазалығын сақтау– ең басты міндет», дейді ол.
Иә, бұл тақырып төңірегінде кесіп-пішіп пікір айту қиын. Тіл мамандарының арасында да ортақ мәміле жоқ. Ал ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитетінің 2017 жылы бекіткен нұсқасына сәйкес, аталған мәдениет ошағының ресми атауы – музей болып отыр.
Дамира Төлеген,
ЕҰУ студенті.