Әскер • 02 Маусым, 2025

2000-нан астам сарбаз мемлекеттік грант алды

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігінде алғаш рет әскери қызметтің белгіленген мерзімін абыроймен өткерген сарбаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында оқуға мемлекеттік білім гранттары салтанатты жағдайда табысталды, деп хабарлайды Egemen.kz .

2000-нан астам сарбаз мемлекеттік грант алды

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Салтанатты шара барысында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев әскери даярлықта үздік деп танылған сарбаздарды құттықтап, 2024 жылғы көктемде шақырылған және қызметін аяқтаған 22 сарбазға оқу сертификаттарын табыстады.

Жаңа бастама – мемлекеттік қолдау тетігі ретінде ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігін ұсынады. Бұл – әскери қызметке ынталандыру, жастарды қолдау және олардың кәсіби дамуына жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам.

17 500-ден астам сарбаз байқауға қатысып, іріктеу қорытындысы бойынша үздіктер грант иегері атанды. Олардың қатарында ҚР Қарулы Күштері, Мемлекеттік күзет қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, ҰҚК Шекара қызметі және Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде қызмет еткен азаматтар бар.
Sarbaz 2.0 ақпараттық жүйесі арқылы іріктеу әділ және ашық түрде өтті. Бұл жүйеде сарбаздардың оқу жетістіктері мен тәртібі туралы мәліметтер тіркеледі.
Грант иегерлері енді тек тегін оқумен шектелмей, сонымен қатар стипендия, тегін жатақхана және әскери кафедраға емтихансыз қабылдану мүмкіндіктеріне ие болды.

Бөлінген гранттар:

• 2010 орын – азаматтық жоғары оқу орындарына

• 253 орын – Қорғаныс министрлігінің әскери институттарына

• 36 орын – Ұлттық ұлан академиясына

• 12 орын – ҰҚК Шекара қызметі академиясына

• 3 орын – Төтенше жағдайлар министрлігінің оқу орнына

мемлекеттік грант

Салтанатты рәсімде сөз алған әскери борышын әуе қорғаныс күштерінің 44813 әскери бөлімінде өтеген Владислав Внуковский:

«Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі қызмет мен үшін ерлік, тәртіп пен төзімділіктің мектебі ғана емес, командалық жұмысты меңгерген ерекше кезең болды. Бүгін мен кез келген қазақстандық ЖОО-ға оқу сертификатын алып, әкемнің жолын жалғастырып, әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына түсіп, офицер ретінде қызметімді жалғастыруды шештім», деді ол. 

Шараға сарбаздардың ата-аналары мен армияның арқасында жоғары оқу орындарына түскен студенттер де қатысып, өз оқиғаларымен бөлісті.

Арайлым МЫРЗАХАН,  ЕҰУ 2 курс студенті