
Фото: жасанды интеллект
Жоба аясында Baidu компаниясы жануарлардың дауысын, қозғалысын, мінез-құлқындағы өзгерістерді тіркеп, оларды алдын ала өңдеу арқылы белгілі бір жүйеге келтіреді. Кейін бұл деректер жасанды интеллект арқылы талданып, адамға түсінікті ақпарат түрінде ұсынылады. Аталған бастама бойынша компания Қытайдың Зияткерлік меншік ұлттық басқармасына патенттік өтінім тапсырған.
Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, жоба қазіргі таңда зерттеу кезеңінде, нақты өнімнің қандай болатыны әзірге белгісіз.
Жануарлардың дыбыстарын түсінуге ұмтылған бастамалар тек Қытайда ғана емес, басқа да елдерде жүзеге асып келеді. Мәселен, 2017 жылы негізі қаланған Earth Species Project ұйымы нейрондық желілер арқылы сүтқоректілердің дыбыстық сигналдарын зерделеп келеді.
Сол секілді CETI (Cetacean Translation Initiative) жобасы 2020 жылдан бастап кашалоттардың қарым-қатынас әдістерін жасанды интеллект және статистикалық модельдеу арқылы зерттеп жүр. Жоба аясында теңіз жануарларының дыбыстық белгілерін талдау арқылы олардың өзара қалай «сөйлесетіні» анықталады.
Ал Даниялық зерттеушілер шошқалардың эмоциялық күйін анықтау мақсатында AI технологиясын қолдана отырып, олардың қорсылы мен реакциясын ғылыми тұрғыдан зерттеген.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бағыттағы зерттеулер үй жануарларының күйін түсінуге, ауыл шаруашылығындағы жануарларға күтім жасау сапасын арттыруға, сондай-ақ экологиялық және этикалық нормаларды сақтауға айтарлықтай үлес қосуы мүмкін.
Алайда, жануарлар мен адамдар арасындағы қарым-қатынасты нақты тілдік форматқа көшіру үшін үлкен көлемде дерек, көпжылдық зерттеу және әлеуметтік-мәдени аспектілерді ескеру қажет. Жоба нәтижелері әзірге теориялық сипатқа ие болғанымен, ғылым мен технологияның даму қарқыны бұл арманның бір күні шындыққа айналатынын жоққа шығармайды.
Арайлым МЫРЗАХАН, ЕҰУ студенті