
Фото: Ашық дереккөз
Дәріс ұйымдастырушы мамандар ең әуелі бұл күн – қазақ тарихының қаралы беті екеніне тоқталып, ақтаңдақ оқиғаларды зерттеуші Халық жазушысы Смағұл Елубайдың жуықта баспасөз бетінде жарияланған дерегін келтірді. Ол құжатта: «Ресей империясында 1897 жылы өткен халық санағында қазақтардың саны 4 млн 84 мың кісі деп көрсетілген. Сол санақ бойынша өзбек, қырғыз, тәжік, түрікпен тәрізді көршілеріміздің бәрін қосқанда қазақтың жартысындай ғана болыпты. Ендеше, 1897 жылғы 4 млн 84 мың қазақты 30-ға көбейтсеңіз 100 миллионнан асып түсіп, әлемдегі алып елдердің бірі болып отырады екен. Тек ғана жер көлемімен ғана емес, халқының санымен де қазақтар әлемдегі алып елдердің қатарында, 9-шы не 12-ші орында тұрақтауы заңдылық еді» дейді.
-Еліміз тәуелсіздік алуымен бірге, - дейді ұйымдастырушылар. – Халқымыздың басынан өткен зұлматтар ашық айтылып, нәтижесінде 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. Сондай-ақ бұл мәселеге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта назар аударып: «Біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек. Сонда ғана кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, әділетті мемлекет және өркениетті қоғам құру жолындағы биік белестерді бағындыра аламыз» деуі құптарлық.
Дәріс барысында, студенттерге отызыншы жылдардағы ашаршылық
зардаптары және саяси қуғын-сүргіннің ауқымы, нәубетке ұшыраған ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, жазушылар тағдыры жайлы айтылды. Сондай-ақ, осы жылдары елімізге депортацияланған түрлі этностардың қиындығы да сөз болды.
Дәріс мұрағаттық материалдармен толықтырылып, оған қатысушылар тарихи шындықтың маңыздылығы туралы сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісуге мүмкіндік алды.