
Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Сауда-экономикалық байланыс тереңдейді
Саммитті ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға сапармен келгені және бүгінгі жоғары деңгейдегі кездесуге бастамашы болғаны үшін Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелониге ризашылығын білдірді.
– Сізді елордамызда қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Соғыстан кейінгі жылдарда Италия Үкіметінің басшылығына жеткен алғашқы әйелсіз. Әлемдік қоғамдастық мойындағандай, қазіргі заманның белгілі, тіпті, аса көрнекті саяси қайраткерісіз. Сіздің ішкі сын-қатер мен халықаралық проблемаларға қатысты көзқарасыңызбен және іс-әрекеттеріңізбен толықтай келісемін. Астана халықаралық форумына қатысып, мазмұнды баяндама жасағаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің сөзіңізді саяси және сарапшылар қауымдастығы өте жақсы қабылдады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысқан және өңірлік кооперацияға ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттердің басшыларына алғыс айтты.
– Орталық Азия ықылым заманнан бері Шығыс пен Батыс арасында дәнекер болып, өркениетаралық диалогті дамытуда маңызды қызмет атқарған. Бүгінде біздің өңір бұрын-соңды болмаған бірліктің үлгісін танытып, тату көршілік және баршаға ортақ прогресс қағидаттарын берік ұстанатынын көрсетуде. Әлемдік аренада жасампаз күн тәртібін ілгерілете отырып, Орталық Азия халықаралық қатынастың ықпалды субъектісі ретінде өз ұстанымын дәйекті түрде нығайтып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, отыз жылдан аса уақыт ішінде Италия өзін Орталық Азия елдерінің орнықты дамуына септігін тигізген сенімді серіктестердің бірі ретінде көрсетті. Президент «Орталық Азия+» форматында мүмкіндіктерді жұмылдыру Италия мен аймақ елдерінің өзара тиімді ынтымақтастығын кеңейтуге ықпал ететінін айтты.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Италиямен ықпалдастықтың келешегі зор бағыттарына қатысты ойымен бөлісті.
– Сауда-экономикалық байланысты тереңдету – басты басымдық. Әлемнің негізгі экономикалық полюстері арасындағы тарифтік қақтығыстың салдары барлық ел үшін ауыр болуы мүмкін. Мұндай жағдайда бұрын жолға қойылған сауда-экономикалық байланыстарды сақтап қалумен бірге, оны нығайтуға күш салу да өте маңызды. Біздің ойымызша, бірлескен жобаларды іске қосуға, ең алдымен, қосылған құны жоғары өнім шығару есебінен тауарлардың түрін көбейтуге баса мән беруге болады. Мәселен, Қазақстан Италияға жалпы құны 1 млрд долларға жуықтайтын тауардың 100-ден аса түрі бойынша экспорт көлемін арттыруға дайын. Бұл ретте металлургия, машина жасау, мұнай-химия өнеркәсібі және басқа да өнімдер туралы сөз болып отыр, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері Еуропаға өздерінің агроөнеркәсіп өнімдерін жеткізуде мол әлеуетке ие деп санайды. Бұдан бөлек, сауда үйлері мен логистикалық орталықтардың ашылуы елдер арасындағы сауда-саттыққа тың серпін береді. Осы орайда Қазақстан Президенті Алматыда Италия сауда үйін ашуды ұсынды.
Энергетика – серіктестік локомотиві
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан – Италия серіктестігінің локомотиві саналатын энергетика саласындағы ынтымақтастықты тағы бір өзекті міндет ретінде атады.
– Еліміз Еуропа одағына мұнай экспорттаушы мемлекеттердің алғашқы үштігіне кіреді. Былтыр Қазақстаннан Италия нарығына жеткен мұнай көлемі 30 млн тоннадан асты. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 27 пайызға артық. Қажет болған жағдайда оның көлемін арттыруға дайынбыз. Сонымен қатар болашағымыз баламалы энергия көздеріне байланысты болмақ. Бұл қазірдің өзінде анық байқалады. Төмен көміртекті экономикаға жүйелі түрде көшу – Қазақстан басымдықтарының бірі. Италиялық серіктестерімізбен бірлесіп, еліміздің бірқатар өңірінде жел мен күн электр стансаларын салып жатырмыз. Аталған жобалар үшін ризашылығымызды білдіреміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өнеркәсіптік кооперацияны нығайту зор мүмкіндікке жол ашады деп санайды. Қазақстан Орталық Азиядағы сирек металдардың кен орындары туралы барлық өзекті ақпаратты жинақтайтын Аймақтық зерттеу орталығын құру туралы бастама көтерді.
– Бiрлескен кәсiпорындар құру, технологиялар трансфертi, италиялық өндiрiстi өз аймағымызда локализациялау ортақ мүддеге сай келеді. Бұдан елдеріміз едәуiр пайда табады. Бұл бағытта жемісті ықпалдастықтың мысалдары бар. Атап айтқанда, қазақстандық зауыттардың бірінде италиялық ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жолға қойылған. Бұдан бөлек, Италия компанияларының қатысуымен күкірт қышқылын өндіретін және газ өңдеу зауыттарының құрылысы басталды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тағы бір маңызды мәселе ретінде трансконтиненталды байланысты нығайтуға тоқталды. Яғни Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыта отырып, елдеріміз көне Жібек жолын жаңа сипатта қайта жаңғыртып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев баяндамасында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық орнықтылық мәселелерін де қамтыды. Мемлекет басшысы Орталық Азия қазірдің өзінде жаһандық жылыну салдарын бастан кешіріп жатқанын айтты. Президент Италия тарапына аймақтағы экологиялық проблемаларды шешуге, соның ішінде Арал теңізі бассейнін қалпына келтіруге белсенді қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру мен мәдениет салаларындағы ықпалдастық жайында сөз қозғады.
– Қазіргі уақытта Италияда 4 мыңға жуық қазақстандық студент білім алады. Біз жастарымыздың үздік университеттерде оқуына мүмкіндік жасағаны және грант пен шәкіртақы ұсынғаны үшін Италия Үкіметіне алғыс айтамыз. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Италияның техникалық жоғары оқу орындарын Қазақстанда филиалдарын ашуға шақырамын. Біз қазір инженерлік-техникалық білімге ерекше мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мақсатында 2026 жылы «Орталық Азия мен Италияның мәдениет жылы» тақырыбы аясында бірлескен іс-шаралар легін өткізуді ұсынды.
Аймақта Италияның инвестициялық үлесі артып келеді
Сондай-ақ бірінші «Орталық Азия – Италия» саммитінде Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони сөз сөйлеп, кездесудің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Қазақстан тарапына, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын жеткізді. Сондай-ақ алғаш ұйымдастырылып отырған саммитке келген өңірдегі өзге де елдердің басшыларына шынайы ризашылығын білдірді.
Одан кейін сөз сөйлеген Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Италиямен стратегиялық әріптестік орнату, экономикалық және өндірістік байланыстарды нығайту Қырғызстан үшін басым маңызға ие екенін атап өтті.
– Қырғызстан мен Италия арасындағы тауар айналымы кейінгі төрт жылда шамамен бес есеге өсті. Алайда еліміздің сыртқы сауда көлемінде Италияның үлесі әлі де айтарлықтай жоғары емес. Бізде италиялық әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс істеуге болатын бағыттар бар деп ойлаймын. Қырғызстан шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасап, экономиканы белсенді дамытып келеді, – деді Садыр Жапаров.
Ол италиялық компанияларды гидроэнергетика, жаңартылатын энергия көздері, жеңіл өнеркәсіп, банк секторы, цифрландыру және туризм сияқты салаларда жобаларды жүзеге асыруды ұсынып, ынтымақтастыққа шақырды. Сонымен қатар Қырғызстан Президенті өз елінде жаңартылатын энергия көздерін, соның ішінде гидро және күн энергетикасы саласындағы ірі жобаларды дамытуға ерекше көңіл бөлетінін айтып, «жасыл» энергетика төңірегіндегі италиялық тәжірибе мен технологияларды тартуға мүдделі екенін білдірді.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон энергетика, су ресурстары, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, ғылым мен білім салаларындағы ынтымақтастықты арттырудың маңызына тоқталды. Ол елдер арасындағы өзара қарым-қатынаста сауда-экономикалық байланыстардың айрықша орын алатынын да баса айтты.
– Көпжақты ынтымақтастықты ілгерілету мүмкіндіктері мен қолда бар әлеуетті кеңінен пайдалануға бағытталған тиімді шаралар қабылдау қажет. Гидроэнергетика, пайдалы қазбалар мен минералдарды өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін, тоқыма бұйымдарын және құрылыс материалдарын өндіру мен экспорттау салаларындағы Тәжікстанның елеулі ресурстарын пайдалану орынды болар, – деді Э.Рахмон.
Сондай-ақ ол Италияның іскер және инвестициялық орталарын Тәжікстанда өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу және экспорттауға инвестициялар мен озық технологияларды тарту арқылы ортақ жобаларға белсенді қатысуға шақырды. Сөз соңында Эмомали Рахмон Тәжікстанның Италиямен ортақ мүдде аясындағы барлық мәселе бойынша тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын екенін мәлімдеді.
Ал Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов қазіргі уақытта Түрікменстан мен Италия арасындағы саяси-дипломатиялық қатынастар екіжақты негізде де, көпжақты форматта да, ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және өзге де халықаралық құрылымдар аясында жүйелі түрде дамып келе жатқанын жеткізді.
– Табиғи ресурстарға бай, қазіргі таңда ұлттық экономикалары қарқынды дамып келе жатқан және қолайлы географиялық орналасуға ие Орталық Азия мемлекеттері мен Италия арасындағы ынтымақтастық тараптарға өз әлеуеттерін неғұрлым тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда бұл әріптестік өңір елдері үшін өнеркәсіп, энергетика және инфрақұрылым салаларындағы озық технологияларға, инвестицияларға және оң тәжірибеге қол жеткізудің жолын ашатынын атап өткен жөн, – деді Түрікменстан Президенті.
Бұдан бөлек, С.Бердімұхамедов Мемлекет басшысына Орталық Азия үшін маңызды саналатын саммиттің табысты да жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болғанына ризашылығын жеткізіп, саммит қорытындысы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты барынша кеңейтуге ықпал ететініне сенімді екенін атап өтті.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөзінің басында Өзбекстан тарапы бұл іс-шараны осы жылдың сәуір айында Самарқанд қаласында өткен саммитте қол жеткізілген Орталық Азия өңірі мен Еуропа арасындағы стратегиялық әріптестік туралы уағдаластықтар аясында қарастыратынын атап өтті.
Күн тәртібіндегі мәселелерге көше отырып, Өзбекстан Президенті «Орталық Азия – Италия» форматындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары жөніндегі өз көзқарасын ұсынды.
– Ең алдымен, өзекті халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарды үйлестіруге сыртқы саяси ведомстволар деңгейіндегі тұрақты байланыстарды жалғастырудың маңыздылығы зор. Сондай-ақ терроризмге, экстремизмге, радикализмге, есірткі саудасына және заңсыз көші-қонға қарсы күресте арнайы қызметтер арасындағы көпжақты әріптестік пен ақпарат алмасудың жұмыс тетіктерін іске қосуды ұсынамын, – деді Ш.Мирзиёев.
Ол Өзбекстан мен Италия арасындағы тауар айналымы мен инвестициялар көлемінің кейінгі жылдары үш есе артқанын ризашылықпен атап өтіп, Италияның жетекші компанияларымен технологиялық кооперация жобалары табысты іске асырылып жатқанын жеткізді.
Кездесу соңында Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Италия Республикасы Министрлер Кеңесі Төрағасының «Орталық Азия + Италия» бірінші саммитінің қорытындысы бойынша 26 пунктен тұратын Бірлескен декларациясы қабылданды.