
Талас тудыратыны – Солтүстіктегі көршілерімізді атадан мирас санап, алтын қазынасына балайтын, байырғы «Сөздің» ғасырлар бойы жапсарлас жатып, бірде тату, бірде қату тірлік кешкен көне түркілерге қаншалықты қатысты екендігінде. Қазақтың қабырғалы тұлғасы Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» атты атақты кітабында соның бәрі дәлел-дәйегімен жазылған. Сондықтан белгілі жайды қайталай бергеніміз жөн болмас.
ХІХ ғасырдағы орыстың классикалық музыкасында Александр Бородин дейтін ғажайып композитор болған. Оның есімі Глинка, Мусогорский, Римский-Корсаков, Чайковский сияқты өнер әлемінде өшпес із қалдырған өр тұлғалармен қатар аталады. Бір қызығы, ол музыкамен түбегейлі айналысқан адам емес. Негізгі мамандығы – химик. Ғалым ретінде мойындалып, іргелі ғылыми еңбектер жазған. Ресейде алғашқы дәрігер әйелдер курсын ашқан. Әйгілі Д.Менделеев «Егер бұл ән-күймен әуестеніп, алтын уақытын жоғалтпағанда, ғылымға қазіргісінен әлдеқайда көп пайда келтіретін еді десе, Римский-Корсаков «Ғылым кесе-көлденең кедергі жасап, саңлақ сазгердің құлашын кеңге сермеуіне мүмкіндік бермегенін» жазған.
Жалпы, Александр Порфирьевич, тас жарған таланты өз алдына, өмірінің қалтарыс-бұлтарыстары көп өте тағдырлы жан. Әкесі имеретиялық бекзада Лука Гедеванашвили – ассимлияцияға түсіп, грузинденген қыпшақ нәсілі. Жазмышты қойсаңшы, некесіз туған ұлын гүржі мырзасы қарауындағы крепостной құлының атына жауып жібереді. Кейін баласы алдыңғы қатарлы азамат атанып, қоғамнан лайықты орнын алуы үшін әлгі байғұстың басына азаттық беруіне тура келеді. Бірақ аты-жөні соның сойы болып қала береді.
Біздің бүгінгі әңгімеміз біртуар Бородиннің шығармашылық шыңы саналатын «Князь Игорь» операсына қойылған «Қыпшақ биі» туралы. Автор атақты туындысының либреттосына «Игорь жасағы туралы жырды» арқау етіп алады. Қысқаша мазмұны мынандай. Қыпшақтарды қырмаққа қанды жорыққа аттанған астам князь әскерінің тас-талқаны шығып, бас қолбасшы өзінің баласымен бірге тұтқынға түседі. Батырлығына мәрттігі сай қыпшақ ханы Қонжық ата жауының енді қайтып қарсы келмеске уәдесін алып, босатып жіберуге бел байлайды. Бірақ анау бұған көнбейді. Содан қашанда қонақжайлығы қалмайтын даланың дархан мінезді дарабозы тұтқындарды тұқырту орнына кеңдік жасап, көңілдерін көтеру мақсатында ойын-сауық құрып, барынша құрметтеп бағады.
Алдымен жаугершілікте жеңілген жақтан ат артына мінгестіріп әкелінген әйелдер алыста қалған туған жерін аңсап, мұңлы ән шырқайды. Сағынышқа толы саз жан-дүниеңді тербейді. Сонан соң қыпшақтың қыран жігіттері ортада ойқастап, опыр-топыр биімен ойнақ салады. Құдай-ау, құдды әуеде садақ оқтары суылдап, жерде алапат дауыл соғып, ұрыс даласында жылқы кісінеп, қылыштар қаржысқандай сұмдық суреттер көз алдыңда көлбеңдеп, көрерменді басқа бір әлемге жетелей жөнеледі. Сахнаның сәні саналатын атышулы бұл биді қоюшы – орыс романтикалық балетінің негізін қалаушы хореограф Михаил Фокин. Одан кейін де талай мықты оның жолын жалғап көрген. Бірақ Фокиннің деңгейіне жете алмаған.
Қызу қанды қимылдарға толы «Қыпшақ биі» операны он орап, орыс балетінің атақ-даңқын айдай әлемге жайды. 1896 жылдың 4 қарашасында Санкт-Петербургтегі әйгілі Мария театрында премьерасы аншлагпен өтіп, абыройға бөленді. ХХ ғасырдың бас жағында ресейлік меценат әрі мәдениет майталманы Сергей Дягилев орыстың озғын өнерін Еуропаға таныту мақсатында өнерпаздарын, қылқалам шеберлерін, тағысын тағыларын Парижге апарып, «Орыс маусымы» дейтін тақырыппен тамаша кештер ұйымдастырғаны белгілі.
Сәулелі сәттерге толы өнер сапарына «Князь Игорь» операсына «еріп», «Қыпшақ биі» де барған ғой. Несін айтасыз, Париж жұртшылығы ресейлік әртістердің шеберлігіне таңдай қағып, тамсанудан жалықпапты. Әсіресе «Қыпшақ биіне» ауыздарын ашып, көздерін жұмыпты. Сол кезде француз газеттерінің бірінде «Қыпшақтар Парижді қырып кетті» деген тақырыппен таңданысқа толы мақала жарияланған көрінеді. Спектакль кезінде көңілдері көншіген көрермен дүркін-дүркін қол соғып, Шатле театрының шаңырағы шапалақ үнінен шайқалыпты. Алқалаған әлеумет сахнада сойқан дауыл соқтырған. «Қыпшақ биінің» әсерінен айыға алмай, қайда отырғандарын ұмытқандай әдемі әсерге бөленіпті. Тіпті шымылдық жабылып, қайта ашылғанда көпшілік алдына шыққан әртістерді ұлықтау сәтінде Қонжық хан рөліндегі төрткүл дүниеге танымал Федор Шаляпинді ұмыт қалдырып, гүл шоқтарын «Қыпшақ биін» орындаушыларға қарай жаудырғанын қайтерсің. Мұны біз ойдан шығарып отырғанымыз жоқ. Бір басында бірнеше өнердің шалығы бар Александр Бенуа деген париждік қаламгердің жазбасынан оқыған соң айтамыз.
Бородин бұл операсын он неше жыл жазып, ақыры аяқтай алмай өмірден озыпты. Өкінішті-ақ. Соңғы нүктесін қойған оның достары Глазунов пен Римский-Корсаков.
Айтпақшы, қазақтың арқалы ақыны Серік Ақсұңқарұлының «Бородиннің «Кінәз Игорь» операсындағы «Қыпшақ биі» дейтін өлеңі бар. Сондағы мына бір жолдар еріксіз есіме түсе береді.
«Қыпшақ биі»! Кім бар оны сүймеген?
Міне, осындай болу керек би деген;
Цивилизацияның көзін әлі арбайды!
(Бір кезде ол да күллі әлемді билеген...).
Әттесі-ай, «Қыпшақ биін» келістіріп қайта қоятын қазақ хореографы табылмай тұр...