
Жанның жасы қазір 14-ке толды. Спортқа жаны құмар жасөспірім №21 орта мектепте білім алады. Әжесі Бақтылы Алтыбасарованың айтуынша, немересінің спортқа қызығушылығын қазіргі Қазақстан таэквондо GTF федерациясының президенті Қален Сұлтанғазин оятыпты. Ол Павлодарда біраз жылдар таэквондо бапкері болғаны мәлім. Жанның бойындағы отты байқаған шебер оны баулып, жарыстарға апара бастаған.
– Жан – жалғыз ұлымнан туған бес немеремнің үлкені. Кішкентайынан менің жанымда өсті. Еркелеу еді, спортқа барып тәртіпті, жинақы бола түскенін көріп мәз болдық. Қазір қаладағы «Прайд» клубында жаттығып жүр. Алда Теміртауда өтетін Қазақстан чемпионаты, одан соң Шотландияда болатын әлем біріншілігі тұр. Осы жарыстарға қатысып, бағын сынайтын ойы бар. Немерем осы уақытқа дейін бірнеше әлем кубогіне, чемпионаттарына қатысып, жүлдемен оралды. Барлық бәсекелерден жиыны 60-тан астам медаль әкелді, –дейді әжесі.
Бүгінге дейін жеткен жетістіктері баршылық. Мәселен, 2018 жылы Армения елінде өткен жарыста Еуропа кубогінің күміс жүлдегері, 2022 жылы Кипр Республикасындағы біріншілікте Еуразия кубогін иеленсе, сол жылы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды. Ресей елдерінде өткен ашық чемпионаттарда қарсылас шақ келтірмеді. Бүгінде бұл спорт түрінен қара белбеудің иесі және спорт шеберлігіне кандидат.
«Тұңғышымыз – отбасымыздың мақтанышы! Ал спорт кез келген адамның денінің саулығы үшін қажет. Немеремнің спортқа қызығушылығы жоғары болғанына қуанамын. Қазіргі таңда таэквондоға үзбей барып жүр. Жарыстарда жетістікке жетіп, абыройы асқақтап жатса, онда біздің мерейіміздің тасығаны», деп қосты Бақтылы Алтыбасарова.
Жан Шынғожа спортпен қоса оқуды да қатар алып жүр. Ұстаздары оқу үлгерімі жақсы екенін жеткізді.
ПАВЛОДАР