
– Сауда-экономикалық байланысты тереңдету – басты басымдық. Әлемнің негізгі экономикалық полюстері арасындағы тарифтік қақтығыстың салдары барлық ел үшін ауыр болуы мүмкін. Мұндай жағдайда бұрын жолға қойылған сауда-экономикалық байланыстарды сақтап қалумен бірге, оны нығайтуға күш салу да өте маңызды. Біздің ойымызша, бірлескен жобаларды іске қосуға, ең алдымен, қосылған құны жоғары өнім шығару есебінен тауарлардың түрін көбейтуге баса мән беруге болады. Мәселен, Қазақстан Италияға жалпы құны 1 миллиард долларға жуықтайтын тауардың 100-ден аса түрі бойынша экспорт көлемін арттыруға дайын. Бұл ретте металлургия, машина жасау, мұнай-химия өнеркәсібі және басқа да өнімдер туралы сөз болып отыр, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері Еуропаға өздерінің агроөнеркәсіп өнімдерін жеткізуде мол әлеуетке ие деп санайды. Бұдан бөлек, сауда үйлері мен логистикалық орталықтардың ашылуы елдер арасындағы сауда-саттыққа тың серпін береді. Осы орайда, Қазақстан Президенті Алматыда Италия сауда үйін ашуды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Италия серіктестігінің локомотиві саналатын энергетика саласындағы ынтымақтастықты тағы бір өзекті міндет ретінде атады.
– Еліміз Еуропа Одағына мұнай экспорттаушы мемлекеттердің алғашқы үштігіне кіреді. Былтыр Қазақстаннан Италия нарығына жеткен мұнай көлемі 30 миллион тоннадан асты. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 27 пайызға артық. Қажет болған жағдайда оның көлемін арттыруға дайынбыз. Сонымен қатар болашағымыз баламалы энергия көздеріне байланысты болмақ. Бұл қазірдің өзінде анық байқалады. Төмен көміртекті экономикаға жүйелі түрде көшу – Қазақстан басымдықтарының бірі. Италиялық серіктестерімізбен бірлесіп, еліміздің бірқатар өңірінде жел мен күн электр станцияларын салып жатырмыз. Аталған жобалар үшін ризашылығымызды білдіреміз, – деді Президент.