Үкімет • 30 Мамыр, 2025

Инклюзивті қоғам құрудағы маңызды қадам

90 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, онда сенаторлар қаржы нарығын дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері туралы заңды қарады.

Инклюзивті қоғам құрудағы маңызды қадам

Тұтынушылар құқығын қорғайды

Алдымен депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қыз­меттерді тұтынушылардың құқық­тарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заңды екі оқылымда қарады. Сенаторлар атап өткен­дей, заң нормалары қаржы сек­торындағы рұқсат беру рәсім­дерін оңтайландыруға, қар­жыға қолжетімділікті арт­тыруға, алаяқтыққа қарсы іс-қи­мылға, қаржы қызметтері мен байланыс қызметтерінде тұ­тыну­шылардың құқықтарын қор­­ғауға және азаматтардың банкроттық рәсімдерін жетіл­діруге бағытталған.

«Қаралған заң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру мақсатымен әзірленген. Құжат еліміздің қаржы секторының құқықтық реттелуін кешенді түрде жетіл­діруге арналған ауқымды түзе­тулер топтамасын қамти­ды. Бұл түзетулер банк секторындағы бәсекелестікті арттыруды және құнды қағаздар мен сақтандыру нарықтарын одан әрі дамытуды көздейді. Сондай-ақ елімізге шетелдік банктерді тарту үшін рұқсат беру талаптары оңтайландырылды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғауды және алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейтуді көз­дейтін нормалар да қарас­тырылды. Заңды қарау барысында сенаторлар азамат­тардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және заң нормаларын жетілдіруге арналған ұсыныстарын да берді», деді Сенат төрағасы.

Жалпы, осы заң арқылы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін банктер, микроқаржы және сақтандыру ұйымдары әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға қызмет көрсету стандарттарын енгізуге міндеттеледі. Бұл – инклюзивті және әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қорғау жөніндегі нормалар да ай­рықша мәнге ие. Банктер мен микроқаржы ұйымдары төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге және халықтың әлеуметтік осал топтарына қарыздар бойынша кейінге қалдыруды ұсынуға тиіс. Сондай-ақ қарыздарын мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбы жойылады. Ал мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қарыз ала алмайды. Мұндай алдын алу шарасы армиядағы жарғылық емес қатынастарды одан әрі жоюды көздейді.

Сонымен қатар заң алаяқ­тыққа қарсы күресті күшейтуге ықпал етуге тиіс. Енді ірі көлем­де кепілсіз несиелер алуға жүгін­ген азаматтар бөлімшеге келіп, жеке қатысуы қажет. Ал кей жағдайларда eGov порталы арқылы растау талап етіледі. Банктер күдікті операцияларды тоқтату үшін көбірек өкілеттіктерге ие болады. Теле­фон алаяқтығымен күресуге де ерекше мән беріліп отыр. Бір адамға 10-нан аспайтын ұялы нөмірді тіркеуге рұқсат беру, сондай-ақ арнайы жабдықты, мысалы, SIM-бокстарды лицензиясыз әкелуге және пайдалануға тыйым салу ұсынылды.

Осылайша, сенаторлар заңды концептуалды түрде қолдап, оған бірқатар түзету енгізді. Нақты айтқанда, мемле­кеттік органдар мен кредит­тік бюролардың ақпарат­тық жүйелері арасында мерзімді әскери қызметке шақыру туралы ақпарат алмасуға қатысты өзгерістер бар. Одан бөлек, депутаттар банк құпиясы мен микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа заңсыз қол жеткізудің салдарын жою жөнінде шаралар қабыл­дау мерзімдерін нақ­ты­лау­ды ұсынды. Сенаторлар ұсын­­ған түзетулер шең­берін­­де Ұлттық банктің А­нти­фрод-орталығының дерек­қор­ларын ұялы байланыс операторларының базаларымен интеграциялау рег­ламенттеледі, алмасуға жататын мәліметтердің тізбесі нақты­ланады және алаяқтық белгілері бар қоңырау анық­талған жағдайда ұялы байланыс операторларының іс-әре­кеттері айқындалады. Осыған байланысты отырыста сенаторлар енгізген түзетулермен заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.

 

Ветеринария саласындағы кемшіліктер

Палата отырысында депу­таттық сауалдар да жолданды. Сенатор Ернұр Әйткенов Премьер-министрдің атына жолдаған өзінің депутаттық сауалында еліміздегі ветеринария қызметінің жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, салаға шұғыл әрі жүйелі шешімдер қажеттігін атап өтті.

Ол ветеринарияның тиім­ділігі азық-түлік қауіп­сіздігіне, халық­тың денсаулығы мен агро­өнеркәсіп кешенінің тұрақ­тылығына тікелей әсер ететінін жеткізді. Вакцина мен мал құлағына салынатын белгілерді жеткізудің ұдайы кешігуі шешілмейтін проблеманың бірі болып келеді. Ол малды есепке алу мен бақылау тәртібін, алдын алу мен дәрі егу мерзімін бұзады, иммундық қорғаныс­ты әлсіретеді және қауіпті инфекцияның таралу қаупін арттырады.

Сенатор бруцеллезге қар­сы вакциналауға ерекше назар аударды. Вакцина көбінесе мал иесі есебінен сатып алынады, шығу тегі, сапасы мен тіркелуі­не бақылау жасалмайды, сон­дай-ақ тиімділік мониторингі жүргізілмейді. Бұл иммундау тиімділігін төмендетеді және орталықтандырылған есепке алудың болмауына әкеледі.

«Бруцеллездің малға таралуы айқын эпидемиялық ахуалға, адамдардың ауруына ықпал етеді, бұл мүгедектікке әкелетін емделуі қиын ауру. Ауру мал мен оның өнімі – адамдарға жұғудың негізгі көзі. Кейінгі үш жылда елімізге 2 мыңға жуық адам бруцеллез ауруына шалдықты. Санитар­­лық мақсатта сойылғаннан кейін­гі сатылған етке бақылау­дың болмауы қауіпті күшей­те­ді. Қолданыстағы тәртіпке сәй­кес, ет ПТР талдауының нәти­жесін алғанға дейін сатылым­ға шығып кетуі мүмкін. Фер­мерлік қауымдастықтар мұн­дай етті делдалдар арқылы сатып жіберу жағдайы болатынын растайды, бұл санитарлық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді», деді Е.Әйткенов.

Сенатор сонымен қатар ауылдық жерлерде ветерина­рия инфрақұрылымы жетіс­пейтінін атап өтті. 2 100-ден аса ауылдық округтің тек 30%-ында ветеринарлық бекет бар, олар­дың көпшілігі нашар жабдық­тал­ған. Тіркелген 1 164 сою алаңы­ның тек 497-сі ғана жұмыс істейді. Бұл фермерлерді ветеринарлық бақылаусыз және санитарлық нормаларды бұза отырып малды аулада союға мәжбүр етеді. Материалдық-техникалық база ескірген, жабдық пен көлік 2013 жылдан бері жаңартыл­маған, бұл жұмыстың тиімділігін төмендетеді.

«Вакцина мен мал құлағына салынатын белгіні орталықтандырып сатуды ұйымдастыруды, сондай-ақ бруцеллезге қарсы вакцинаны сатып алуды қаржыландыруды қамтамасыз етуді ұсынамыз. Бруцеллезге қарсы вакцинацияны бақылаудың ғылыми негізделген тұжырымдамасы мен тәртібін әзірлеу қажет. Етті ПТР-талдау нәтижесін алғанға дейін сатуға тыйым салуды енгізе отырып, санитарлық сою тәртібін жаңарту, сондай-ақ мәжбүрлі союдан кейін ет қоз­ғалысын бақылауды күшейту қажет», деді сенатор.

Сонымен қатар отырыс барысында сенатор Мұрат Қадыр­бек отандық мақта өсіру­­шілер тап болған пробле­маларға назар аударып, бұл салада әділ бәсеке­лестікті қамта­масыз ету мен барлық тараптың құқықтарын қорғауды көздей­тін бірқатар нақты шараны атап өтті.

Депутат Талғат Жүнісов оқушылардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға кедергі келтіретін жүйелі мәсе­лелерге тоқталып, осыған байланысты өз ұсыныстарын жеткізді.

Ал сенатор Амангелді Толамисов Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттеріне тамаққа өтемақы төлеуді тоқтатуға қарсы бол­ды. Депутаттың айтуынша, мұн­дай жағдай халықтың әлеумет­тік осал топтарына жататын отбасылардың қыздары үшін айтарлықтай салдарын тигізуі мүмкін.