
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ху Хэпин, ҚХР Ұлт істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Го Вэйпин, ҚХР Шетел әдебиетін басып шығару және тарату жөніндегі бас басқармасының жетекшісі Ду Чжаньюань, сондай-ақ ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Хан Чуньлинь қатысты.
Алғаш болып сөз алған ҚКП Орталық комитеті үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ху Хэпин қазақ тілінде жарық көрген Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» атты кітабы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды тереңдете түсетініне, Қытай мен Қазақстан ынтымақтастығын одан әрі арттырып, өзара тәжірибе алмасуға септігін тигізетініне, мемлекеттердің бірлескен стратегияларына тың серпіліс беретініне тоқталды.
Ал Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің ел басқару философиясы, ішкі және сыртқы саясатқа көзқарасы, сондай-ақ Қытайдың экономикалық және әлеуметтік даму стратегияларын қамтитын «Ел басқару жөнінде» атты көлемді еңбегінің мән-маңызына кеңірек тоқталды.
«Бұл кітап – Қытай мемлекетінің саяси бағыт-бағдарын, ұлттық бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ұстанымдарын, сондай-ақ ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарын түсінуге ұмтылатын қазақ оқырмандары үшін құнды дереккөз болмақ. Сонымен қатар туынды – Қытайдың халықаралық аренадағы ұстанымдары мен рөлін саралауға мүмкіндік беретін маңызды еңбек», деді А.Балаева.
Сондай-ақ министр Қытай Қазақстан үшін сенімді дос, одақтас әрі стратегиялық серіктес екеніне, екі ел арасындағы ғасырлар бойғы достық, өзара құрмет пен сенімге негізделген ынтымақтастық алдағы уақытта табысты дами беретініне тоқталды.
«Мемлекеттеріміздің басшылары арасындағы өзара түсіністік пен жоғары деңгейдегі сенім – екіжақты қарым-қатынастардың нығаюына зор ықпал етіп келеді. Сондықтан да Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестігіміз – экономикалық даму, өңірлік қауіпсіздік пен мәдени-гуманитарлық саладағы тығыз байланыстардың берік іргетасы боларына сенеміз», деді министр.
Тұсаукесерде сөз сөйлеген дипломаттар Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» кітабының саясаттанушылар, халықаралық қатынастар саласының мамандары, қытай тілін, мәдениеті мен қоғамдық құрылымын зерттеушілер үшін аса маңызды еңбек екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл кітап сарапшылар мен зерттеушілер, іскер орта мен кәсіпкерлер қауымдастығы үшін Қытай экономикасының тетіктерін, оның жұмыс істеу қағидатын білуге, инвестиция үшін жаңа идеялар мен жаңа бизнес-жоспарларды тудыруға көмектесетіні айтылды.